Кеншілер қаласында болашақ өнерпаздарға арналған “Алтын домбыра” үйірмесі бар. Онда екі жүзге жуық оқушы мемлекеттік “Art Sport” бағдарламасының арқасында тегін домбыра үйреніп жүр. Президенттің қолдауымен Үкімет тарапынан қаржыландырылатын жоба – балалар үшін таптырмас мүмкіндік.
Үйірменің ашылғанына бір жылдан асты. Бүгінде үш топқа үш мұғалім сабақ береді. Әр мұғалімде бір-бір ансамбльден бар. Жетекшілері Берік Қозыловтың айтуынша, шәкірттерінің домбыра үйренуге деген ынтасы жоғары.
– Домбыра үйірмесіне Рудныйдағы барлық мектептен оқушылар келіп қатысады. Арасында өзге ұлт өкілдері бар. Балалар алты жастан бастап қабылданады. Менің тобымда 10 жастан асқан балалар дайындалады. Өз беттерімен домбыра шертуді біліп келгендері де болды. Оларға бағыт-бағдар көрсетіп отырамыз. Бізде тыңдау қабілеті бойынша үйренеді. Алғашында жеңіл күйлерден бастаймыз. Қазір Сүгірдің “Ыңғай төк”, Дәулеткерейдің “Көроғлы” және Нұрғиса Тілендиевтің “Әлқисса” күйлерін үйреніп жатыр. Күйді толық меңгеріп шыққан шәкірттер ансамбльде ойнайды. Менің тобымда 60 бала бар, оның 20-шақтысы студия ішінен ашылған “Дала үні” ансамбльінде домбырашы, – дейді Берік Қозылов.
Домбыра студиясына келуге кезекке тұрғандардың да қарасы қалың екен. Орын босай қалса, кезекпен келесі бала үйірмеге қабылданады. Ұстаздары Берік Қозылов алдағы уақытта ән үйірмесін ашуды жоспарлап отыр.
– Қазақтың салт-дәстүрін жан-жақты дамытқымыз келеді. Аспаптар сапалы. Келушілер арасында дауысы бар шәкірттер бар. Жеке орындаушылық қырын жетілдіріп, домбырамен ән салуды үйреткім келеді. Қалаішілік концерттерде өнер көрсетіп жүр. Домбыра күніне арналған ауқымды іс-шараға атсалыстық. Келер жылдан бастап ауқымды байқауларда бақ сынауды жоспарлап отырмыз, – дейді жетекшілері Б.Қозылов.
Аяжан Есімова Рудный қаласындағы №13 мектептің 9 сынып оқушысы. Бір өзі үш аспапты меңгерген. Үйірме ашылғаннан бері қатысып келеді.
– Домбыра, қобыз және пианинода ойнаймын. Өнерге бала күнімнен қызығушылығым болды. Берік Серікұлы мені осы жолда баулыған ағайым. Ол кісіге алғыс айтамын. Қазір “Ыңғай төк”, “Келіншек” және “Көроғлы” күйлерін білемін, ал “Ерке сылқым” күйін енді үйреніп жатырмыз. Болашағымды өнер жолымен байланыстырсам деймін, – дейді А.Есімова.
Бүгінде студияда Берік Қозыловтың шәкірті Дарина Қазыгелді өзі де ұстаздық етіп жүр. Ол атасынан домбыра шертуді меңгергенін айтады. Өзге топқа сабақ беріп жүр.
– Берік Серікұлы менің ұстазым. Мектеп кезінде көптеген мәндени іс-шараларға қатыстырды. Бүгінде ұстазымнан үйренгенімді шәкірттеріме үйретіп жатырмын. Тобымда 50-дей бала бар, оның 30-ы ансамльде ойнады. Шәкірттерім “Адай”, “Ерке сылқым”, “Көроғлы”, “Тойбастар”, “Келіншек” және “Көш керуен” күйлерін еркін тартады, – дейді Д.Қазыгелді.
Ерасыл Байметов үйірмеге әкесінің кеңесімен келген. Басында аса қызығушылық болмағанымен, кейін күй үйренуге деген құлшынысы артқанын айтады.
– Үйірме ашылған тұста әкем алып келді. Басында әкемнің көңілін қалдырмайын дедім. Кейін сабақтарға қатыса келе өзімнің де ынтам ашылды. Қазір әр сабаққа қатысуға асығып отырамын. “Ақсақ құлан”, “Адай”, “Ерке сылқым”, “Балбырауын” күйлерін білемін, – дейді Е.Байметов.
Мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру платформасындағы дерекке сүйенсек, шығармашылық тапсырыс саласындағы Қостанай облысының бюджеті 1 млрд 350 млн теңге.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретерді түсірген Б.Мейрамұлы