22 июня, 2025
«Алтайдан Оралға»: еліміздің кең байтақ даласында велошеру

«Алтайдан Оралға»: еліміздің кең байтақ даласында велошеру

28 мамырда елімізде ерекше форматтағы спорттық іс-шара – «Алтайдан Оралға» атты республикалық велошеру басталды. Бұл бастама 2025 жыл — Жұмысшы мамандықтар жылы аясында ұйымдастырылып отыр. Шерудің басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу ғана емес, сондай-ақ еңбек адамдарының мәртебесін арттырып, олардың еңбегін дәріптеу.

Велошерудің бағыты мен ерекшелігі де баршылық. Өскемен қаласынан бастау алып, еліміздің бірнеше облысын аралап келе жатыр. Қатысушылар 8 маусымда Орал қаласына жетуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Абай, Павлодар, Ақмола облыстары мен Астана қаласын жүріп өткен. Енді  Қостанай облысының Рудный – Лисаков – Денисов – Қамысты аудан-қалалары арқылы жүріп, Ақтөбе облысына жол тартады.

Бұл сапар жай ғана спорттық іс-шара емес – әр аялдамада қатысушылар кәсіпорындар мен колледждерге кіріп, жастармен жүздесіп, еңбекке баулу мен спорттың маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбітеді. Мәселен, Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінде студенттермен ашық сұхбат өткізілген.

Қатысушылар туралы айтсақ, бұл велошеруге Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әуесқой спортшылар қатысуда. Олардың арасында тәжірибелі спортшылар да, жас мамандар мен студенттер де бар.

Оларға велоспорт жаттықтырушысы Денис Голцман жол бастап барады.

– Бұл велошеру жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын көрсетуге бағытталған. Жол бойы әр облыста жастармен кездесіп, өндіріс орындарына бас сұғамыз. Ауа райының қиындықтарына қарамастан жолды жалғастырып келеміз. Бұл – еліміздің кеңдігін, табиғат байлығын сезінудің ерекше жолы, – дейді жаттықтырушы.

Шерушілердің ең үлкені Виктор Мальков74 жаста. Павлодар қаласының тұрғыны жуырда Азия чемпионатының күміс жүлдегері болыпты.

– Велоспортқа 16 жасымда келдім. Міне, алпыс жылға жуық уақыт өтті. Негізгі мамандығым — құрылысшы, алюминий зауытында шебер, кейін жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Осындай іс-шараға қатысу – өмірімдегі үлкен оқиға. Қиындықтарға қарамастан жолдастарыммен бірге болу – үлкен шабыт сыйлайды, – дейді спортшы.

Астана қаласында тұратын Дулат Иманғазы – бұлардың арасындағы жалғыз марафоншы. Мұғалім, жаттықтырушы кәсібін өмір бойы серік етіп келе жатқан жан. Бұл жерлер оған бұрыннан таныс екенін айтып жатыр.

– Бұл велошеру – мен үшін таныс жерлермен қайта қауышуды жазып отыр. Бұған дейін Астанадан Меккеге жаяу барып келгенімде дәл осы өңірден өткен едім. Халықтың жылы қабылдауы ерекше әсер қалдырды, – дейді бесаспап иесі.

Сағадат Сіргебаев та велоспорттан құр алақан емес. Спорт шебері атағын ертеректе қорғап алған. Өзі осы саладан табан аудармаған көрінеді.

– Бұл — мен үшін үлкен тәжірибе. Велотректе жұмыс істеймін, кәсіби спортшы ретінде бұл сапар менің шыдамдылығым мен рухымды шыңдайды. Жалпы екі мың шақырымнан астам жол жүреміз. Бұл – тек спорт емес, елімізді, оның табиғатын тану, халықпен байланыс орнату, – дейді спорт шебері.

Халықтың қолдауы мен шабыт осылайша үйлесім тауып жатқан жайы бар. Велошеруге қатысушылар жүрген әр ауылда, әр қалада халықтың ерекше ықыласына бөленіп жатыр. Көпсалалы колледждерге, кәсіпорындарға арнайы барып, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу басты назарда.Бұл тек велошеру ғана емес — ұлттың еңбекке деген құрметі мен салауатты өмір салтына ұмтылысының көрінісі болып қалыптаспақ.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суретке түсірген Жансая Сәбитбек