ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің үздік сауықтыру орталықтарына Аманкелді, Жанкелдин аудандары мен Арқалық қалаларынан 60 бала жіберуге тапсырма берді. Осылайша, облыстың оңтүстік өңірлеріндегі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары орталықтарда демалатын болды.
«Біздің балалар 20 күн бойы жақсы демалып, сауықтырылып, оқудан да қол үзбей, ойын-сауық бағдарламаларына қатыса алады. Балаларға арналған жолдамалар мен жол жүру ақысыз болады. Оқу процесі сапалы ұйымдастырыла отырып, балалардың демалысына, құқықтарын толық қорғауға ерекше назар аударылатын болады», – делінеді облыстық Білім басқармасының баспасөз қызметі хабарламасында.
Павлодар облысының “Жас дәурен” лагері 9 сәуірден бастап Қостанай облысынан 50 баланы қабылдайды, тағы 10 бала Алматыдағы “Бөбек” республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады.