Соңғы жылдары жасанды интеллекттің қарқынды дамуы БАқ жұмысына да қатты әсер етті. Контент дайындауда журналистер қауымы жиі жүгінетін жасанды интеллекттің медиаға қандай көмегі бар?
VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумындағы «Жаңа дәуір шындығы: БАҚ-тағы жасанды интеллект» тақырыбындағы отырыста «AI ассистент: БАҚ-қа арналған автоматтандырылған жүйе» тақырыбына баяндама жасайтын Мадина Мансұрова журналистердің жүгін жеңілдетуге септігін тигізетін дүниелер жайлы айтады.
Мадина Есімханқызы Мансурова – профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі. 30 жылдан астам уақыт бойы ақпараттық технологиялар, деректерді өңдеу және жасанды интеллект саласында ғылыми-зерттеу және оқыту жұмыстарымен айналысып келеді.
Ол бірнеше іріғылыми жобалардың жетекшісі ретінде жоғары өнімді ақпараттық-аналитикалық жүйелерді, білім беру және медициналық мониторинг жүйелерін дамытуда еңбек етті.
Мадина Есімханқызы 100-ден аса ғылыми мақала мен кітаптардың, оның ішінде бірнеше монография мен оқу құралдарының авторы. Оның еңбектері бірнеше мемлекеттік гранттармен және марапаттармен бағаланды: «Үздік жоғары оқуорны оқытушысы» мемлекеттік гранттары, «Ерен еңбегі үшін» медалі және ҚР жоғары білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс хат.
Ғылыми қызметі жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға елеулі үлес қосып, білім беру және зерттеу саласында көшбасшы ретінде танылды.
VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиафорумы — Түркітілдес журналистер қоры мен Қазақстан Әйел журналистер клубы “Шеврон” компаниясымен серіктестікте өткізетін шара.
Форумға Қазақстан, Орталық Азия, Түркия, Еуропа елдерінен БАҚ басшылары, журналистер, депутаттар, медиа саласындағы ҮЕҰ басшылары, PR менеджерлер, баспасөз хатшылары, журналистика факультетінің мұғалімдері мен студенттері, Қоғам қайраткерлері қатысады.
