Бұл жолы Аманкелді ауданының атынан күрескен балуан Жанкелдин ауданынан келген Ерғанат Ырыздықтан айласын асырды.
Алайда Алмас бірінші айналымдағы қарсыласы Бекзат Салауатпен болған кездесудің ауыр болғанын айтады.
Бекзат былтырғы “Қостанай қыранында” жүлделі болған еді.
“Бекзатпен жекпе-жектің аяғына дейін күресуге тура келді. Белдесу сәтінде төрешілер жеңісті маған берді”, – дейді Алмас Жұмағали.
Келесі айналымда тоқсан келіде қарсылас шыдатпаған Аслан Сағитбекті жеңді.
Жүзден жоғары салмақта да чемпион атанған Алмас осылайша жарыстың түйебалуаны атанды. Биыл да “Қазақстан барысы” турнирінде бағын сынағысы келіп отыр.
Жүз келі салмақта қарсыластарынан басым түскен Тоқтар Жиентаевтың да түйебалуанда жолы болмады.
Алғашқы айналымды Аслан Сағитбекпен өткізіп, ұпай санымен ұтылды. Бұл сында өнер көрсетпесе де 74 келіде белдескен Талғат Кеңесовтің өнерін ерекше атап өткенді жөн көріп отырмыз.
Ерекше техникасымен боз кілемде ойнақтаған Талғат жеңімпаз атанды. Талғат бұл өнерін шәкірттерінен дарытып жүрген бапкер ретінде де танымал. Жуырда төрт бірдей тәрбиеленушісі алыстан алтынмен оралды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Советханұлы да атап өтті.
“Біздің өңірде күрес өнері жылдан жылға дамып келе жатыр. Спортшыларымыз биылдың өзінде халықаралық додаларды бағындырып үлгерді. Әсіресе, Қостанай ауданының төрт бірдей балуаны бір турнирде алтыннан алқа таққанын айтпай кетуге болмайды”, – деді басқармасының басшысы жарыстың ашылу салтанатында.
Бұл бәсекеде әр салмақ бойынша Әділ Асанхан, Саят Оңайбек, Мәлік Тасболатовтардың да асығы алшысынан түсті.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді ұсынған Жастар ресурстық орталығы