Алғашқы көштің легі Жітіқара жеріне қоныс аударған

Алғашқы көштің легі Жітіқара жеріне қоныс аударған

Қазақ көші тоқтамасын! Бұл мәселе газетіміздің назарынан тысқары қалған емес. Осыдан ай жарым уақыт бұрын Рудныйға келіп, бірнеше ай бойы квота ала алмай жүрген қандастар мәселесін көтерген едік («Қостанай таңы» №48, 3 мамыр, 2024 жыл).

Мәселе біртіндеп шешімін тауып жатыр. Жергілікті билік кеншілер қаласына келіп, мемлекет белгілеген квотаға іліге алмағандарға Жітіқара, Қамысты, Денисов, Бейімбет Майлин аудандарына баруды ұсынған болатын. Рудныйдан көшкен қандастардың алғашқы легі Жітіқара ауданына келіп орнықты. Біз де оларға құтты болсын айта бардық. Отыз бес жастағы Дулат Қозбағаров өткен жылдың жаз айында Өзбекстаннан отбасымен қоныс аударған екен.

Енді міне, Жітіқара ауданы тарапынан ұтқырлық сертификатына, яғни, 4 млн теңгеге дейін берілетін квота қаражатына үш бөлмелі пәтер алып, жаңа мекенге қоныстанып жатыр.

“Көшіп келгенімізге үшінші күн болды. Мәселеміздің оңтайлы шешілгеніне қуаныштымыз. Әзірге бейімделіп жатырмыз. Отбасымды көшіріп әкелдім. Төрт балам бар. Екі балам балабақша жасында, екеуі мектепте оқиды. Енді құжаттарды өткізіп, балаларды орналастырып, жұмысқа шығуға қамданып отырмын. Бұрын Өзбекстанда ауылдағы шаруашылықта төрт түліктің төресі – түйе бақтым. Жұбайым медицина қызметкері. Жанұзақ Бейсенәлі есімді кәсіпкер азамат өз шаруашылығына жұмысқа аламын деп отыр. Ата-анамыз осында бірге келді”, – дейді ол.

Дулаттың ата-анасы да бөлек отырғысы келеді, билік тарапынан баспана алуға квота бөлінсе деген ойларын айтып қалды.

Қозбағаровтармен бірге көшіп барған тағы бір отбасы – Наурызхан мен Сәндігүл Дөңесбаевтар.

Былтыр тамыз айында Өзбекстаннан Рудныйға қоныс аударған олар Жітіқара ауданы орталығынан жайлы үш бөлмелі пәтер алыпты. Біз барған уақытта жанұя жаңадан көшіп келіп, енді орнығып жатыр екен.

“Өзбекстанда жеке шаруашылықта жүргізуші болып жұмыс істедім. Жанұзақ Бейсенәлі ағамды тауып жатырмын. Сол кісінің шаруашылығына жұмысқа жүргізуші болып тұрмақшымын. Алдына келіп, бір жетідей жұмыс істеп, танысып кеттім. Жүргізуші куәлігі бар, енді оны ауыстыру қажет. Үш балам бар. Біреуі сегізінші сыныпқа, біреуі тоғызыншы сыныпқа көшті, біреуі кішкентай”, – дейді Наурызхан.

Жұбайы Сәндігүл бала күтімімен үй шаруасында отыр. Баспана алып, құжаттар реттелген Дөңесбаевтар отбасы көңілдері жайланғанын айтады.

“Азаматтыққа құжаттарымызды тапсырып жатырмыз. Жітіқара елі жылы қарсы алды. Көршілеріміз де тамаша адамдар екен. Осында көшіп келген жерлестерімізбен танысып алдық. Көшіп келгенімізге бір реттік жан басына берілетін 258 мың теңгені қолымызға тиді. Ал баспана алуға арқылы 4 млн теңгенің ұтқырлық сертификаты түсті. Бұл үлкен көмек. Соның арқасында баспаналы болдық. Енді ештеңеге уайымдамай, құжаттарды реттеп алғаннан кейін жұмысқа шығамын”, – дейді Наурызхан Дөңесбаев.

Белгілі кәсіпкер Жанұзақ Бейсенәлі де келген қандас бауырларға бей-жай қарамай, қолтығының астына алып жұмыс беруге әзір.

“Бұған дейін де Қарақалпақстаннан екі азамат келді. Қазір алты отбасы. Үйренісіп кетіп жатыр. Көбісі орыс тілін білмегендіктен, жергілікті жұртшылықпен тіл табыса алмай жатыр. Адами қарым-қатынас, жылы қабақ танытып, барынша көмек көрсетіп отырсақ, бұл азаматтар үйренісіп кетеді. Қазір менің шаруашылығыма жүк көлігіне жүргізуші керек. Келген ағайындар техника тілін меңгермепті. Соған үйрету керек. Жайлап-жайлап көрсетесің. Әйел-баласы болса, менде наубайхана бар. Бәріне жұмыс тауып беремін. Баспанаға үкімет ақшасын беріп жатыр. Кезінде Қызылордадан 4 отбасы көшірдім. Оларға мына сияқты ақша бөлген жоқ. Шаруашылық есебінен олардың бәріне үй сатып алуға көмектестім. Айлықтарынан бөліп төлеп, екі жылда өтеп берді. Олар әбден тұрақтап қалды, әлі күнге дейін осында жұмыс істеп жүр. Бұл азаматтар бала-шағаның қамы деп арманмен келіп отыр, ал біз 40-45 адамды асыраймыз деп ойға-қырға шапқылаумен жүрміз. Сондықтан «алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейді, жұдырықтай жұмылып, бірге еңбек етеміз. Қолдау көрсетемін. Үй алып алдым, енді басқа жерде жұмыс істеймін деген болмайды. Тас түскен жеріне ауыр, өзінің пысық екенін көрсете білген қай-қайсысы да әлі үйренеді, еңбек етіп, ортамызға сіңісіп кетеді”, – дейді Жанұзақ Бейсенәлі.

Жітіқара аудандық мансап орталығының жетекшісі Гүлнар Келеманова бүгінгі күні 10 отбасы өңірлік квотаға енгізілгенін айтады.

Олардың барлығына да көшу шығыны, ал төрт отбасыға ұтқырлық сертификаты берілген.
Облыстық еңбек мобильділігі орталығы басшысының орынбасары Ерлан Мушаевтың айтуынша, аймақ әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалидың төрағалығымен қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасын енгізу жөнінде комиссия құрылған. Бұл қадам қоныс аударушыларды қолдауға облыстың өңірлерін дамытуға бағытталып отыр.

“Денисов, Қамысты және Ұзынкөл аудандары көшіп келушілерді отбасыларды қабылдап, жұмысқа орналастырып, материалдық көмекпен қамтамасыз етуге әзір. Сәуір және мамыр айларында Рудный қаласынан басқа аудандарға қоныс аударған отбасылар саны – 34. Көш әлі де жалғасады. қандастар Қостанай, Жітіқара аудандарына барып орнығып жатыр. Рудныйдағы манап орталығы көлік беріп, көмек көрсетті”, – дейді Ерлан Мушаев.

Айта кету керек, қандастар мәселесін жиі көтеріп жүргеннен кейін тағы бір түйткілді мәселе бар. Облысқа көшіп келіп жатқан қандастарды бейімдейтін орталық керек. Яғни, ата жұртты аңсап келгендердің құжаттары тек бір жерде аудармасы жасалып, заңдық көмек көрсетіліп, кеңестер беріліп, бәрі жүйеге көшсе дейміз. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ,

Әйгерім Мұратбек

Суреттерді түсірген – Бағдат АХМЕТБЕКОВ

Жітіқара ауданы

Жаңалықтармен бөлісу