«Қостанай таңында» жаңа жоба! Бұл айдарымызда қоғамда ойын ашық айтып жүрген белсенді азаматтардың, депутаттардың, қайраткерлердің, түрлі салада озық көрінген майталман мамандардың сұхбаттары, пікірлері жарияланып тұрады.
«Ашық әңгіменің» алғашқы қонағы – «ТоболИнфо» ақпарат агенттігінің редакторы, «Qostanai Media» директорлар кеңесінің мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Александра Серғазинова.
– Александра Қабдоллақызы, сізді әріптес ретінде көптен білемін. Биыл облыстық мәслихаттың депутаты болып сайландыңыз. Әлбетте, жұмысы да оңай болмаса керек.
– Қай деңгейдегі депутат болсын, оның көтерер жүгі қашанда ауыр. Мәселен, біз бюджеттің орындалуын жіті қадағалаймыз. Қайткенде, қаржы өз орнымен жұмсалуы керек. Оны ә дегенше өте шығатын бір реттік шараларға, түрлі мерекеге ақша бөлуден гөрі халыққа пайдалы іске жаратса, игілік сол. Қазір біз келесі жылдың бюджетін қарап жатырмыз. Келіспейтін тұстары бар. Соған байланысты мен бірнеше сын-ескертпе айттым. Өйткені, ЖҚҚ (жобалық-құндық құжаттары – автор) басым бөлігі ескіріп кеткен. Ал, оларға қомақты қаржы жұмсалады. Біз 12 ЖҚҚ-ты қайта қарадық. Олардың 70% -і жарамсыз. Яғни, нақты жоспарлау детальдары кемшін. Бүгін қандайда бір ЖҚҚ-ға қаржы қарастырылса, ол ақша үш жылдың ішінде діттеген жеріне жетті ме, соны білу маңызды. Облыс әкімінің орынбасары “қаражат бөлінетін кезде жобалық-құндық құжаттарымыз дайын болмай қалса, қайтеміз?” – дегенді айтады. Бәрібір, жоспар дәл әрі анық болғаны дұрыс. Бұл бір. Екіншіден, бізге келген әкімдер де бірінің бастаған ісін жалғастырып әкету деген жоқ. Әрқайсысы өзінше әрекет етеді. Оның арты бюджет қаржысының желге ұшуымен тынады. Әкімдер, басқарма басшылары келеді, кетеді. Ал қолға алынған дүниесі сол күйі ұмыт болады. Есіңізде шығар, Садуақасов, Ахметжановтардың уақытында “Жастар” бульварын, неке қию сарайын салғызды. Оның бүгінгі жағдайын білесіз бе, ешбір сын көтермейді. Әбден қирап, бүлінген немесе Мұхамбетов-Ахметовтің басшылығы кезінде “Қостанай-плаза”, “Қонай”, “Береке” шағын аудандары бой көтерді… Ешқандай жоспарлылық жоқ. Негізі, бәрі талапқа сай атқарылуы тиіс еді. Бүгінде КСК шағын ауданында тұратын адамдар “Қостанай-плаза” жақта тұратындардан бір мысқал кем тұрмайды. Яғни, жалпылама даму жоспарын түзу керек және халыққа қызмет еткен соң әкімдер бірінің бастаған ісін жалғастырып әкеткенін қалар едім. Олар өз аттарын қалдыруды ғана ойлайды. Мен қаланың хаусқа ұшырағанына налимын. Бәрі жұмыстың соңына дейін нақты ойластырылмағанының кесірі. Төсемтастар қирап, шашылып жатыр. Өткен жылы академик К.Сағадиевке қандай тамаша ескерткіш орнатып, жан-жағын абаттандырды. “Набережный” саябағын салды. Олардың бүгінгі көрінісі ешкімді ойландырмайды. Ағып-тамып тұр. Егер халық үшін іс қыламын десе, ақша бөлмес бұрын, жобаны әбден пісіріп, түпкілікті етіп ыңғайластыруы керек емес пе! Өкінішке қарай, бәрі керісінше. Қит етсе қоғамдық кеңес шешеді дейді. Ал оның қалай құрылғанын жақсы білемін. Депутаттар корпусының да жағдайы осы тақылеттес. Сөздің шыны керек, халық қалаулысы атанып жүргендердің біразы кез келген істің байыбына бара бермейді. Әлгінде келесі жылдың бюджетін қарадық деп едім ғой, көбі оны толық оқымаған болып шықты. Бұл не сонда?
– Сіздің ойыңыз қандай?
– Мен журналиспін. Оның сыртында құқыққорғаушы деген тәрізді көптеген қоғамдық жұмысқа араласамын. Біраз жағдайға қанықпын. Мәселен, журналист болғандықтан, ең басты миссиям – сыбайлас жемқорлықты әшкерелеу, көлеңкелі экономиканы ашып көрсету. Тек қана жариялылық, ашықтық қана сондай келеңсіз жағдайлардың жолын кесе алады. Мұндай мысал өте көп. Тағы бірін айтайын, “Тобыл” футбол клубына көп қаржы бөлінеді. Демеушілері бар. Бірақ, еш нәтиже жоқ. Онда неге футбол көркем гимнастикадан немесе қазақ күресінен жоғары тұруы тиіс?! Бюджеттің ақшасы бәріне теңдей бөлінуі керек емес пе. Шетелден екінші, үшінші сортты футболшыларды әкеліп, қыруар қаржы төлейді, ал өз арамыздағы талантты спортшылар тасада қалып қояды. Қолдау аз. Соңғы кезде бұл тақырып өте көп жазылып жатқандықтан, ептеп аяқ тарта бастаған сыңайлы. Қостанайда кейінгі екі-үш жылдың бедерінде бірнеше спорт нысаны пайдалануға берілді. Соларды салар кезде халықтан сұрады ма? Сұраса, ол неге жалпыға бірдей қолжетімді емес? Былтыр ғана бой көтерген бассейн қайта жөндеуге жабылды. Түсініксіз. Депутаттар осының бәрін мұқият қадағалап отыруы керек. Мониторинг жасауға тиіс. Бұдан шығатын қорытынды, халық қалаулыларының атқарар шаруасы шаш-етектен.
– Не істемек керек?
– Депутаттар қоғамдық негізде жұмыс істейді. Олардың басқа шаруалары бар. Бәрі бірдей бастық емес қой. Демек, депутаттардың белгілі бір тобына еңбекақы төленуі керек деп есептеймін. Өйткені, нақты бір іспен айналысу өте көп уақытты алады. Ел алдында жүрген соң, шағымданушы көп. Көмегіңді қажетсінетіндер бар. Олардың арыз-талаптарын тыңдап отыруға қол тимей жатады. Сондықтан, біразы бұған самарқау қарайды. Кез келген мәселені көтеру үшін депутат алдымен құқықтық-нормативтік актіні білуі шарт. Бұл оның міндеті.
– Қоғамда орын алған көп мәселені БАҚ беттерінде ашықтан-ашық жазып жүрсіз. Бұл кейбір шенділерге ұнамайтын сияқты. Сізді сотқа беруші тараптың берекесіз ісі соның айғағы емес пе?
– Иә. мені сотқа берушілер аз емес. Бірақ, соның бірде-бірі менің кінәмді дәлелдей алған жоқ. “Тобол-инфо” да осындай келеңсіздікке жиі ұшырады. Біз мемлекеттік тапсырыстан гөрі, халыққа пайдасы көбірек тиетін іспен шұғылданамыз. Өйткені, арыз-шағым айтушы көп. Мәселен, облыстық әділет департаментінің бастығы өзіне “жала жапқаны” үшін мені сотқа берді. Ол былтыр қылмыстық істен әкімшілік іске ауыстырылды. Ақыры, сот менің жағыма шықты. Яғни, істе ешқандай жала жабу деген атымен жоқ. Әдетте, журналистер сын жазады, жариялылықты талап етеді. Бұл көбіне ұнай бермейді. Заң бұзушылықты көре тұра неге үнсіз қалуым керек?
– Александра Қабдоллақызы, ендігі мәселе тілге қатысты. Сіз ана тіліңізді қаншалықты меңгердіңіз?
– Бұл жағынан сәл кемшілігім бар. Мен Ресейдегі Свердловск облысының Ирбит ауданында туып-өстім. Сонда мектеп бітірдім. Сонда алғашқы мамандығымды игердім. Бірақ, қазақ тілін тұрмыстық деңгейде білемін. Біз тұрған жерімізде жалғыз қазақ отбасы болдық. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары Қазақстанда “бай-құлақтарды” қудалау басталғанда, менің аталарым Ресейге ауған көрінеді. Әке-шешем сонда өмірге келді. 1991 жылы Н.Назарбаевтың Жарлығымен сырттағы қазақтар елге орала бастағанда, менің әке-шешем алғашқылардың бірі болып осында қоныс аударды. Қазір ол кісілер бақилық болған. Сарыкөл ауданының Чехов ауылында біздің рудың қорымы бар. Сонда жерленген. Әкем үйелмелі-сүйемелі он баласын ертіп атамекенге оралды. Біз әріректе орыстардың арасында өссек те, ата-анамыз үйде орысша сөйлеуге тыйым салған. Үйдің табалдырығын аттай сала, өзара қазақ тілінде сөйлеуге тырысамыз. Мен мектепте болған жағдайды орысша айта бастасам, әкем: “Қызым сен аптығыңды бас, жаңағы айтқандарыңды енді өз ана тіліңде баяндап бер” деп талап ететін. Білгенімізше, шатып-бұтып, тілімізді бұрап түсіндірген боламыз. Өстіп жүріп үйрендік. Дегенмен, жазуға келгенде қатты қиналамын. Бұл менің қателігім! Қазір немерем қазақ балабақшасына барып жүр. Енді сонымен бірге тіл сындыруға тура келеді. Екіншіден, Ресейден көшіп келгесін Қостанайдың жергілікті жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол да ана тілін білмейді. Сыныбында жалғыз қазақ баласы болған. Ол кезде орта солай еді ғой. Тоқсаныншы жылдары қазақ тілінде сөйлейтін шенеунікті емге таба алмайтынсыз. Әлі күнге дейін өз тілін білмейтіндер көп. Бір құрбым айтады: “Александра, сен Ресейде жүргенде кілең қазақша сөйлейтін едің, мұнда келіп “орыс” боп кетіпсің ғой”, – деп. Соған ұяламын.
– Сіздің ойыңызша мемлекеттік тілді дамыту үшін не істелінуі керек?
– Мектептерді түгел қазақшаға көшіру керек. Осы жолдан әзірбайжандар да, гүржілер де, өзбектер де өтті. 1991 жылы КСРО тарағанда олар өзінің тілін дамытуға ден қойды. Тоқсан екінші, тоқсан үшінші жылдары орыс тілінде білім беретін барлық мектепті жапты. Алғашқыда бұл тұрпайы көрінгені рас. Бірақ, дұрыс қадам жасады. Оларда қазір тіл мәселесі деген жоқ. Қазақстан қаншалықты бейбітсүйгіш, саясатты тең ұстаушы мемлекет болғанымен тілге келгенде етек-жеңді қымтап ұстау керек еді. “Егер үш жылдың ішінде қазақ тілін үйренбесеңдер, жұмыс істемейсіңдер” деген талап қойылса, бәрі басқаша болар ма еді. Осы елде тұрып, оның тілін, ділін білмеу ұят! Әрі-беріден соң намыстың жоқтығы! Отыз жылдан асты. Әлі тілмен арпалысып келеміз. Егер адам баласы екі-үш тіл білсе несі айып? Мәселен, қазақ-түрік лицейі кезінде қазақша, түрікше оқытты. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқыған бала қазақ, орыс, ағылшын тілінде сайрап шығады. Бұл жаман ба? Бұл қазақтың жері! Онда тұрып жатқан ұлт пен ұлыс оның тілін білуге міндетті!
– Емен-жарқын айтқан әңгімеңізге рахмет!
ҚЫСҚА-НҰСҚА
– Қатты қуана аласыз ба?
– Әрине! Менің жаным нәзік. Екіншіден, отбасым, балаларым, бауырларым, анам бар. Біз бақыттымыз!. Әрқашан, той-қуанышымыз ортақ. Әсілі, жайраңдап жүргенге не жетсін!
– Қол боста кітап оқисыз ба?
– Оқимын. Аз. Аз да болса саз. “Абай жолын” қайта оқып шықтым. Жақында Чеховтың әңгімелерін қолға алдым. Жалпы, мен орыс, шетел классиктерінің әдебиетін көп парақтадым. Елге оралғалы қазақ жазушыларының шығармаларын орыс тілінде оқыдым. Құрбым айтады: “Егер Б.Майлиннің әңгімелерін оқысаң нағыз қазақ боласың”, – деп. Мен сол сөзге ерекше мән беремін.
– Өмірдегі басты ұстанымыңыз не?
– Өз принципіңнен айнымау. Қолыңнан келгенше әділдікті жақта. Өмір – буммеранг. Егер біреуге қиянат жасасаң, ертелі-кеш пе, ол өзіңе айналып соғады.
– Демалыс сізге не береді?
– Саяхаттауды жаным сүйеді. Жақсы әсер қалдырады. Жаңа таныс, достар табасың. Мен әлем елдерін біршама араладым. Қазір отбасы бюджетінің жарты бөлігін саяхаттауға жұмсаймыз.