Лисаков қаласындағы Абай мектебінің екінші сыныбында оқитын Александра Савычкина әуелде қазақ балабақшасына барған. Кейін 1-сыныптың табалдырығын аттарда өз қатарларынан қалғысы келмей, ол да мемлекеттік тілде оқытатын мектепті таңдапты.
– Менің қазақ мектебін таңдауыма достарым себеп болды. Өйткені, мен олармен бөбекжайдан бастап достасқанмын. Бөлінгім келмеді. Мұнда ұстаздарымыз да аса қамқор әрі мейірімді. Қазақ тілін меңгеруімізге ол кісілердің көп көмегі тиді,– дейді Александра.
Оның ата-анасы орыс. Анасы Татьяна Савычкина үш жасынан бері ел аумағында тұратындығын айтады. Ал Лисаков қаласында 1989 жылдан бері тұрып жатыр. Фирмада бухгалтер болып еңбек етеді. Қала тұрғыны балалар қазақ тілін бала-бақша табалдырығынан бастап үйренсе, соғұрлым тілдік ортаға тез бейімделетіндігіне сенімді.
– Менің қазақ тіліндегі сөздік қорым екі-үш сөйлемнен аспайды. О баста Сашаны орыс бала-бақшасына бергіміз келген. Бірақ, пандемия кезінде қалып қойдық. Тек, қазақ бөбекжайында ғана орын бар екен. Қызымды сонда бердім. Оған еш өкінбеймін. Орыс мектептеріндегі беретін білімді мұнда да береді. Бағдарламасы бірдей. Тіпті, еш айырмасы жоқ деуге болады. Қазір қызым әбден төселіп алды. Негізгі сабақтардан кейін мектепте қалып, ұзартылған қосымша сабақта кейде кенжесінің «нағыз қазақ» болғысы келетінін айтып күлдірді. Менің шашымды қараға боят, көзіме қара линза сатып әпер. Мен де достарым сияқты нағыз қазақ қызы болғым келеді деп қиғылықты салады. Не дерсің оған, күлеміз де қоямыз. Негізі, осы елде тұрған соң мемлекеттік тілді білу бәрінің міндеті. Бала тілді мектеп жасынан бастап үйренсе, тіпті, оңай, – деп ағынан жарылды ол.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Лисаков қаласы