Алдымен дәрігердің кеңесі қажет: айтарымыз ББҚ жайлы

Алдымен дәрігердің кеңесі қажет: айтарымыз ББҚ жайлы

Бәріміз  деніміздің сау әрі сымбатты болғанымызды қалаймыз. Қалаймыз да әркімнің жарнамалағанынын ішіп, артық қыламыз деп тыртық қылғанымызды байқамай қаламыз. Жақында ғана арықтағысы келіп, ББҚ (БАД) – биологиялық белсенді қоспаны ішіп, жүрегі бірнеше минутқа тоқтап қалған ақтаулық тұрғын жайында жаңалық барлық жерде айтылды.

Абырой болғанда, дер кезінде көмек көрсетіліп, дәрігерлердің көмегімен аман қалған. Жүрегіне де ота жасалған. Нәтижесінде науқас клиникалық өлімнен оянған. Содан кейін оған 6 күн қатарынан жансақтау бөлімінде көмек көрсетілген. Бір күн бұрын «Молекула» деген дәріні ішкен екен. Міне, біз сенім артатын БАД-тың арты осындай жайға әкелді.

Жалпы қазір дүкен, дәріхана, кез келген әлеуметтік желінің бәрі толған небір БАД. Оның қайсысы зиын, қайсысы пайдалы екенін ажыратып болмайды. Оны қойшы дәрігердің өздері де түрлі дәруменді дарнамалап, келгеннің қалтасына тықпалайтыны тағы бар. Бағасы да ұшып тұр.

Әсіресе, әйелдер қауымы мұндайға әуес келеміз. Оны мойындау керек. Толып бара жатсақ ауызды тиғаннан гөрі семіздіктен құтқаратын дәріні аңсаймыз. Бірақ мамандар ондай «ғажап» дәрі болмайды дейді. Ал соның бәрін жарнамалап жатқандар жәй қатарда жүрген өзіміз сияқты адамдар. Не білімі, не білгені жоқ блогерлер.

           

БАД-тың атасы кім?

            Тарихқа сүйенсек, БАД өткен ғасырда пайда болған деген дерек бар. Оны ХХ ғасырдың бірінші жартысында америкалық химик Карл Ренборг су бұрышы, жоңышқа және ақжелкеннен алғаш рет биологиялық белсенді препарат жасаған. Химикке мұндай қоспа жасау туралы идея Қытайда түрмеде жатқан кезінде келген. Себебі, ол аштықтан өлмеу үшін әртүрлі әдісті қолданған. Ол алғаш рет 1931 жылы құрамында адамға қажетті барлық қоректік заттар – минералдар, витаминдер, ақуыздар, майлар мен көмірсулар бар өсімдікті тауып алады. Ол өсімдік кәдімгі жоңышқа екен. Карл Ренборг басында өзі жасап шығарған қоспаларды достарына тегін таратқан. Алайда тегін дүниеге жұрттың иланбайтынын аңғарып, ақырында әлемде алғаш рет 1934 жылы дистрибьюторлық желі құрған. Осылайша, АҚШ-та желілік маркетинг дүниеге келген. Қазір жарнамасына көз сүрінетін БАД-тар осы Карл Ренборгтың артынан ергендер.

 

Жан-жақты зерттеп барып қабылдау керек

“Былтырғы жылы мониторингпен ББҚ-ның 454 жарнама таратушысы анықталды. Олардың 82-і заңға сай жұмыс істемеген. Оларға бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар берілді. Бірақ оны орындамағанда да бар. Берілген ұсынымдарды мерзімінде орындамағаны үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне әлеуметтік желілердің сайттарын бұғаттау үшін 35 ақпарат жіберілді. Қазақстан Республикасында тағамға тағамдық және биологиялық белсенді қоспаларды өндіруге (дайындауға), әкелуге (импорттауға) және өткізуге олар мемлекеттік тіркелгеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Біреуін бұғаттасаң, екіншісі ашылады. Сондықтан ондай қоспаны алмай тұрып, «Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу порталынан» тексеру керек. Бірақ тұрғындар ол сайтты қарайды деу қиын”, – дейді  облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттер талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Наталья Ахметова.

Халықты қорғау және денсаулық сақтау мақсатында Департамент Қостанай облысының тұрғындарына диеталық қоспаларды қолданар алдында дәрігермен кеңес керек екенін де ескертеді. Биологиялық белсенді қоспаларды сатып алмас бұрын, сатушылардан өнімнің сәйкестігін растайтын құжатты растайтын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті сұраңыз.

“Қазір адамдардың көбі желілік маркетинг арқылы осындай тағамдық биологиялық белсенді қоспаларды сатып алып, ішуді сәнге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Кез келген БАД-ты сатып аларда оның құрамын, мемлекетімізде тіркелген-тіркелмегенін, ағзаға қандай жанама және жағымсыз әсерлері барын жан-жақты зерттеп барып қабылдау керек. Себебі биологиялық белсенді қоспалардың шығу тегі әртүрлі заттардан тұруы мүмкін. Олар табиғи немесе синтетикалық және химиялық қосылыстар болуы мүмкін. Қазір БАД-ты жарнамалаушылар олардың құрамында теңіздің балдырлары, кальций және басқа да дәрумендер бар екенін айтады. Онымен қоса саумалдың да түрі-түрі шығып жатыр. Не болса да тиісті қазағдарын сұрап барып, дәрігермен кеңесіп қабылдаңыз”, – дейді маман.

 

Бүгінде әлем бойынша БАД-ты көп тұтынатын елдер қатарында Жапония мен АҚШ көш бастап тұр. БАД-дәрі емес. Күнделікті тағамның құрамын минералдар мен микроэлементтерге толықтыратын өнім деп жатады. Салауатты өмір салтын сақтау маңызды. Бірақ, салауатты өмір дегеніміз қосымша қоспаларды ішу емес.

            Ағзаға оң әсер етпеуі де мүмкін

            “Биологиялық қоспалар адамдардың ағзасында қандай да бір дәрумендердің жетіспеушілігін, тапшылығын толықтыруға әсер етуі мүмкін. Мысалы, қазір дәрігерлер кальций, «Омега-3», «Д3» сияқты биологиялық қоспаларды ішуге кеңес береді. Алайда бұл қоспалардың барлығы сіздің ағзаңызға оң әсер етпеуі де мүмкін. Медицинада биологиялық белсенді қоспалардың пайдасы туралы дәлелденген деректер жоқ. Бұл –ғылыми жағынан да зерттелмеген сала”, –дейді №2 калалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Гүлсезім Түлекбай.

Дәрігерлердің айтуынша, егер науқас дәрі-дәрмек пен БАД-ты бірге қабылдаған жағдайда ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Тіпті ауруды қоздырып, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Ал адамның ағзасында қатерлі ісік болған жағдайда БАД-тар рак клеткаларының көбеюіне әкеп соқтыруы мүмкін.

            “Кез келген дәрігер науқасқа ем-дом тағайындағанда, дәрі-дәрмектің дозасын, ішетін уақыты мен мерзімін нақтылап жазып береді. Тіпті кез келген дәрінің нұсқаулығында сол перепараттың науқасқа қандай жанама, жағымсыз әсерлер тудыратыны жазылып тұрады. Ал биологиялық белсенді қоспаларда мұндай нұсқаулық жоқ. Енді өзіңіз ойлай беріңіз. Өкінішке қарай, қазір елімізде адамдар биологиялық белсенді қоспаларды алыпсатарлардан алып, пайдалана береді. Ал оларды ғылыми жағынан зерттеп немесе қадағалап жатқан мекеме жоқ”, – дейді дәрігер.

Дәрігерлер БАД-тарды көп тұтыну адам ағзасында аллергия тудыруы ықтимал екенін айтады. Сондықтан дәрі-дәрмекті болсын, биологиялық белсенді қоспаларды болсын, абайлап ішкен жөн. Фармацевттер сертификаты бар және дәріханалар желісі арқылы сатуға арналған биологиялық белсенді қоспаларды алу керектігін айтады.          

           

Тұрғындар пікірі қандай?

Айсұлу Қуантаева, қала тұрғыны:

           “Әрине мен де күнделікті әлеуметтік желіні ақтарып қарап отырамын. Меніңше осы қоспа дәрумендерді жарнамаламайтын бірде-бір блогер жоқ сияқты. Оның қайдан келіп жатқанын бір құдай білсін. Сенімге кіру үшін өздері де қасықтап ішіп жатады. Өз басымнан мынадай жағдай өткен еді. Анам Алматыдан 48 мыңға үш дәруменді тапсырыспен алдыртты. Оны қалай, қай кезде ішу керек екенін білмейміз ғой. Таңғы ас кезінде бірден үш таблеткасын ішті. Артынан өзінің күнделікті дәрілерін ішті. Бір сағаттан соң аллергия беріп, ауа жетпей қалды. Денесі қып-қызыл болып кетті. Жанұшырып, жедел жәрдем шақырдық. Олар «аллергиялық шок» деп, бірден алып кетті де қанды тазарту қажет деп система салды. Осылай бір өлімнен аман қалды. Содан бері желілік маркетинг арқылы сатылатын биологиялық белсенді қоспаларға мүлдем қарсымын. Қазір мұндай өнімдер өте көп. Ал оларды қадағалап жатқан ешкім жоқ. Бағалары да әртүрлі. Ең арзаны 20 мың теңге болса, қымбаты — 150-200 мың теңге. Жалпы, дәрігерлер мұндай қоспаларды асыра пайдалануға болмайтынын айтады. Мен сол үшін өзім де ішпеймін”.

 

Ал Күләш Жүсіпова біраз уақыттан бері БАД сатумен айналысады. Бұл бір жағынан өз жұмысына қосымша пайда табу жолы. Ол өз өнімдеріне сенімді екенін айтады.

“Қазір экологиялық ахуал мен өндірістің қарқынды дамуы әсерінен тағамдардың құрамы мен сапасы төмен. Табиғи тағамдарды күнделікті тұтына бермейміз. Сөйтіп, ағзамызға қажетті дәрумендер мен минералдардың нормасын өтей алмаймыз. Соның салдарынан бүгінде балалар арасында түрлі ауытқушылықтар кездесіп жатыр. Бірінің ойлау, есте сақтау қабілеті төмен болса, енді бірінің дұрыс сөйлей алмауы жиі кездеседі. БАД-тарды қолданудың еш зияны жоқ деп ойлаймын. Осы себепті біз тұрғындарға түрлі БАД-тарды ұсынамыз. Олардың түр-түрі бар. Сатып алушылар көп. Бағасы — 20-180 мың теңге аралығында. Олар көп жағдайда тағамдық қоспалар ретінде қолданылады. Еш зиян көріп, шағымданғандар болған емес”.

 БАД-ты ішу-ішпеу, әрине, өз қалауымыз. Таңдау өзімізде. Биоқоспаны пайдаланар алдында міндетті түрде дәрігердің кеңесіне жүгіну керек. Әсіресе, балаларға беретін кезде. Бұл ереже жүкті әйелдер мен жасы келген жандарға да қатысты. Қорыта айтқанда, әрбір адам өз денсаулығына өте мұқият болса дейміз. Жарнамаға алданып осындай биологиялық қоспаларды пайдаланып, керісінше өз денсаулығының нашарлап кеткені жөнінде дабыл қаққан жандар аз емес.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

 

Жаңалықтармен бөлісу