Бұл туралы Мәжіліс Төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласына барғанында айтты.
«Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ автомобиль цехының карьерлік машиналарының жүргізушілерімен кездесуде депутат «AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерін жүзеге асыру, жүргізушілердің мерзімінен бұрын зейнетке шығу құқығын қамтамасыз ету, сондай-ақ Рудный қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту туралы сөз етті.
“Белгілі болғандай, зиянды өндірістерде жұмыс істейтіндер үшін зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендету туралы заң осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Бұл ретте қызметкерге зейнеткерлікке шығу немесе жұмыс бағытын өзгертіп, жеңіл жұмысқа көшу мүмкіндігі беріледі. Тау-кен орнындағы өндірістік техника жүргізушілерін мерзімінен бұрын зейнетке шығару мәселесі қаралуда”, – деді Мәжіліс Вице-спикері Альберт Рау.
Осылайша, ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне арнайы әлеуметтік төлем алу құқығын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы еңбек ұжымын хабардар етті.
«Мерзімінен бұрын зейнетке шығу мәселесі біздің партияның сайлауалды бағдарламасындағы басты мәселелердің бірі болды, Президент заңға өткен жылдың соңында қол қойды. Сіздер «AMANAT» партиясына сенім білдірдіңіздер, ал біз өз уәделерімізді орындап жатырмыз. Биылғы жартыжылдықта мен салалық ведомстволармен кездесулер өткіздім, еліміздегі карьерлік ауыр жүк көліктері жүргізушілерінің санын есептеп, әрқайсысының жұмыс сағатын санадық. Заң бар, енді Еңбек министрлігінің бұйрығы қажет, бұл бюджет қаражатын жұмсауға әкеледі. Сондықтан қазір республикалық бюджеттік комиссияның келісімін алу үшін есептеулер жүргізілуде, бірақ қазірдің өзінде мәселенің оң шешілгенін айтуға болады. Мысалы, қазір еліміз бойынша шамамен 8 мың адам арнайы әлеуметтік төлемдер алып отыр», – деді Альберт Рау.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары жаңа Бюджет кодексі жобасы туралы да айтып берді. Депутаттар әрбір елді мекенде жеке табыс салығының толық көлемі, сондай-ақ шағын бизнестен түсетін пайда салығы осы елді мекеннің бюджетінде қалатындай түзетулерді мақұлдады.
Осылайша, бұл қаражатты белгілі бір қала немесе ауылдың қажеттіліктеріне, жергілікті билік пен мәслихат депутаттарының шешімімен пайдалануға болады.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар жергілікті инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.
«Қалаларға арналған біздің сайлауалды бағдарламамыздың негізгі тармақтарының бірі – коммуналдық инфрақұрылым. Рудныйда өткен жылы жылу желілерін реконструкциялауға алғашқы 4 млрд теңге бөлінді. Биыл да сол жұмыс шамамен 3-4 млрд теңгеге жалғасуда, оның ішінде тоқсанаралық желілерді жөндеу жұмыстары бар. Сондай-ақ жыл соңына дейін айналма жол мен көпір салуға тендер жарияланады», – деп атап өтті халық қалаулысы.
Кездесу барысында Альберт Рау Мәжіліс депутаттарының өткен сессияда атқарған жұмыстары, Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын жүзеге асыру, құмар ойындарға қарсы күрес туралы қабылданған заң және қаржылық алаяқтарға қарсы іс-қимыл туралы жиналғандарға айтып берді.