Алаяқтардың құрбаны болған азаматқа «AMANAT» көмектесті

Алаяқтардың құрбаны болған азаматқа «AMANAT» көмектесті

Соңғы уақытта алаяқтық деректері айтарлықтай жиілеп кетті. Заң бұзушылар интернеттегі хабарландыруларды, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, алаяқтық схемалары арқылы қарапайым халықты қарызға белшесінен батырып отыр деп дабыл қағып жүргенде, көшеде алдайтындар да қарасы азаймағанын көріп отырмыз.

Қостанай өңірінің 58 жастағы тұрғыны құнды коллекциялық тиындарды сатып алмақ болып, алаяқтардың құрбанына айналды. Мемлекеттен берілетін жәрдемақыға күн көріп жүрген ІІІ топ мүгедектігі бар Хасымжан Жаңабаевқа қала орталығында екі бейтаныс адам жолығып, құнды коллекциялық тиындарды сатып алуды ұсынады.

Бастапқыда олар 500 мың теңге сұраған, бұл ұсыныстан Хасымжан Жаңабаев бас тартқан соң, бағаны «жеңілдікпен» 200 мыңға дейін түсірген.

            «Олар өте сенімді сөйледі. Шынымен бағалы тиын екен деп сеніп қалдым. Өзімнің де хоббиім нумизматика еді. Ескі тиындарды жинаймын. Қалтамда ақша болмаса да, солардың айтуымен несие рәсімдеп, ақшаны қолма-қол шешіп бердім. Олар кеткен соң ғана не істеп қойғанымды түсініп, бармағымды тістеп қалдым», – дейді ол.

Несиені қалай өтейтінін білмей дал болған қостанайлық азамат алаяқтардың ізін суытпай, ақшасын тез арада қайтарып алу үшін «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасына жүгінген. Себебі мүгедектігі бар азамат ретінде 200 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге күнкөріп жүрген Хасымжан Жаңабаев үшін бұл жағдай ауыр соққы болды.

Жоба заңгерлері мен мамандары өтінішті жедел қарап, құқық қорғау органдарымен байланыс орнатты. Аталған дерек партиялық бақылауға алынғаннан кейін, жедел-іздестіру шаралары басталып, бейнебақылау камералары мен куәгерлердің айғақтары арқылы алаяқтардың жеке басы аз уақыт ішінде анықталды.

Бірлескен жұмыстың арқасында күдіктілер ұсталып, Хасымжан Жанабаевқа келтірілген 200 мың теңге шығын толық көлемде қайтарылды.

            «Үмітім үзіле бастаған еді. Өзім жұмыс істемеймін, денсаулығым да сыр беріп жүр. Партияның заңгерлері мен мамандарына мың алғыс. Олар ақшамды қайтарып қана қоймай, маған үлкен моральдық қолдау көрсетті. Әділдіктің бар екеніне көзім жетті», – деді жәбірленуші.

blank

Айта кетейік, 2023 жылғы қаңтарда бастау алған «AMANAT» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы азаматтардың кәсіби заңгерлік көмекке қолжетімділігін арттыру және жалпы құқықтық сауаттылық деңгейін жоғарылатумақсатында жүзеге асырылуда. Жобаға еліміздің әрбір азаматы жүгіне алады. Былтырдың өзінде 4,2 мыңнан астам адам қабылданған.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді ұсынған «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі