Алаяқтар  холдинг құрылтайшысының атынан хат жазған

Алаяқтар холдинг құрылтайшысының атынан хат жазған

Елімізде Whatsapp мессенджерінде алаяқтықтың жаңа түрі белең алып барады. Облыста алдап-арбаудың бұл түрімен айналысатындар қатары артқан. Алаяқтар мекеме және кәсіпорын, мектеп директоры, жалпы лауазымды тұлғаларды нысанаға ала бастаған. Сондай-ақ, лауазымды тұлғаларға қандай да бір ұйым, құзырлы орган аттарынан хаттар жолдайтын болған.   

Алаяқтар дәл осы әдіспен Дарханбек Оразғалиұлын да шырмауына түсіргісі келген. Оған Whatsapp мессенджері арқылы белгісіз нөмірден кейіпкеріміз жұмыс істейтін холдингтің құрылтайшысы болып хат жазған.

 “Холдинг басшысының нөмірі менде жоқ еді. Белгісіз нөмірден хат келген соң, оның үстіне құрылтайшының фотосуреті тұрған соң күмәнім болмады. Амандық сұрасқан соң, “соңғы жағдайдан хабардарсыз ба?” деп сұрады. Мен қандай оқиға жайлы сұрап тұрғанын түсінбедім және ештеңе білмейтінімді айттым. Ол болса, алаяқтар Қазақстан бойынша холдингтердің қызметкерлерін өздеріне таратқанын, соғыс болып жатқан елге қолдау қаражатын аударған қызметкерлер бар екенін айтты. Мен ешқайда қаржы аудармағанымды айттым. Осы жағдайға байланысты ҰҚК өкілдері ұйымдарға тексеріс жүргізіп жатқанын, тізімге біздің де холдинг іліккенін жазды. Мен олай болуы мүмкін емес, ешқайда хабарласқан жоқпын дедім. Маған ҰҚК қызметкері тексеруге барады деді. Сұрақ-жауап болады, жағдайды айтып беріңіз деді”, – дейді кейіпкер.

Холдинг “құрылтайшысы” барады деген “ҰҚК “қызметкері” келмеген. Тек мессенджер арқылы белгісіз нөмірден қоңырау шалған. Фотосуретте ҰҚК эмблемасы тұрған.

“Шынымен ҰҚК өкілі келетін шығар деп күттім. Келмеді, бірақ мессенджер арқылы тағы белгісіз нөмірден қоңырау шалынды. Суретте ҰҚК эмблемасы тұрды. Өзін таныстырған соң, жеке деректерімді ешкімге бермегенім жайлы сұрады. Мен “жоқ” деп жауап бердім. Әңгімесінің ауаны несие рәсімдеу туралы болды. Менің атымнан “Форте банк” арқылы шот ашып, 1,5 млн теңгені Ресей–Украина арасында болып жатқан қақтығысқа әскерилерді қолдауға аударғанымды айтты. Мен ешқандай несие алмағанымды, сондай-ақ, ақша аудармағанымды айттым. Банкпен байланысым жоқ екенін жеткіздім. Ол болса, “Жарайды, бақылаңыз” деп ескертті. Басқа ешқандай дерек сұрамады. Әңгімеміз сол жерден тәмам болды”, – дейді Дарханбек Оразғалиұлы.

Бірер күн өткен соң холдинг құрылтайшысы болып жазған адамға Дарханбек Оразғалиұлы өзі месенджер арқылы хат жолдаған.

“ҰҚК қызметкері келмеді, тек хабарласты. Ары қарай телефонмен айтатын әңгіме емес, сізге өзім барайын бетпе-бет кездесуіміз қажет, қашан қабылдай аласыз деп жазып жібердім. Мені бүгін қабылдай алмайтынын, себебі қалада жоқ екенін айтып, ертең хабарласуымды сұрап жазып жіберіпті. Қолыңыз тигенде маған айтыңыз деп тағы да жазып жібердім. Тек “жарайды” деп қысқа қайырды”, – дейді Дарханбек Оразғалиұлы

Одан кейін мүлдем жазбаған. Кейіпкер бұл алаяқтықтың бір түрі екеніне күмән келтірмейді. Басынан өткен жағдайды бөліскен Дарханбек Оразғалиұлы әлеуметтік желілерден келген хат-хабардың барлығына сенбеуге шақырады. Өйткені, фотосуретті тауып алу қиын емес. Егер ақша сұрап, болмаса басқа да өтініштерді орындау туралы хабар алсаңыз, нақты көз жеткізбей әрекет етпеңіз дейді кейіпкер.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу