Қалада тіркелген әрбір үшінші қылмыс алаяқтық санатына жатады. Жыл басынан бері 667 қылмыс тіркелген. Күн сайын қаланың бес тұрғыны интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалады.
“Қала тұрғындары әлеуметтік желілердегі жарнамаларға сенгіш. Жеңіл жолмен ақша табуға үгіттейтін жарнамаларға бой алдырады. Сондай-ақ, жаңа бірақ, арзан ұялы телефон (айфон 15) сататындардың жоқ екеніне сенгілері келмейді. Мұның сыртында соңғы кезде ұялы байланыс компанияларының қызметкері болып қоңырау шалып, алдау жағдайы жиілеп кетті. Алаяқтар WhatsApp аккаунттарын бұзуды да үйреніп алды. Бұзуды зиянды сілтеме арқылы жүзеге асырады. Мысалы, WhatsApp мессенджеріне сілтеме жібереді, оны ашқан адам құрыққа ілінеді. Яғни, барлық сақталған нөмірге қол жеткізіп, ақша сұрап хабарламалар жібереді. Арқалық қаласының тұрғыны алаяқтардың арбауын ілігіп, 3,5 млн теңгеден екі рет несие алып және көлігін сатқан. Шығын көлемі 10 млн теңге”, – дейді Қостанай қалалық Полиция бөлімінің басшысы Болат Иманов.
Жыл басынан бері қала тұрғындары 360 млн теңгесінен айырылған. Жәбірленушілердің барлығы жауап алу кезінде интернет алаяқтықтың бар екенін білетіндерін айтқан. Бірақ қалай арбауына түсіп қалғандарын өздері де білмей қалады екен. Биыл 96 қылмас жасаған сегіз алаяқ ұсталған.
“Осы жылы 743 интернет сілтеме мен күдікті сайт бұғатталды. Қазіргі уақытта халықпен ақпараттық-профилактикалық жұмыс жүргізуден басқа, интернет алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың нақты тәсілдері жоқ. Сол себепті полиция қызметкерлері күн сайын қала тұрғындарымен кездесіп, алаяқтықтың алдын алудың қолда бар схемасымен түсіндіреді. Қала әкімдігінің қолдауымен қылмыстың осы түрінің алдын алуға 5 млн теңгеден астам қаржы бөлінді”, – дейді бөлім басшысы.
Болат Иманов қостанайлықтарға қаңтар айында портал қабылдаған жаңа функцияны пайдалануды ұсынды. “ЕGov mobile” мобильді қосымшасында және “Egov.kz” порталында несие алудан ерікті түрде бас тартуға өтініш беруге болады. Өзіңіз бас тартқандықтан сіздің атыңыздан ешкім несие, шағын несие рәсімдей алмайды. Бұл да алаяқтардан сақтанудың бір жолы.
Сералы МЫРЗАБАЙ