Алаш арысына тағзым

Алаш арысына тағзым

Өңірімізге арнайы сапарлап келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қостанайдың орталық алаңында Алаш арысы, ұлттың ұлы тұлғасы Міржақып Дулатұлының рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.
Биыл қазақ халқының ұлт азаттығы жолындағы күресінің көрнекті өкілі, ағартушы, ақын, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл. Осыған орай жыл басынан бері республика көлемінде бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

blank blank blank blank blank

Ал Қостанайда еңселі ескерткіштің ашылу салтанаты өткен айда ел назарына ұсынылған болатын.
Алаш арысына арналған бұл мүсін тәуелсіз ел ұрпағының ұлт көсемдеріне деген құрметінің айқын белгісі. Бір айдың ішінде ескерткіш қала тұрғындары мен қонақтарының жиі келіп тағзым ететін рухани орынына айналып үлгерді.

Салтанатты рәсімде сөз алған Президент кеңесшісі ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның есімін ұлықтау елдік парыз екенін атап өтті.

blank

«Қадірлі ақсақалдар, құрметті қостанайлықтар! Баршаңызды ұлт мақтанышы, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көрнекті өкілі Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Биыл Міржақып Дулатұлының мерейтойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып өтіп, ұлт тарихындағы ұлы тұлғаның есімін дәріптеу ісі жаңа серпін алды. Бүгін Қостанай өңіріне арнайы келіп, Алаштың ұлы қайраткеріне тағзым етуге жиналдық. Алаш арыстарын ұлықтау өткенді еске алу ғана емес, ұлт ретінде ұйысу мен мемлекет тұғырын нығайтудың кепілі. Олардың өнегелі өмірі мен мұрасын зерделеп, шығармаларын оқи түсу болашағымызды бекем етудің, рухани жаңғырудың бір көрінісі. Күні кеше ғана халқымыз Республика күнін атап өтті. Бұл Тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің қадірін ұғындыратын ерекше мереке. Осындай тарихи кезеңде біз ұлт болашағы үшін күрескен тұлғаларды еске алып, олардың еңбегін бағалай білуіміз керек. Өйткені дәл осындай арыстардың ерлігі мен еңбегі бізге болашаққа сеніммен қарауға, елдік мүдде жолында бірігуге жігер береді. Бүгін Қостанай облысының жұртшылығымен кездескеніме қуаныштымын. Өңірдің даму қарқыны қуантады. Күні кеше Мемлекет басшысы телекөпір арқылы KIA зауытының ашылуына қатысты. Бұл еліміздің индустриялық әлеуетін арттыратын маңызды жоба. Зауыт жылына 70 мыңнан астам көлік шығарып, шамамен мың жарым жаңа жұмыс орнын ашпақ. Оның басым бөлігі – осы өңірдің колледждерінде білім алған өзіміздің жастар. Қостанай облысында ауданаралық және ауылішілік жолдар жаңарып, елдің тұрмыс сапасы артып келеді. Ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табуда. Осындай халықты толғандырған әлеуметтік мәселелердің шешілуі – Президент тапсырмаларының нақты орындалып жатқанын көрсетеді», – деді Мәлік Отарбаев.

Іс-шара барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы да сөз сөйлеп, Міржақып Дулатұлының тұлғалық болмысы мен еңбегінің ұлт тарихындағы маңызына тоқталды.

blank

«Бір айдан астам уақыт бойы халқымыз Міржақып бабамыздың аруағына тағзым етіп келеді. Күніне келіп гүл қойсақ та, бұл кісінің алдындағы қарызымыз бен парызымызды толық өтей алмаймыз. Отаршылдықтың тірегі болған Қостанай қаласының қақ ортасында ұлт ұстазының ескерткішінің бой көтеруі – біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Міржақып Дулатұлының ескерткіші тек Қостанайда ғана тұр. Егер әр облыстың орталығында бір-бір мүсін орнатылса, бұл ұлт руханияты үшін зор жетістік болар еді. Мәселен, көрші Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер Нағашыбай Барлыбаев бабамыздың жазда съезд өткізген жеріне ескерткіш орнатты. Ол нысан жақын күндері ашылады деп сенеміз», – деді ол.

Сонымен бірге тарихшы ескерткіштің облыстық әкімдік маңында орналасуының өзіндік тәрбиелік мәні бар екенін айтты:

«Таңертең жұмысқа келген әрбір мемлекеттік қызметші осы ескерткіштің жанынан өтіп, баба рухына тағзым етсе, бұл олардың күнделікті ісіне де береке дарытатыны сөзсіз. Міржақып Дулатұлы – ақын әрі жазушы ғана емес, нағыз тарихшы болған тұлға. Мерейтойға орай оның «Қазақ тарихы» атты бір томдық еңбегі жарық көрді. Бұл кітапқа әр жылдары жазған мақалалары енген», – деп қорытындылады профессор.

Шара барысында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының солисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Талғат Молдағалиев Міржақып Дулатұлының сөзіне жазылған «Алаш маршын» орындады.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ