Халық ақыны Әсия Беркенованың 75 жас мерейтойына арналған «АЙДЫН ЖЫРДЫҢ АҚҚУЫ» атты республикалық айтыс өтеді.
Жыр-өлең додасында Алаш жұртына аты мәлім айтыс ақындары Тобыл төрінде бас қосады. «Алтын домбыра» иегері, атақты жерлесіміз Айбек Қалиев бастаған жыр жүйріктері, дүлдүл ақындар топқа түспек.
Атап айтқанда, Бекарыс Шойбеков, Нұрлан Есенқұлов (Түркістан), Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Бексұлтан Орынбасаров (Қызылорда), Әсем Ереже (Абай), Жансая Мусина (БҚО), Жұлдыз Қожабекова, Нұрбол Жауынбаев (Ақтөбе), Мұхтар Қонарбаев (Жамбыл), Өміржан Көпбосын (Ұлытау) сөз сайыстырмақ.
Жыр аламанына Жүрсін Ерман, Жанарбек Әшімжан, Нұртөре Жүсіп, Ақылбек Шаяхмет, Бауыржан Халиолла сынды өлең-сөз өнерінің хас шеберлері төрелік етеді. Ал айтыс тізгінін ақын Аманжол Әлтаев ұстайды.
Ұлт өнерінің ұлық мерекесі ертең, 20 қарашада Қостанай қаласындағы «Жастар сарайы» ғимаратында сағат 14:00-де басталады. Кіру тегін.
Жыр додасының қызығынан, рухани мерекеден қапы қалмаңыздар!
Жанайым Балғынбекқызы,
ҚӨУ студенті
