Айнұр Антеева – Қостанай қаласы әкімдігінің құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Мемлекеттік қызметте жүргеніне жиырма жылдан асыпты.
Мамандығы – филолог. Мұғалім боламын деп арман қуған бойжеткен оқуды бітіре салысымен тіптен басқа салада еңбек жолын бастаған. «Алау» телеарнасында қазақ тіліндегі жаңалықтарды жүргізе бастайды. Мәтін жазып, жаңалықтар ағынын дайындайды. Репортаж жасап, оқиға болған орындарға да барып жүреді. Бұл оның журналистік қыры. Осы салаға да үлесін қосты. Кейін мамандығы бойынша мектепке мұғалім болып орналасып, бала оқытты.
– Мұғалім болып, бала оқытқанды жақсы көремін. Балалармен жұмыс істеп, оларға арнап театр үйірмесін де ашқанмын. Бірақ отбасылық жағдайыма байланысты мектептен кетіп, үйіме жақын орналасқан кітапханаға жұмысқа тұрдым. Ол кездерде қазақ тілін жетік меңгерген мамандар аз еді, – деп өткен шақты еске алады Айнұр Антеева.
Бірде қалалық әкімдікке қазақ және орыс тілдерін сауатты меңгерген маман қажет болып, жұмысқа шақырады.
– Осынша сенім артып, жұмысқа шақырғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Құжаттармен жұмыс істеу оңай емес. Сауатты әрі қырағы болуға тиіссің. Аударма ісі, құжаттарды дұрыс толтыруды қолға алып, кейін осы бөлімнің басшысы болдым, – дейді ол.
Міне, бүгінге дейін мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, жемісін көріп келеді. Оның сыртында әйел адам отбасының жылуын да ұмытпауы тиісті. Айнұр Антеева – көп балалы ана. Балаларының алды үйлі болып ене, әже атанып жатқан жайы бар.
– Әйел адам отбасында да, қызметінде де жетістікке жету үшін жан-жақты болып, ізденіп, өзін дамыту керек. Ел игілігі үшін әйелдердің белсенді болып, сонымен қатар қалыптасқан ұлттық құндылықтарды сақтап, отбасының да, ортасының да жайын басты назарда ұстай білгені жөн. Өзім көп балалы ана ретінде әйел-ана, қазақ қызы ұлт айнасына айналу керек деп санаймын. Мемлекеттік қызметте еңбек еткен жылдарда еңбегім бағаланып, марапаттарға да ие болдым. Бұл салаға келетін жастарға жауапты әрі табанды болсын деп тілеймін, – деп ақылын қосты.