Жоба аясында Тобыл-Торғай аймағының өнерпаздары сахнада өздерінің ерекше таланттарын паш етіп, көрермендерге қуаныш сыйлады.
Концертті ұлттық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен әсемдеген Тобыл-Торғайдың танымал өнерпаздары өнер көрсетіп, қалың жұртты тәнті етті.
Кеш көрермені мәдениет саласының ардагері, КСРО мәдениет саласының үздігі Ырысты Ерденқызы:
«Еліміз жер асты байлыққа қанша бай болса, жер беті де солай өнерпаздарға бай», – деп, жергілікті өнердің маңыздылығын атап өтті.
Оның пікірінше, өнерпаздардың шығармашылығына қолдау көрсету маңызды, ал сырттан келетін әртістерді жарнамалау мен насихаттау мәселе ретінде күн тәртібінде тұрғанын айта кетті.
«Өзіміздің өнерпаздарымызды қолдап, олардың шығармашылығын биікке көтеруіміз керек. Оларды қолдамасақ, олардың қадір-қасиетін көрермендер қалай бағалайды?» – деді көрермен.
Концерттің ерекшелігі сол, сахнада тек Тобыл-Торғай аймағының ақындары мен әншілері өнер көрсетті. Бұл кеш жергілікті таланттардың шеберлігін танытатын алаңға айналды. Аталған аймақтың мәдениетін дәріптеу және оны көпшілікке таныту мақсатында өткізілген концерттің көрермендері қазақ өнерінің бай мұрасына деген құрметін тағы бір рет дәлелдеді.
Концерт соңында өнерпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтарға ие болып, марапатталды.
Қостанай облысы мәдениет басқармасының өкілдері және өнер саласының белгілі тұлғалары өнерпаздарға алғыс айтып, олардың еңбектерін жоғары бағалады. Марапаттау рәсімінде әрбір өнерпаз зор құрметпен қарсы алынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл іс-шара жергілікті өнерпаздарға жаңа мүмкіндіктер туғызып, олардың шығармашылығына деген сұранысты арттыратын тың серпін берді.
Облыстың мәдениет саласына жаңа тыныс әкелген бұл жоба аймақтың өнерсүйер қауымына жарқын әсер қалдырды. «Айналайын, елім» жобасы тек өнердің өкілдері ғана емес, жергілікті мәдениеттің дамуына өз үлесін қосуға бағытталған маңызы зор бастама ретінде қабылданды.
Балауса ЖҮНІС
Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек