Аймақтан қандай хабар бар?

Аймақтан қандай хабар бар?

Күн райы күрт құбылады

Облыста.Синоптиктердің болжамынша, өңірде алдағы күндері ауа райы нашарлайды. 14-15 сәуірде облыстың солтүстік, батыс және оңтүстігінде қар аралас жаңбыр жаууы ықтимал. Тіпті көктайғақ, бұрқасын болады деген жорамал бар. Жұма мен сенбі күндері солтүстік, батыс өңірлерде жел жылдамдығы секундына 23-28 метрге жетпек.

 

Халыққа берілген мүмкіндік

Лисаков. Биыл қалада Халық қатысатын бюджет жобасын іске асыруға 37, 986 млн теңге бөлінеді. Сарапшы кеңес қазірден төрт жобаны іріктеп отыр. Қаланың дамуына бағытталған ұсыныстар келесі жылы жүзеге асады.  Олар – балалар алаңын, ойын кешенін салу, көлік тұрақтарын кеңейту бағытындағы жобалар. Үздіктері халықтың дауыс беруі арқылы анықталады.

 

Диспансер тұрғын үйге айналады

Рудный. Қирандыға айналған бұрынғы тері аурулары диспансері ғимараты қалпына келтіріледі. Ол 21 пәтерлі баспанаға айналмақ. Құрылыс жұмыстарымен «Елорда Инвест Строй» ЖШС айналысады. Ауласына балалар алаңы салынып, аумағы қоршалады. Қала балансындағы бұл нысанды жеке тұлға 17 млн теңгеге сатып алып, 65 млн теңгеге сатып жіберген.

 

Тағзым белгісі

Амангелді. Үрпек ауылында екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған «Даңқ аллеясы» ашылды. Жобаға 12,200 млн теңге қаражат жұмсалған. Демеушілері – «Нұрай-Н» ЖШС, «АБС Жарколь» ЖШС. Аллея төріне орнатылған тақтаға майдан даласынан қайтпай қалған батырлардың есімдері жазылған.

 

Элеватор өртеніп кетті

Федоров.  Аудан орталығы маңындағы ескі, істен шыққан «Жаркөл элеваторы» нысаны отқа оранды. Өрт құрғақ шөптің тұтануынан пайда болған. Зәулім ғимаратты шарпыған жалын аумағы 1 мың шаршы метрге жетті. Тілсіз жаумен ТЖД мамандары, «ҚТЖ» ҰҚ АҚ өрт сөндіру пойызы да жұмылдырылды. Жапа шеккендер жоқ. Елді мекенге қауіп төнбеді. Бұл элеватор 1929 жылы салынған.

Кісі қолынан қаза тапқан

Қостанай а. Қайғылы оқиға 11 сәуірде болған. Тобыл қаласында 59 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір сараптама тағайындалып, қылмыскерді анықтау үшін тиісті амалдар жүргізіліп жатыр. Толық ақпарат тергеу аяқталғаннан кейін жария етілмек.

 

Ашық дереккөздерден алынды

Жаңалықтармен бөлісу