Интернеттегі алаяқтық қауіпті құбылысқа айналуда. Желідегі алдап арбау амалдарының саны жылдан жылға көбейіп, киберқылмыс көрсеткіші өсіп барады. Жаңа жыл басталғалы бері, айналасы 16 күннің ішінде Қостанай қаласында 22 интернеттегі алаяқтық фактісі тіркеліпті. Қайтпек керек?
Алаяқтардың айласына 100 пайыз тосқауыл болар тәсіл табылар емес. Санаулы секундта ғаламшардың о шеті мен бұ шетін қосатын ғаламтор атты кеңістікте кімге тұсау боларсыз?! Гәп осында жатыр. Жалғыз амал сақтанудың жолын айтып түсіндіру, алданудың алдын алу. Мінекей, осы себепті Қостанай қаласы полиция басқармасының басшысы Болат Иманов қала әкімдігінде өткен дүйсенбілік аппарат кеңесінде мінберге шығып сөз алып, арнайы баяндама жасады.
«2025 жылы Қостанай қаласының аумағында интернеттегі алаяқтықтың 981 фактісі тіркелді. Салдарынан шығын көлемі 2 миллиард 270 миллион теңгені құрады. Ал 2024 жылы -760 факті анықталып, жәбірленушілер 1 миллиард 134 миллион теңге шығынға батқан. Биылғы жылдың алғашқы 16 күнінде 22 алаяқтық ісі тіркеліп, шығын 19 миллион теңгені құрады», – деп мәлімдеді Болат Иманов.
Полиция полковнигінің айтуынша, былтыр виртуалды нөмірлерден, яғни, банктердің қауіпсіздік қызметін желеу етіп қоңырау шалу арқылы 304 оқиға, тауар мен қызметтің алдын ала төлемін алу тәсілімен 256 оқиға, бәс тігу, онлайн ойындар, инвестиция жасау сияқты пайдалы салымдар ұсыну бағытында – 217, онлайн несие рәсімдеу бойынша 112, күмәнді сілтемелер арқылы 92 кибер қылмыс жасалған. Жоғарыда аталған айла тәсілдерге көбінесе әйелдер сеніп, алданып қалғанын өткен мақаламыздың бірінде жазғанбыз. Жас ерекшеліктеріне келсек, 18 бен 44 жас аралығындағы азаматтар алаяқтардың арбауына оңай көнетін көрінеді.
2025 жылы анықталған ең ірі интернет алаяқтық оқиғасы мынадай. Сол жылдың 21 наурызында Қостанай қаласының полиция басқармасына бір әйел жүгініп, почтаның жеткізу қызметін пайдаланып сеніміне кірген бейтаныс адамды жауапкершілікке тарту туралы шағымданған. Жәбірленуші әлгі алаяқтың айтқандарына иланып, Қостанай қаласындағы екі пәтерін сатып, одан түскен 39 миллион теңгесін айлакерге өз қолымен ұстатқан. Жаға ұстатар екінші оқиға 2025 жылдың 2 ақпанында белгілі болыпты. Бұл жолы алаяқ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері ретінде келесі бір жәбірленушіге хабарласып, 21 миллион 230 мың теңге қаражатты бейтаныс есеп шотқа оп оңай аударып алған.
«Қазіргі таңда инвестиция тақырыбы алаяқтар үшін өзекті болып тұр. Былтыр қала аумағында жалған инвестицияға қатысты 200 ден аса оқиға тіркелгені белгілі. Бұл салада деректердің шынайылығын тексеру маңызды фактор. Кез келген хабарламамен мұқият танысып, асықпай, сараптау арқылы іс әрекет жасаған дұрыс», – деп түйіндеді Қостанай қаласы полиция басқармасының басшысы Болат Иманов.
Шаһар басшысы Марат Жүндібаев нақты өмірдегі алаяқтардың схемаларының негізінде түсірілген қазақстандық «Мошенники» телехикаясын дайын үлгі ретінде алып қарастыруға болатынын айтты. Телетуындыда алаяқтардың қалай жұмыс істейтіні көрсетілген. Фильмдегі ақпараттың өзінен мол мағлұмат пен өмірлік сабақ алуға болатынын жеткізді.
«Интернеттегі алаяқтарға алдану фактілері күн сайын анықталуда. Қарапайым адамдар жиған-терген қаражатынан айырылып қалуда. Мұны тоқтатудың бірден бір жолы алдын алу. Бүгінде көптеген алаяқтық әлеуметтік желілер мен ұялы телефондардағы сервистер арқылы жүзеге асуда. Біз интернет желісін толықтай бұғаттай алмаймыз. Себебі қазір тұрмыстағы кез келген қызмет интернетке тәуелді. Қарапайым ақша аударымдарының өзі мобильді телефондар арқылы жүзеге асады. Сондықтан тұрғындар өздері де аса мұқияттылық танытқандары жөн», – деп қала халқын барынша абай болуға шақырды.
Құрметті оқырман, бөгде адамға жеке деректеріңіз бен құпия кодтарды бермеңіз. Қандай да бір күдік туындаса бірден жергілікті полиция қызметіне жүгініңіз. Интернеттегі алаяқтармен күрес – сіз бен бізге ортақ іс.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Василий Васильев
