Елімізде 12–16 мамыр аралығында болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін маңызды бастама — Республикалық репродуктивті денсаулық апталығы өткізілді. Бұл ақпараттық-ағартушылық науқан Мемлекет басшысы жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен екінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отыр.
Науқан аясында репродуктивті денсаулық саласына қатысты өзекті мәселелерге — отбасын жоспарлау, ерлер мен әйелдердің денсаулығы, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) мен адам папилломасы вирусының (АПВ) алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева науқанның қорытындысы бойынша өз алғысын білдіріп, бұл бастаманың қоғам үшін стратегиялық маңыздылығына тоқталды:
«Апталық барысында біз тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың нақты үлгісін көрсете алдық. Ұлттық комиссия мүшелерінің, министрліктердің, ҮЕҰ мен халықаралық ұйымдардың тығыз ынтымақтастығы арқасында үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Бұл — болашақ ұрпақтың саулығы үшін жасалған маңызды қадам», — деді министр.
Сонымен қатар Аида Балаева қоғамда репродуктивті денсаулық туралы ашық әрі сауатты диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті:
«Тек ақпараттандырылған, денсаулық мәселелері жайлы ашық сөйлесе алатын әрі саналы шешім қабылдайтын қоғам ғана дені сау ұрпақты тәрбиелей алады», — деп мәлімдеді.
Жалпы, апталық аясында 20 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. 500 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Әлеуметтік желілерде 360 мыңнан астам жазба жарияланды. БАҚ-та 1 500-ден астам материал жарық көрді. 78 мыңнан астам адам тегін кеңес алып, 8 мыңнан аса ЖЖБИ/АИТВ тестілеуінен өтті.
Аталған нәтижелер әртүрлі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және халықаралық серіктестердің тиімді өзара іс-қимылы арқасында мүмкін болды.
Ұлттық комиссия мен министрлік репродуктивті денсаулық мәдениетін дамыту ісін басты назарда ұстап, бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.