Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара – «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтуде. Фестиваль 15 ақпанға дейін жалғасады. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі – Жұмысшы мамандықтарының жылын ресми түрде ашатын алғашқы іс-шара.
Фестивальдің бірегей форматы қонақтарға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға және интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік береді.
Осы іс-шараға Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Альмира Жансүгірова да қатысуда. Алған әсері де айрықша. Айтар жаңалығы да бар.
«Әулиекөл ауыл шаруашылығы колледжінің директоры ретінде Астана қаласында өтіп жатқан «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестиваліне қатысқанымды мақтан тұтамын. Бұл мен үшін ғана емес, біздің коллледж үшін өте маңызды. Көк жағалы жұмыс – ел экономикасының іргетасы. Біз сияқты оқу орандары еліміздегі ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, технологияны дамытатын мамандарды дайындап жатырмыз», – дейді Альмира Жансүгірова.
Бұл фестивальге жас мамандарды жұмысқа алуға дайын ірі компаниялар қатысып жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен колледждер мен оқу орындары өздерінің білім беру бағдарламаларын ұсынды.
«Болашағы бар мансап іздейтін студенттер мен түлектер аз емес екенін көрдім. Жұмыс берушілермен кездесіп, жаңа білім беру бағдарламалары жайында біліп, еліміздің түкпір-түкпірінен келген әріптестермен тәжірибе алмастық. Заманауи колледждердің жастарға табысты болашақ сыйлайтынын көрсету мүмкіндігі болды. Біздің колледж Польшаның «AGROS» өндірушілер тобымен келісімге қол қою арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға елеулі қадам жасады. Бұл біздің студенттер мен мұғалімдер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – дейді колледж басшысы.
Енді алдағы мамыр айынан бастап колледж студенттері Польшаның жетекші ауылшаруашылық кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден және өндірістік оқудан өте алады.
Бұл баға жетпес тәжірибе: заманауи еуропалық технологиялармен, агробизнесті жүргізудің озық әдістерімен танысу, халықаралық деңгейдегі нақты практикалық қызметке ену.
Бұл жоба студенттердің кәсіби дағдыларын шыңдап, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.
Жас мамандардың сапалы білім алып қана қоймай, шетелде үздік ауылшаруашылық кәсіпорындарының қалай жұмыс істейтінін көзбен көріп, тәжірибеден өткені өте маңызды. Халықаралық тағылымдамаларымыз сияқты бастамалар сұранысқа ие және жоғары білікті маман болуына көмектеседі.
Фестваль аясында біраз жаңалықтар болды. Оның бәрі де жастарды қолдауға бағытталған. 1 қыркүйектен бастап бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып жатыр.
«Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылды. Тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, сондай-ақ құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина көшелері, сондай-ақ болашақ мамандықтарына арналған көшелер де бар. Сонымен қатар кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған. Мұның бәрі де жастарға шабыт берері сөзсіз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Әулиекөл ауданы