Әулиекөлде жаңа балабақша ашылды

Әулиекөлде жаңа балабақша ашылды

Республика күні қарсаңында Әулиекөл ауылында «Алтын бесік» жаңа балабақшасының ашылуы өтті. Бұл маңызды оқиға мемлекеттің отбасы институтын нығайтуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға деген ұмтылысының жарқын дәлелі болды.

Салтанатты рәсімге Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен «Халық» қорының басқарушы директоры Нариман Абильшаиков қатысты. Бұл әлеуметтік нысанды салу мемлекеттің, Қордың және жергілікті қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Жаңа балабақша ауылдың жас тұрғындарына сапалы мектепке дейінгі білім беруді қамтамасыз етуге арналған.

Аудан орталығында орналасқан жаңа балабақша ауданның кішкентай тұрғындары мен олардың ата-аналары үшін нағыз сыйлық болды. Заманауи білім беру мекемесін тұрғызуға 1,3 миллиард теңге және оны жабдықтауға 57 миллион теңгені «Халық» қайырымдылық қоры бөлген. Аумақты абаттандыру үшін облыс бюджетінен 500 миллион теңге көлемінде қосымша қаржыландыру жұмсалды.

«Бүгін біз балабақшаны ғана емес, балаларымыз үшін бүкіл әлемді ашамыз, – деп атап өтті Құмар Ақсақалов. – Бұл біздің еліміздің болашағына салынған инвестиция. «Алтын бесік» қабырғасында ақылды, талантты және бақытты балалар өсетініне сенімдімін».

 

Ауданы 4202 шаршы метр болатын үш қабатты жаңа ғимарат 1 жастан 5 жасқа дейінгі 280 тәрбиеленушілерге арналған. Балабақшада балалардың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдайлар жасалған: кең ойын және жатын бөлмелері, Музыка және спорт залдары, медициналық кабинет, сондай-ақ қосымша сабақтарға арналған кабинеттер. Он екі топ балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып жинақталады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

«Менің балаларымның қазір ойын және оқу үшін осындай тамаша орны бар екеніне өте қуаныштымын, – деп көп балалы ана Ырысты Жансүгірова өз әсерін бөлісті. – Осы балабақшаны құруға күш салғандардың барлығына рахмет».

Балабақша аумағы абаттандырылып, заманауи балалар және спорт алаңдарымен жабдықталған. Ғимарат бейнебақылау жүйесімен және өрт дабылымен жабдықталған, бұл кішкентай тәрбиеленушілердің қауіпсіздігіне кепілдік береді.

«Алтын бесік» балабақшасының ашылуы мектепке дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы мәселесін шешіп қана қоймай, өңірдегі мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудағы жаңа қадам болды.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

Жаңалықтармен бөлісу