Әулиекөл ауданында тұратын Аружан Ишанбекова – Қазақстандағы ең бойшаң арулардың бірі. 17 жастағы студенттің бойы екі метрден асады. 8 наурыз мерекесі қарсаңында Аружан анасымен бірге осы ерекшелігі туралы KAZ.NUR.KZ -ке сұхбат берді.
Аружан колледжде “Дене шынықтыру” мамандығында 2-курста оқиды. Айтуынша, бойы соңғы рет өлшегенінде 2,2 метр болған. Ол Әулиекөлде волонтерлікпен айналысады. Ерікті ретінде талай іс-шараға қатысқан.
“Біз үйде жеті ағайындымыз, мен отбасыдағы бесінші баламын. Бойым әкеме тартқан. Ол кісінің бойы – 1 м 95 см. Екі ағам да бойшаң, бірақ олар менен аласалау”, – дейді Аружан.
Аружанның айтуынша, бойшаңдығы кейде өзіне ыңғайсыздық тудыратын көрінеді.
“Кейде ыңғайсыз жағдайлар болады. Көшеде көрген адамдар маған бірден назар аударады, суретке түсейік деп жиі айтып жатады. Сосын киім жағы өте қиын, тапсырыспен тіктіремін”, – дейді ол.
Аружан мектепте оқып жүрген кезінде бокс секциясына барған. Волейбол, шахматты да жақсы ойнайады. Аружан дүниеге келгенде салмағы мен бойы жағынан өз ағалары және әпкесінен асып туған. Бұл туралы Аружанның анасы айтып берді.
“Аружан алдыңғы балаларымнан ерекше болып дүниеге келді. Туған кезде бойы 54 см, салмағы 5,8 келі болды. Аружан әкесіне ұқсаған. Әкесі жағынан бойшаң туыстарымыз бар. Біздің әулетте ең бойшаңы – Аружан. Ағаларының бойы оныкіне жетпейді, олардың бойы – 1, 89 – 1,90 м”, – дейді анасы Жаңагүл.
Жеті баланы дүниеге әкелген Аружанның анасы “Күміс алқа” иегері. Ол қызымен мақтанатынын айтады.
“Қызыммен мақтанамын, осындай сұхбат бергенімізге қуаныштымыз. Аружан болашақта модель болғысы келеді. Біз де оның арманы орындалса екен дейміз. Бірақ оны жанында демеп жүретін жағдай жоқ. Мен үйде бала тәрбиесімен айналысамын, ал әкесінің денсаулығы оған мүмкіндік бермейді”, – дейді Жаңагүл.
Айта кетейік, былтыр Қостанай облысында болған өрт кезінде Аружанның отбасы да Әулиекөлден басқа қауіпсіз ауылға эвакуацияланыпты.