Аманқарағай ауылында бұған дейін “Коморов” лагері жұмыс істеп келген. Төтенше жағдай кезінде ол өртке оранып, бүгінде жаңа нысан пайдалануға берілді. Лагерьдің ашылуына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы қатысты.
Демалыс орнының бой көтеруіне демеушілік жасаған “Қазақстан халқына” қоғамдық қорының өкілдеріне алғысын айтты. Лагерьдің ашылуының маңыздылығын атап өтті,
«Бұл нысанның ашылуын Әулиекөл ауданының 4 мыңға жуық бүлдіршіні күтті. Мұнда облыстың барлық 20 өңірінен келетін балалар демалып, денсаулықтарын жақсартады. Соңғы 3 жыл ішінде облыстың білім беру саласының дамуына 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген «Қазақстан Халқына» қоғамдық қорының қолдауы осы нысанның ашылуына себеп болды», – деді Құмар Ақсақалов.
Облыс әкімі лагерьдің үй-жайларын, жаңа корпустарын, жатын бөлмелерін аралап шықты.
Мұнда толыққанды және жайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Лагерь 4 бағытта жұмыс істейді: спорттық, муызкалық, туристік және экологиялық. Бұл балаларға өз қабілеттерін толық көрсетуге және шығармашылық ортаны құруға мүмкіндік жасайды.
Үш нысаннан тұратын балалар лагері бір жыл ішінде салынып бітті. Ондағы ойын алаңдары мен биік сахнасы көздің жауын алады. Лагерьде оқу залы, ойын бөлмелері, асхана, кинотеатр, демалыс орындары секілді балаларға керектінің бәрі бар. Ең бастысы ер балалар мен қыз балаларға арналған бөлек жатын бөлмелер қарастырылған. Лагер бір кезеңде 100 балаға дейін қабылдай алады.
«Қазіргі таңда Әулиекөл ауданына қарасты барлық ауылды қамтып отырмыз. Оның сыртында басқа төрт ауданнан келген балалар бар.Бұрынғы лагерьмен салыстырғанда, өте жақсы жағдай жасалған. Балалар үшін қуаныштымын. Бұрынғыдай қолайсыз ауа райына қарамай жиі концерттер ұйымдастырылып тұратын болды. Балалар біздің болашағымыз. Олардың жазғы демалысы қызықты өтуіне барынша тырысамыз” , – дейді балалар лагерінің директоры Бибігүл Айдарбекқызы.
Биылғы жаздың соңына дейін жаңа корпустарда 300 оқушы демала алады. Қостанай облысының әкімдігі қайырымдылық жобасының серіктесі болды. Жергілікті бюджет есебінен 13,4 млн тенгеге қажетті жиһаз және мүкәммал сатып алынды. Аумақты абаттандыруға 122 млн теңге бөлінді.
2024 жылы «Қазақстан халқына» Қоры Оқу-ағарту министрлігінің бастамасын екінші рет қолдап, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарының балалар лагерьлерінде ауылдық жерлерден 326 баланың демалысын қаржыландырды. Облысымыздың тағы 500 баласы жазғы науқан ішінде демалады.
Облыста 9 мыңнан аса бала өңірдің 11 қала сыртындағы лагерінде демалып жатыр. Барлығы 103 мыңнан аса бала, яғни мектеп жасындағы барлық бала (111 мың, 96,4%) жазғы демалыспен және еңбекпен қамтылатын болады.
Ернұр ӘУЕЗХАН
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев