“Әуежай” шағын ауданындағы тұрғын үйдің кемшілігін жою мердігерге жүктелді

“Әуежай” шағын ауданындағы тұрғын үйдің кемшілігін жою мердігерге жүктелді

Облыс әкімі “Әуежай” шағын ауданындағы №45/1 тұрғын үйдің жай-күйімен танысты. Бұған дейін дәл осы үйдің тұрғындары бірқатар шағыммен өңір басшысына жүгінген еді.  

Көп пәтерлі тұрғын үй үш жыл салынған. Құрылысты бастаған мердігер банкротқа ұшырып, жұмыс тұралап қалған. Оның себебі – құрылыс материалдары бағасының күрт өсуі.

            “Жалпы үй бойынша шағым өте көп. Даладан кірер беттегі темір есік дұрыс орнатылмағандықтан, саңылауларынан жел соғады. Ішкі жаққа қосымша пластик шыны есік орнаттық. Алайда, жертөледен соққан жел жедел сатының есігінен келеді. Салдарынан бірінші қабаттағы пәтерлер салқындайды”, – дейді тұрғын Ринат Дуспаев.

Жертөлеге түскенде жер асты суын байқадық. Сонымен қатар, ауа өткізетін шағын терезелерді бітеп тастаған. Мамандар ауа алмасу мәселесін шешетінін жеткізді. Өйткені, ауа айналмаса құбырлар шіріп кетеді.

            “Суыққа шағымданған соң жертөле қабатындағы терезелерді бітеп қойған. Алайда, олай болмауы керек. Бұл өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы”, – деді Ринат Дуспаев.

Ал, қала әкімі Марат Жүндібаев су бұру жобасы осы жылы әзірленетінін айтты. Ақша бөлінген. Құмар Ақсақалов жерасты суларын бұру мәселесін барлық шағын ауданда шешу керек екенін жеткізді.

“Тұрғындар бекер шағымданбайды. Көптен күткен пәтерлері. Ғимаратта тіпті шағын ғана олқылық болса тапсырыс беруші қабылдамауы керек. Мердігерлер де жауапкершілік жоқ. Десек те, жылу жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр. “Юбилейный” және “Әуежай” шағын аудандарында болдым. Қазандықтардың жұмысы тұрақты бақылауда. Тұрғын үйге келер болсақ, мердігер ұйым кемшіліктерді жойып, тиісті жұмыстар жүргізетін болады”, – деді Қ.Ақсақалов.

Қазіргі таңда 50 адам тұрғын үйді сатып алу шартына қол қойған. Жетпіс екі пәтердің отыз бесі қоныстанған. Тұрғындардың айтуынша, пәтерлердің бір бөлігіне байқау әлі жарияланған жоқ.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу