Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6697 әскери бөлімінде бүгін әскери қызметші әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу, жаңғырту мақсатында «ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР-ҰЛТ ҚОРҒАНЫ» тақырыбында тәрбие танымдық сағаты өткізілді.
Ісшара ресми түрде шашумен ашылып, шымылдығын әскери бөлімнің әскери қызметшісі Абзал Есімсейіттің қызы Қымбаттың орындауында қазақ халқының ұлттық аспабы—жетігенде ән айтылды. Әсем әннен кейін, ісшара тізгіні Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Айтжан Кишкинтаева қазақ халқының салт-дәстүрлеріне тоқталып, сәлем салып, шай құю рәсімін көрсетті.
Кейін, ҚХА Аналар кеңесінің үйлестірушісі Жадыра Жұмасұлтанова ҚХА-дағы Аналар кеңесінің жұмысы туралы бөлісті. «Аманат» партиясы әйелдер қанатының төрайымы Гүлсара Жаманқұлова «Ақ орамал» күні белгіленгенін айтып, ақ орамалдың қадір қасиетін түсіндірді, іс-шарада отырған барлық әйелдер қауымына оюмен өрнектелген ақ орамалды табыстады. «Тілдарын» тілдерді оқыту орталығының басшысы Тоты Әбдібекқызы қазақ халқының салт-дәстүрлері тақырыбындағы әңгімені әрі қарай өрбітіп, дастарқанда отырған әскери қызметші-әйелдер өз әсерлерімен бөлісіп отырды.
Керемет отырыс соңында қонақтарға ісшараны ұйымдастыру мен өткізуге атсалысып, үлес қосқандары үшін бөлім қолбасшылығы атынан алғыс хаттар және Ұлттық ұланның жеке баспасы қалқан газеті мен бүркіт журналы табысталды.