Әскери дәрігерлер Президент Іс басқармасының медициналық орталығымен ынтымақтастық орнатты

Әскери дәрігерлер Президент Іс басқармасының медициналық орталығымен ынтымақтастық орнатты

Қарулы күштердің Бас әскери-медициналық басқармасы мен Президент Іс басқармасының Медициналық орталығы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Бұл қадам Президенттің азаматтық денсаулық сақтау мекемелерімен өзара іс-қимылды кеңейту, озық медициналық және цифрлық технологияларды енгізу туралы Жолдауының ережелеріне сәйкес келеді.

Серіктестік қатынастарды дамытуға бағытталған құжатты мекеме басшылары медициналық қызмет полковнигі Ержан Смайыл мен Алексей Цой қол қойып, бекітті.

Меморандум сырқаттың алдын алу, диагностикалау, емдеу және пациенттерді оңалту, мамандарды медицина саласындағы инновациялық технологияларға оқытуда тәжірибе мен білім алмасуды ұйымдастыруды көздейді.

Меморандумға қол қою рәсімінде Бас әскери-медициналық басқарманың бастығы медициналық қызмет полковнигі Ержан Смайыл ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін атап өтті. Бұл құжат озық медициналық технологиялар трансферін, бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін жүзеге асыруды, медициналық оңалту спектрін кеңейтуді, медициналық жабдықтауды цифрландыруды, медициналық көмек көрсету сапасын бақылау, пациентті қолдау, ішкі сараптама, сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылық қызметтерін жетілдіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды көздейді.

– Құжат біздің мекемелер арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа көкжиегін ашады. Біз күш-жігерімізді, білім мен тәжірибемізді біріктіру арқылы ғана денсаулық сақтау саласында шынымен маңызды нәтижелерге қол жеткізуге болатынын жақсы түсінеміз. Меморандум аясындағы бірлескен жұмыс бізге медицинада, азаматтарымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін нығайтуда жаңа биіктерге жетуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой.

Меморандумда бұдан бөлек, медициналық және басқарушы персоналдың біліктілігін арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыру, бірлескен ғылыми семинарлар, конференциялар және басқа да іс-шараларды ұйымдастыру көзделген. Серіктестік медициналық қызмет көрсетудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге және Отанымыздың игілігі жолында қызмет атқаратын әскери қызметшілердің денсаулығын жақсартуға мүмкіндік

береді.

 

Жаңалықтармен бөлісу