22 мая, 2025
Әділет капитаны: «Әскер – азаматтық мектебі»

Әділет капитаны: «Әскер – азаматтық мектебі»

Қазіргі таңда жастар арасында әскерге баруға деген қызығушылық төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Кейбір бозбалалар түрлі сылтаулар айтып, әскери борыштан жалтаруға тырысады.

Әсіресе, әлеуметтік желілер мен қоғамдық пікір алаңдарында айтылып жүрген келеңсіз оқиғалар олардың ойына күдік ұялататыны анық. Бірақ біржақты баға беруге болмайды. Өйткені әскер тек тәртіп пен талаптан ғана тұрмайды, онда өмір мектебінен өту, шыңдалу, ер жету, жауапкершілікке үйрену бар.

Бүгінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет ету – әр азамат үшін абыройлы міндет. Әскерге барған жас сарбаз тек қатаң тәртіпке бағынумен шектелмейді, сонымен бірге жаңа достар тауып, түрлі өмірлік тәжірибе жинайды. Ән айтып, мерекелік кештер өткізіп, спортпен шұғылданатын уақыттар да қарастырылған. Мұның бәрі әскери өмірді мазмұнды да мәнді етеді.

Әрине, әскери қызметтің өзіне тән талаптары бар. Сарбаз қаруды қалай ұстау керек, төтенше жағдайда не істеу керек, жауынгерлік дайындықтың ережелері секілді маңызды машықтарды меңгереді. Мұндай дағдылар – тек әскери салада ғана емес, бейбіт өмірде де қажет болатын өмірлік сабақтар.

Біздің басты мақсатымыз – әскери бөлімдерде заңсыздыққа жол бермеу. Бұл бағытта жүйелі түрде алдын алу іс-шаралары өткізіледі. Жауынгерлермен жиі кездесіп, олардың қандай қиындықтары барын анықтап, шешу жолдарын қарастырамыз. Тәртіп пен әділет – әскери ортада басты ұстаным.

Қазір елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бұл – Отан алдындағы азаматтық борышты өтеуге үлкен мүмкіндік. 21 мамырға дейін жас сарбаздар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты түрлі әскери бөлімдерге жіберіледі. Олар ертеңгі ел қорғаны, мемлекет тірегі болар азаматтар.

Сөз соңында айтарым, әскерден қорқуға емес, оған дайын болуға тиіссің. Өйткені бұл өмірдің бір белесі ғана емес, ертеңгі болашаққа салынған берік негіз.

Саят ИСЛАМОВ,

ҚР ІІМ Орталық өңірлік әскер-тергеу басқармасы
Қостанай тобынын тергеушісі, әділет капитаны