АЭС туралы айтпас бұрын сарапшылардың пайымын білу маңызды

АЭС туралы айтпас бұрын сарапшылардың пайымын білу маңызды

Президенттің биылғы Жолдауы дәстүрлі түрде халықтың, мемлекеттің алдында тұрған негізгі өзекті мәселелеріне арналды. Экономикалық мәселелер, өңірлерді дамыту жолдары айтылды.

Ғалым ретінде айтатын болсам, бәсекеге қабілеттілікті арттырудың бірден бір жолы – Қазақстанда өндіріліп жатқан тауарлардың құны неғұрлым арзан болуы керек. Басқа шетелге шығару үшін, тіпті Қазақстанның ішінде сатылатын болса да төмен бағада болуы қажет. Ол үшін оның өзіндік құнын төмендетудің бірнеше жолы бар. Мысалы,төмен шығындар болуы керек. Электр энергиясы төмен болуы керек. Тасымалдау шығындары төмен болуы қажет. Сол тетікті шешудің тиімді жолы қазір арзан энергия көзін іздеу болып отыр.

Арзан энергия көзін табудың көптеген жолдары бар. Айталық, табиғаттың желі де, күн де, су да ол жаңағы баламасыз дұрыс энергия болып саналады. Енді, тағы бір жолы бар. Ол – атом электр станциясын салу.

Дәл осы саламен айналысып жүрген мамандар оның әділетті бағасын айтып жатыр. Оның пайдасын да, қауіп-қатерін де халық білуі керек. Біржақты айтуға болмайды.

Сондықтан, азаматтар мүмкіндігінше сол ақпараттарға қолжетімді болу үшін сарапшылар үнсіз отырмай, өзінің сол туралы пайымдарын айтуы қажет. Сонда барып, ертеңгі күні халық референдумға барған кезде оның қолында оң жағы да, теріс жағы да туралы ақпараттар болып, соның басымырақ түскен жағына таңдау жасайды деп есептеймін.

Жалпы, референдум өткізу қажет. Бұл өте толғақты, маңызды мәселе. Мемлекеттік деңгейде көтеріліп жатқан қажеттілік болғандықтан, бұған бейжай қарауға болмайды.

Алдымызда әлі де уақыт бар. Осы уақыт ішінде әбден түсініп, зерделеп нақты көзқарасымызды білдіргеніміз жөн.

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры

Жаңалықтармен бөлісу