АЭС – еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты. Кейінгі кездері жаңартылатын әрі баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алдық. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3%-ға жеткізді. Осыған дейін бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10%-ға дейін өсіруді мақсат еттік. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 15%-ға дейін жеткізбекпіз. Сол себепті, АЭС құрылысының ел дамуына мультипликативті әсерін толық ұғынуымыз қажет.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы да энергетика мәселесін шешудің маңыздылығын айрықшалап айтып кетті.
«Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Елімізде энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді.
2035 жылға қарай ел экономикасы мен халықтың қосымша электро энергетикалық сұранысы 18 ГВт-тан астам жаңа буынды қажет етеді. Яғни белгіленген уақытқа дейін қолданыстағы электрлі стансалардың генерациясы тек 135 млрд КВт сағат болса, қазіргі таңда тұтыну мөлшері 152,4 млрд КВт сағатты құрап отыр. Бұл ағымдағы энергия көздерінің болжамдалған мөлшерден бөлек, тіпті қазіргі жүктемелерді толықтай қамтамасыз ете алмайтынын айғақтайды. Ядролық генерацияны дамытудың және көміртегі бейтараптығының жаһандық күн тәртібінде сақтаудың қажеттіліктері бар. Олар – елдегі электр энергиясын өндірудегі таза электр энергиясының үлесін арттыру, ел экономикасындағы көміртегі ізін азайту, еліміздің CO2 шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелерін орындау, елдің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде жаңартылатын энергия өндірудің өсуін қолдау.
Осы тұста еліміздің экологиялық жағдайына тоқталатын болсақ, парниктік газдардың ішінен көмірқышқыл газы CO2 – 81,6%-ы қазбалы отынды жағу кезінде бөлінсе, PI экстракция үдерісінде метан СН4 – 12,4% шығарылып, азот оксиді N20 – 5,6%-ды құрайды.
Болашақта атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылығы бар екенін де ескеру қажет. АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ атмосфераға парниктік газ шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзіне жатады. Атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығына да жауап береді. Өйткені АЭС үздіксіз жұмыс істейді әрі ауа райы жағдайына тәуелді емес. Заманауи технологияларды енгізу АЭС-тің жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атом энергетикасы еліміздің технологиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді. Сонымен қатар АЭС-тің жұмыс істеуі олар орналасқан аймақтардың экономикалық өсуіне тікелей байланысты. Заманауи АЭС энергия тиімділігін арттырып, смарт-желілік жүйелерге біріктірілуі де мүмкін. Атом энергетикасы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады. АЭС энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың ұзақмерзімді болашағын қамтамасыз етеді. Тіпті сутегі және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіруге пайдалануға болады. Оған қоса ядролық физика мен технология саласындағы зерттеулер мен инновациялардың серпілісіне жол ашады.
АЭС құрылысының ел дамуына мультипликативті әсері көп. Әлеуметтік әсері:
- Ғылыми-техникалық, жоғары білікті кадрлар әлеуеті артады;
- Құрылыста 8 000 адамға дейін қамтитын жұмыс орны ашылады, эксплуатация кезеңінде
2 000 адамға дейін жоғары сапалы маман қалыптасады; - АЭС салу кезіндегі 1 жұмыс орны іргелес салаларда 10-нан астам жұмыс орны ашылады.
Техникалық әсері:
- Жергілікті өнеркәсіпті дамытады;
- Жанармай базасы кешенді пайдаланылады;
- 60 жылдан астам уақытқа тұтынушыларды энергиямен қамтамасыз ету шешімін табады.
Экономикалық әсері:
- Жергілікті кәсіпкерлік қолдау (құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде шамамен 2,5-3,5 млрд доллар табыс түседі) табады;
- Бүкіл өмірлік цикл кезіндегі салық түсімдері 2,5–3,0 млрд доллардан асады;
- Елдің инвестициялық тартымдылығы артады.
Экологиялық әсері:
- Парниктік газ шығындылары жылына 10 млн тоннаға дейін азаяды.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. ЕО-ға мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарланып отыр. ЕО-да көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл отандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді. Президенттің тапсырмасы бойынша көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкімет электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтап, 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімді әзірлеуде.
Ресейлік осы саланың ғалымы Р.Алиев АЭС-тегі жағдайды авиациялық жағдаймен салыстырып, түсінікті мысал көрсеткен еді. Әуе кемесіндегі орын алған апат туралы барлығы естіп-білгенмен, күнде қаншама рейс ұшырылады. Сонда да ұшақ ең қауіпсіз көлік түріне айналған. АЭС-тен бас тартқан елдерде осы мәселеге қатысты қорқыныш әлі де бар. Мысалы, Чернобыльде болған жағдайдан кейін Италия АЭС құрылысына тыйым салған. Ал Фукусима апатынан кейін Жапония елдегі көптеген стансаның жұмысын тоқтатты. Германия да атомнан бас тартты. Бірақ Ресей, Қытай, Франция, АҚШ елі әлі күнге дейін АЭС құрылысын жалғастырып, оларды пайдалануға ерекше ұмтылып отыр. Ұлыбританияда жаңа 20 энергетикалық блок салу жоспарланған, жаппай электр мобильге көшу мәселесі қолға алды.
Жоғарыда аталған мәселелерді қорытындылай келе, мынандай ой туындайды:
1) АЭС салу және оны жүзеге асыру бойынша инфрақұрылымды нақтылау қажет.
2) АЭС салу құрылысын тәжірибесі бар елдің компаниясына табыстаған жөн.
3) АЭС-ке құзыреттілігі жоғары жауапты оператор ретінде арнайы органды бекіту және оған Президентке тікелей есеп беру міндетін жүктеу керек.
Ғалымжан Керімбек,
экономика ғылымдарының кандидаты
Дереккөз: Egemen Qazaqstan