Талдау нәтижесі көрсеткендей өңірімізде сақтандырылмаған халықтың ең көп үлесін өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар құрайды. Облыстың сақтандырылмаған тұрғындарының жалпы саны 131 мың адамға жетіп отыр.
Әлеуметтік сақтандыру қорының облыстық филиалының жетекшісі Батырбек Нұрғалиев өңірлік комуникация орталығы алаңында МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқық алу үшін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жарналарды өз бетінше төлеуі қажеттігін ескертті.
Мәртебе соңғы 12 айда төлем болған жағдайда ғана беріледі.
–Өткен жылдың қыркүйегінде медициналық сақтандыру туралы Заңға өзін – өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға алдағы 12 ай үшін жарналарды төлей отырып, бір жыл бұрын мәртебе алуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді, – дейді филиал директоры.
Бұл жерде жарна мөлшерлемесі ең төменгі жалақы мөлшерінің бес пайызын немесе 3500 теңгені құрайтынын ескере кеткен жөн. Қазіргі уақытта бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысудың балама жолы пайда болды. Бұл ретте БЖТ мөлшерлемесі қала тұрғындары үшін 1 АЕК, ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК құрайды.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА