05.08.2025
Әлеуметтік әділеттілік – Үкімет жұмысының басты бағыты

Әлеуметтік әділеттілік – Үкімет жұмысының басты бағыты

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалуы жан-жақты қаралды. Сан түрлі сала егжей-тегжейлі талдау-талқылауға түсіп, алдағы жоспарлар пысықталып жатыр. Сол көптеген саланың ішінде мен бір ғана бағытты тілге тиек еткелі отырмын. Әлеуметтік саланың қаржыландырылуы мен оның тиімділігіне басымдық берілгені — бұл Үкіметтің ел халқының тұрмыс сапасына деген ерекше назарын көрсетеді.

Бүгінде республикалық бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Бұл қаражат зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге, білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларын дамытуға жұмсалуда. Аталған бағыттарда кешенді әрі жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқаны — мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілік саясатының айқын көрінісі.

Сондай-ақ ресурстарды тиімді пайдалану, шығындарды нақты бақылауға алу — уақыт талабы. Осыған байланысты әлеуметтік қолдауды теріс пайдалануға қарсы күрес шаралары қолға алынуда. Премьер-министрдің «әлеуметтік көмек тек шын мұқтаж азаматтарға көрсетілуі тиіс» деген нақты ұстанымы – әділетті әлеуметтік саясаттың негізі.

Цифрлық отбасы картасы арқылы азаматтардың нақты әлеуметтік мәртебесін айқындау — көмекке шынымен мұқтаж жандарға бағытталған әділ механизм. Бұл орайда жұмысқа қабілетті, табысы жеткілікті адамдардың әлеуметтік көмектен шығарылып, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар секілді жұмыс істеу қабілеті шектеулі жандарға басымдық берілуі – әлеуметтік әділеттілік қағидасына толық сай келеді.

Осы ретте Премьер-министр атап өткен әлеуметтік тәуелділік пен алаяқтық фактілерінің алдын алу – өте өзекті мәселе. Мемлекеттік ресурстар тек әділ және нақты мақсаттарға жұмсалуы тиіс. Бұл қадамдар халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, қоғамда әділеттілік пен теңдік принциптерін нығайта түседі.

Жалпы алғанда, Үкіметтің қазіргі әлеуметтік саясатты жаңаша көзқараспен бағалауы – еліміздегі тұрақты даму мен халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды бетбұрыс деп айтуға болады.

Ғайния Есеева,

Қостанай облысы мәслихатының депутаты