Әлем чемпионатында чемпион атанды

Әлем чемпионатында чемпион атанды

Асық атудан Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өткен әлем чемпионатынан қостанайлық Жанар Сұлтанова жеңімпаз болып оралды.

Халықаралық додадан елге алтын сыйлаған жеңімпазды жерлестері құшақ жая күтіп алды.

“Жанар барлық қарсыластарын таза ұтты. Төрешілерге ешқандай күмән қалдырған жоқ. Соның арқасында жекелей әрі командалық сында қарсыластарынан басым түсті. Бұл шәкіртімнің бес асықтан алып отырған халықаралық дәрежедегі он үшінші жеңісі”, – дейді бапкері Кәрішал Төлегенұлы.

Жанар да бұл жарыстың оңай соқпағанын айтып отыр.

“Қазір біздің ұлттық ойынымызды бірнеше мемлекеттің спортшылары меңгерді. Осы жолғы жарысқа әлемнің он бір әйелдер құрамасы қатысты. Әсіресе, Ресей, Қырғыздың қыздары лайықты қарсылас болғанын айтар едім”, – дейді әлем чемпионы.

Қазақтың көк байрағын желбіретіп келген жеңімпазға 1 млн теңге сертификат берілді. Облыстық ұлттық спорт мектебінің, дене шынықтыру және спорт басқармасының, Қостанай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің өкілдері жеңісімен құттықтап, қолдау көрсетті.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу