Жақында Өзбекстан Республикасы Хива қаласында ересектер және ұлдар мен қыздар арасында гір спортынан өткен әлем біріншілігінде қос спортшымыз жеңімпаз-жүлдегер атанып келді.
Бұл жарысқа алғаш рет Барвин жалпы білім беретін мектебінің оқушылары – Әлижан Байдосов пен Данияр Галимов қатысқан болатын. Олар гірді екі қолмен кеудеден асыра және бір қолмен жұлқа көтеру, ұзақ цикл бойынша жарыстарда сынға түсті.
Әлем біріншілігінің қорытындысы бойынша Әлижан серпілісте күміс медаль және 63 келіге дейін қола медаль жеңіп алды. Ал, Данияр серпілісте әлем біріншілігінің жеңімпазы атанса, 68 келіден астам ұзақ цикл бойынша төртінші тұғырға тұрақтады.
Әлем біріншілігінде жеңімпаз-жүлдегер атанған спортшыларды Барвин жалпы білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, тәжірибелі жаттықтырушы Нұрлан Тайжанов жаттықтырады.
– Қазіргі уақытта “Барвин гір көтерушілері” спорт үйірмесінде 27 оқушы спортпен айналысады. Ал, Әлижан мен Данияр 6 жылден бері келіп жүр. Бізге директордың міндетін атқарушы Сәуле Кәкімжанқызы бастаған ата-аналар мен мектептегі әріптестер өте жақсы қолдау көрсетеді. Облыстық жарыстарға шығарда Сарыкөл аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, ауданның білім бөлімі және Сарыкөл ауданының шаруа қожалықтарының басшылары көмектеседі. Осының алдында Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігіне барар сәтте Қазақстан халқынан ерекше қолдау көрсетілді. Осы сапарымызды қаржыландыруға көмектескені үшін барлық оқушылардың атынан Сарыкөл ауданының әкімі Амантай Балғаринге және «Сарыкөл-2012» қоғамдық қорына алғыс айтқым келеді, – дейді Нұрлан Мұратбекұлы.
Айта кетейік, жыл басында осы спортшылар Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз-жүлдегерлер қатарынан көрінсе, ал Астана мен Петропавл қаласында жалауын түрген Қазақстан Республикасының біріншілігінде жеңімпаз атанды.
Өткен апаның жұмасында гір спортынан әлем біріншілігінде топ жарған қос спортшы мен олардың жаттықтырушысын ауданның патриот азаматтары Сарыкөл кентінің кіреберісінен сый-құрмет көрсетіп күтіп алып, ауданды жалаулатып бір айналып шықты.
Жаһандық жарыста жасындай жарқылдаған жерлестеріміздің жеңісіне ортақтасқан аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және денешынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Шүленов, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы ізгі тілектерін жолдады. Жаттықтырушының ата-анасы қонақжайлылықтың үлгісін паш етіп, спортшыларды үйлеріне шақырып, дастархан жайды. Сондай-ақ, Барвин жалпы білім беретін мектебінің ұжымы да оларды ерекше қарсы алды.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы