Әлем балалар көзімен қалай көрінеді?

Әлем балалар көзімен қалай көрінеді?

1 маусым балалар үшін ерекше мереке. Бұл күнді бүкіл әлем Балаларды қорғау күні ретінде атап өтеді. Халықаралық мерекеге орай балалардың ерекше жұмыстарынан құралған «Балалар әлемі!» атты көрме ашылды.

Іс-шара келген қонақтарды балалардың шығармашылық туындыларымен таныстыру мақсатымен өтті.

“Мемлекеттік тапсырыс аясында басқарма ата-аналар мен балаларға арналған шығармашылық үйірмелерді қаржыландырады. Яғни, біздің қаржыландырудың арқасында балалар үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік алады. Облыс бойынша жеті мыңға жуық бала шығармашылық үйірмелерге барады”, – дейді мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Диана Қадырова.

Көрмені «Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы» ММ, «Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі» КММ, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберіндегі өнім берушілер ұйымдастырды.

Сондай-ақ, іс-шараға мәдениет басқармасының жауапты қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер, қостанайлық суретшілер, оқытушылар мен оқушылар, қала тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері қатысты.

“Балалар әлемі” атты көрмесі арқылы біз әлемді балалардың көзімен көре аламыз. Көрмеге бейнелеу өнері, кескіндеме, мүсіндеу, сәндік-қолданбалы өнердің 100-ден астам балалар туындылары қойылды. Балалар түрлі жанрлар мен техникаларды қолданып, әртүрлі шығармашылық композициялар ұсынды. Өз көзқарасыммен қарағанда балалардын жұмыстары өте жақсы жасалған”, – дейді Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Дина Өміржанова.

Суретші-қолөнерші Арлан Аңқауов қазақ халқының көркемдік мұрасын өз шығармашылығы арқылы жеткізеді. Суретші өз туындыларын қой жүнінен жасалған табиғи жүн талшығынан жасайды. Автордың “Arlan Design” студиясы 8 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың шығармашылығын арттыруға көмектеседі.

“Бүгінгі көрмеге біздің студияның атынан 10 шақты бала өз туындыларын ұсынды. Балалар қазақ елінің табиғатынан шабыт алады. Ұлттық нақыштағы картиналарды, табиғат пен жан-жануарларды бейнелегенді ұнатады. 14 жылдық тәжірибем бар. Шәкірттерім халықаралық және республикалық сайыстардан жүлделі орындармен келеді”, – дейді ол.

Көрмеге 4-тен 17 жасқа дейінгі балалар қатысты. Олардың әрқайсысының өзіндік техникалары бар. «Балалар әлемі!» көрмесі әртүрлі жастағы балалардың достығы мен бірлестігін бейнелеу өнері арқылы жеткізеді.

“Мен 10 жасымнан бастап сурет салумен айналысамын. Көрмеге ұлттық аспаптар және жан-жануарларды бейнелген суреттерімді әкелдім. Келешекте атақты суретші болуды армандаймын. Бейнелеу өнері бойынша еліміздің атағын әлем деңгейіне шығарып, дүниежүзіне танытқым келеді”, – дейді Нұртай Тамерлан.

Диана Алмасқызы

Суреттерді түсірген – Тимур Қайратұлы

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу