Осы жылдың 15 қаңтарында редакциямызға Сарыкөл ауданы Сорочин ауылдық округіне қарасты Островное елді мекенінің тұрғыны хабарласты. Ол боранды күндері жолды қар басып қалғанын, тұрғындардың ауыл ішінде жүріп-тұрулары қиындап, әкімдікке бірнеше рет хабарласқанын, оған сол ауылда туып-өскен Николай Янусовтың көмек қолын созғаны туралы хат жазған еді. Шағым білдірген оқырман орман шаруашылығының басшысы Рашид Раисовтың: «Біз бұл іске жауапты емеспіз!» – деп кесіп айтқанын да келтірген.
Осы жағдайға байланысты аудан әкімдігінен жауап хат келіп түсті. Хатта сол жағдайдың мән-жайын түсіндірген:
«Островное ауылы Сарыкөл ауданына қарасты Сорочин ауылдық округіне жатады. Жоғарыда аталған мақала бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен 13-14 қаңтарда бұрқасын, қатты жел соғатыны туралы хабарлама келді. 14 қаңтар күні Островное ауылында жол тазалау жұмыстарын жүргізу үшін ауылдық округтің әкімі Ермек Шопағұлов «Мелитополь» ЖШС басшысына нұсқама берді. Осы орайда аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшысы сол ауылда тұратын өзінің қызметкері (инженері) Николай Янусов деген азаматқа Островное ауылындағы жолдарды тазалау бойынша тапсырма берді».
Аудан әкімдігінің мәліметінше, орман шаруашылығы мекемесі әр кезде ауылдың, ауданның тыныс-тіршілігіне белсене атсалысып отырады. Ауыл әкімдігі орман шаруашылығы мекемесімен өзара тығыз қарым-қатынас орнатқан. Жергілікті басшылық қысқы мерзімде жол тазалау жұмыстары тұрақты бақылауда болатынын мәлімдеді.