Қостанай облысы ПД Жол-техникалық инспекциясы 2024 жылғы жұмысты қорытындылады.
Өңірде жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдардың ұзындығы 11 мың шақырымнан асады.
Өткен жылы инспекция 54 200 шақырымды қамтыған 3,5 мыңнан астам автожолды тексерді. Осы іс-шаралар барысында полицейлер анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 4 мыңға жуық ұйғарым шығарды.
“Жолдардың жай-күйіне байланысты ең үлкен мәселелер жол белгілерінің болмауына немесе тозуына, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуіне, жол бойындағы жарықтың жеткіліксіздігіне, сондай-ақ жол жамылғысының (шұңқырдың, ойықтардың) ақауларына және жолдарды қар мен мұздан уақтылы тазаламауға қатысты туындайды. Жүргізілген тексерулер нәтижесінде 482 лауазымды тұлға, оның ішінде әкімдер мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ ТКШ бастықтары сияқты мемлекеттік органдардың 113 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 7,8 млн теңгеден асты”, – делінеді облыстық ПД хабарламасында.
2024 жылдың тамызында полиция облыстық маңызы бар үш автожолға (“Ұзынкөл-Сарыкөл”, “Қостанай-Введен”, “Рудный – Қашар-Федоров”) жол белгілерін уақтылы орнатпағаны үшін облыс әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілін жауапқа тартты.
Сол жылдың қараша айында Қарасу кентінің Советская көшесінде Volkswagen автокөлігінің 60 жастағы жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Ол алған жарақаттарынан қаза тапты. Тергеу барысында полицейлер жол учаскесінде жасанды жарықтандырудың жоқтығын, сондай-ақ жол жиектерінде мұз бен қар үйінділерінің болуын анықтады. Бұл кемшіліктер апатқа ықпал ететін факторларға алып келді.
“Сараптама қорытындысында жүргізушінің алдынан адам шығып қалғанда көлікті тоқтатып үлгермегені анықталды. Іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, бірақ жергілікті билік өкілдері жолды дұрыс күтпегені үшін жауапқа тартылды және 15 АЕК (55 380 теңге) көлемінде айыппұл салынды”, – дейді бұл жөнінде тәртіп сақшылары.
2024 және 2025 жылдардағы қысқы маусымда полицейлер 500-ден астам тексеріс жүргізіп, жолдарды қар мен мұздан жеткілікті тазаламауға қатысты осындай нұсқамалар берді. Нәтижесінде мердігерлік ұйымдардың 40 өкілі және мемлекеттік органдардың 7 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылған.
Қостанай облысында автожолдардың темір жолдармен 171 қиылысы бар. Полиция 493 теміржол өткелдерін тексерді, нәтижесінде 500-ге жуық ұйғарым шығарылды. Негізгі құқық бұзушылықтарға қажетті жол белгілерінің болмауы, тозған төсеніштер және жарықтың дұрыс жұмыс істемеуі жатады. Осы олқылықтарды уақтылы жоймағаны үшін 78 лауазымды тұлға жауапқа тартылды.
Нұрдана Тағаймұратова