“Әкешім – мақтанышым!”

“Әкешім – мақтанышым!”

Ата-ананың балаға дұрыс тәрбие бергені – ең үлкен жауапкершілігі әрі өмірлік бақыты. Ананың орны қашан да төр. Бірақ отбасының бәйтерегі – асқар тау әкенің орны айрықша ғой. Патша, ұлық, би-шешен болмаса да, әке бала үшін тау тұлға!

Мерейлі 80 жасқа толып отырған Сапар Әбубәкірұлы Жаңбыршинді бақытты ұрпақ тәрбиелеген бақытты әке деп айта аламыз. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, 13 немере, 3 шөбере сүйіп отырған ақсақал кейінгі буынға берері мол өнегелі қария.

1943 жылы, сәуірдің 25-ші жұлдызында Аманкелді ауданының Үрпек ауылында дүниеге келген Сапар Әбубәкірұлы онжылдықты бітіргеннен кейін мектеп басшылығы жақсы оқығаны үшін оны бастауыш сыныпқа мұғалім етіп алып қалады. Бір жылдай сабақ беріп, жоғары оқу орнына оқуға түсуге талпынады ғой. Алматыға барып, ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі.

Үш курс әдемі білім алып келе жатып, жастықтың буымен, досына араша түсемін деп жастар арасындағы төбелеске қатысып, оқудан шығып қалады. Ауылға қайтып келген, ісіне мығым, білімді, белсенді жасты совхоз басшылығы комсорг қылып жұмысқа алады. Еңбекқорлығымен көзге түскен атамыз, облыстық комсомол комитетінің пленумында президиум мүшесі болып сайланады. Жұмысының сыртында өзінің Алладан бұйырған дарынымен көркемөнерпаздар ұжымының  белсенді мүшесі болады.

Талантты жасты театрдың басшылығы  аудандық театрға  жұмысқа  шақырады. Сапар ақсақал сол өнер ұжымының «халық театры» атағын алуына зор еңбек сіңірген жан. Аманкелді театрының режиссері болған Мейрамхан Қапышевпен бірге Ақмолаға гастрольмен барады. Спектакльден кейін көрермен мен сыншылардың жоғары бағасын алған аманкелділік ұжым «халық театры» атағын алыпты.

– Сол уақытта әкем мен анам танысып, шаңырақ көтерді. Үйленгеннен кейін «бұлай болмайды, жоғары білім керек» деп, Алматы консерваториясына көңілі ауыпты. Бірақ, анамның пысықтығының арқасында сол кездегі астанамыздағы малдәрігерлік институтқа оқуға түсіп, бітіріп шығады. Мен үйдің тұңғышымын. Әкем болса студент. Есімде, ол кісі студент жастардың ортасында асаба болды. Қай жерде той бар – анам үшеуіміз сондамыз. Бір тойда атақты ақын Мәриям Хакімжанова апамыз маған бата берген болатын. Менің алты жасыма дейін біз Алматы қаласында тұрдық. Атам қайтыс болғаннан кейін әжем әкем мен шешемді ауылға шақырып алды. Ауылдағы мен көрген өмір осылай басталып еді, – дейді өткен күнді еске алған ата-ананың тұңғышы Қырмызы Сапарқызы.

Сапар Жаңбыршин туған жердегі алғашқы кәсіби еңбек жолын Үрпек ауылының Ақкісі бөлімшесінде зоотехник болып бастайды. Бір жылдан кейін Абай совхозы құрылып, сонда бас зоотехник болып барады да,  біраз жыл мал шаруашылығында тер төгіп, еңбек етіп, кейін сол совхозға бас экономист болып ауысқан екен.

Әрі қарай еңбек жолын Әліби Жанкелдин атындағы жаңадан ашылған совхозда жалғастырып, әкемді ол жаққа бас зоотехник әрі порторг қылып жіберді. Екі қызметті қатар атқарды. Кейін Аманкелдіге ауыл шаруашылық басқармасына бас зоотехник болуға шақыртылды. Онда біраз жыл жұмыс істеді, кейінгі уақытта бас есепші де болды. Сол жерден зейнетке шықты. Бірақ, құрметті демалысқа шықса да, аудан басшылығының өтінішімен,  аудандық қоғамдық қорды ұйымдастырып, тағы үш жылдай қызмет жасады, – дейді  қызы Қырмызы Жаңбыршина.

Өмір бойы ауылды жерде пеш жағып, суық судың зардабын тартқан адамның денсаулығы да сыр беретіні анық. Халима анамыздың да денсаулығына байланысты, оның үстіне балаларының бәрі өсіп-жетілгеннен кейін Сапар ақсақал қалада тұратын кенже ұлы Жасұланның қолына көшіп келді. Бүгінде әулеттің тұңғышы, белгілі қаржыгер, облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты Қырмызысы бар, Әсет, Әсем, Көркем, Әдемі есімді ұл-қыздарын бірі ұстаз, бірі дәрігер, бірі қаржыгер болып, өмірдің әр саласында қызмет жасайды. Сапар ата мен Халима анамыз – балаларының қызығын көріп отырған бақытты ата-ана.

– Әкем қарапайым отбасынан шықса да, көзі қарақты. Ет тірлігімен, адалдығымен ғана өскен кісі. Өте намысқой. Ұнамаған дүниені бетке тіке айтады. Ашуланса да, қайтымы тез. Өзім деген жанға өзегін жұлып беруге дайын, ақкөңіл адам. Адалдықты жаны сүйеді, бізді де үнемі адал болуға тәрбиеледі. Өзі өте ақынжанды адам. Өнерге жақын, әншілігі бар, тіл байлығы зор. Ол кісі жетпіс жасқа толғанда шағын кітабын шығарып берген едік.

Есте сақтау қабілеті өте жоғары. Тарих тақырыбын көп біледі. Ақын-жазушылардың айтқандарын, ғұлама кісілердің өсиеттерін жатқа айтады. Бабадан қалған сөзді тез жаттап алады, соны өзінің қойын дәптеріне түртіп отырады. Оны бізге оқып береді. Мен әкемнен кітап оқуды үйрендім. Үйде әкемнің үлкен жеке кітапханасы болды. Кеңес үкіметі тұсында бір жалақысына көптеген екі тілде шығатын газет-журналдарға жазылатын. Кітап, басылымдарды көп жинады. Қалаға көшкен кезде 500 кітабын аудандық кітапханаға сыйға тартып кетті. Бірақ әдет қалмайды екен – әлі күнге дейін кітап жинағыш. «Қостанай таңы» газетін күтіп отырады. Теледидардағы жаңалықтарды, танымдық бағдарламаның бірін қалдырмай қарайды. Айтылған мәселенің барлығын жіліктеп, сараптап отырады, – дейді қызы.

Көп жиындарда Сапар ақсақалдың батагөйлігіне тәнті боламыз. Рас, абыз ата бір берген батасын екінші отырыста қайталамайды. Бұл да Алланың бергені дарыны болар. Алладан күш-қуат, мықты денсаулық, лайым, ақ батасымен ел-жұртының, әулет-зүриятының алдында абыройы асқақтай берсін деген біздің де тілегіміз бар.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Жаңалықтармен бөлісу