Әкемтеатр ұжымы Қостанайға  келді

Әкемтеатр ұжымы Қостанайға  келді

Қостанай қаласына гастрольдік сапармен келген Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ұжымы ертеңнен бастап 14 қазанға дейін өнер көрсетпек.

99-театр маусымының шымылдығын түрген Әкемтеатр ұжымы биылғы жылын «гастроль маусымы» деп жариялаған болатын. Қазақ ұлттық драма театры Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры сахнасында таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынғалы тұр.

Өз шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясымен ашқан ұжым, осы уақытқа дейін үлкен белестерден өтіп, ұлттық өнердің символына айналған көне  театрға 2026 жылы ғасыр толады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне» орай өткен салтанатты жиында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты толығымен қайта өңдеуден өтетіні  туралы  мәлімдеген болатын. Бұл жұмыс аталған өнер ордасының 100 жылдық мерейтойына орай 2026 жылы аяқталады.

Ертең Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» махаббат дастанын, 10 қазан А. Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасын, 11 қазан С. Досжанның «Махаббат пен қасірет» драмасын, 12 қазан А. Құнанбайұлының қара сөздері желісіне негізделген «Қара» драмасын, 13 қазан Т. Нұрмағанбетовтың «Бес бойдаққа бір той» комедиясын және 14 қазан гастрольдің қорытынды қойылымы Ғарифулла Есімнің «Таңсұлу» драмасын сахналайды.

Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Жаңалықтармен бөлісу