28 июня, 2025
Әйгерім Абаева: «Қазақ тілін дамыту – менің миссиям»

Әйгерім Абаева: «Қазақ тілін дамыту – менің миссиям»

Бүгінде тілімізге деген сұраныс артқанымен, сол сұранысты сапалы біліммен, тәрбиемен және құндылықтармен қамтамасыз ете алатын орталықтар көп емес. Қостанай қаласында жұмыс істейтін Abai.school.kids оқу орталығы – осы олқылықтың орнын толтырып жүрген бірегей орталық. Директоры Әйгерім Жалғасбайқызымен тілдесіп, оның миссиясы, кәсіпке деген көзқарасы, тіл мен тәрбие туралы ойлары жайлы сұрап білген едік.
– Қазақ тілін дамытуға арналған орталық ашу — бұл кәсіп пе, әлде миссия ма? Өз бойыңызда бұл екеуі қалай тоғысады?

– Бұл ең алдымен миссия. Өз баламнан басталған үлкен бір мұң мен ізденіс мені осы орталықты ашуға алып келді. Көп ата-аналар сияқты мен де өз баламның тілі шықпағанына алаңдадым. Логопед мамандардың жетіспеуі, балаларынын орысша сөйлеуі – үлкен кедергі болды. Нәтижесінде ұлымның тілі орысша шығып кетті. Осы сәтте мен ойландым: «Қазақ тілін дамыту үшін не істей аламын?» – деп. Сөйтіп, кәсіп бастау арқылы өз миссиямды жүзеге асыруға бел будым. Бұл – таза табыс көзі емес, табыстың бір бөлігі күн көрісіме кетсе, қалғаны осы миссияның орындалуына бағытталады. Сондықтан мен үшін бұл екеуі – кәсіп пен миссия – бірге тоғысқан, бірін-бірі толықтыратын құндылықтар.

– Орталықты алғаш ашқанда қандай мақсат қойдыңыз? Ал қазір сол мақсат өзгерді ме?

– Ең басты мақсатым – балаларға қазақ тілінде ойлауға, сөйлеуге мүмкіндік беру, әрі сол арқылы қазақи құндылықтарды бойына сіңіру болды. Бұл мақсат әлі де сол күйінде. Өзімнің тәрбиеші ретіндегі тәжірибем мен Алматыда алған қосымша білімім осы орталықтың негізін қалады. Уақыт өте келе миссия тереңдеді, енді біз тек тілді ғана емес, тәрбие мен ұлттық болмысты қатар беруді мақсат тұтамыз.

– Сіз үшін қазақ тілінің сұлулығы неде? бұл сұлулықты басқаларға қалай жеткізгіңіз келеді?

– Қазақ тілінің сұлулығы – оның байлығында, бейнелілігінде, рухында. Бұл тек тіл емес, бұл – мәдениет, дәстүр, ұлттың жаны. Мен бұл сұлулықты қазақи тәрбиемен, дәстүрлермен, құндылықтармен жеткізгім келеді. Сабақ барысында да, күнделікті тәрбие жұмысында да балаларға осыны сезіндіруге тырысамыз. Тіл – құрал ғана емес, рухани арна, ал біз осы арнадан су ішуге бала жастан баулуымыз керек.

– Орталықтың ішкі рухын қалай сипаттар едіңіз? Ол тек білім орны ма, әлде одан да тереңірек нәрсе ме?

– Біздің орталық үш сөзбен сипатталады: Білім. Тәрбие. Құндылықтар. Біз тек білім беріп қоймаймыз, бала тәрбиесіне ерекше мән береміз. Қазіргі ата-аналар көбінесе жұмыста, ал біз сол балалардың рухани тәрбиешісі болуға тырысамыз. Әр сабақта ұлттық дүниетанымды жеткізу – басты міндетіміз. Бұл жай ғана білім беру орны емес, бұл – қазақ болмысын оятатын шағын рухани кеңістік.

– Сіз үшін маңыздысы не? адамның қазақ тілін меңгеруі ме, әлде ол тіл арқылы ұлттың рухын сезінуі ме?

– Тілді білу – алғашқы қадам. Бірақ бастысы – тіл арқылы ұлттың рухын сезіну. Біз баланың жай ғана сөйлегеніне емес, оның ойының қазақша өрілуіне мән береміз. Қазақ тілінде ойлап, қазақша сезіне бастағанда ғана адам өз болмысына жақындайды. Сондықтан біздің мақсат – баланың сөздік қоры емес, рухани дүниесі қазақ тілімен қатар дамуы.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Сабина КЕҢЕСБАЕВА