Әйелдер күштері альянсы білім басқармасымен жаңа жобаны қолға алды

Әйелдер күштері альянсы білім басқармасымен жаңа жобаны қолға алды

Қостанай облысы білім басқармасы мен Қостанай облысының әйелдер күштері альянсы «Жас көшбасшылар мектебі» жобасын іске асыру туралы меморандумға қол қойды. Өзара ынтымақтастық келісім оқушылардың жаңа бастамаларын дамытуға және қолдауға бағытталған.

Бұл шараның маңызды екені даусыз. Қазіргі уақытта әлем қарқынды өзгеріп жатқанда білім әр адамның өміріндегі сәттіліктің негізгі факторына айналады. Президент Қ.Тоқаев Жолдауында балаларға білім беріп қана қоймай, болашақта табысты адам болып қалыптасуына көмектесетін құндылықтарды қалыптастыру маңызды екенін бекер атап өткен жоқ.

 «Сондықтан білім басқармасы мен альянс арасындағы ынтымақтастық балалардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік жауапкершілігі мен көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған. Меморандум тұтастай алғанда мектеп оқушыларының көшбасшылық қасиеттерін дамыту үшін бірегей нетворкинг алаңын құруды көздейді. Бұл қоғам қайраткерлері мен көшбасшылардың келесі буынын даярлаудағы маңызды қадам болмақ. Сондықтан біздің көздегеніміз әр баланы жеке тұлға деп қарап, өзіне тән даму ерекшеліктерін анықтау.  Біздің ғасырымыз жаңа технологиялардың дәуірі болғандықтан, оқушыға өзін-өзі тануға мүмкіндік жасау», – дейді «Жас көшбасшылар мектебі» жобасының жетекшісі Лилия Байжанова.

Жоба жетекшісі Лилия Байжанова жас көшбасшылар мектебі жобасы жастар арасында әлеуетін көтеруге арналғанын айтады.

Алдағы уақытта екіжақты келісім аясында түрлі тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары өтеді. Сондай-ақ, гендерлік теңдік, көшбасшылық қасиеттер, өзін-өзі дамытудың жарқын жолдары жөнінде арнайы сабақтар жүргізіледі. Мұндағы мақсат – болашақ маманды тек кәсіби маман ғана емес, жан-жақты дамыту.

«Жастарды қолдау – еліміздің мемлекеттік саясатының стратегиялық басым бағыты. Тәуелсіздік кейін қол жеткізген табыстарымыздың маңыздысы да – осы білімді, талантты жастардың өсіп-жетілуі. Бүгінгі күні өздеріңді жан-жақты дамытуға ешқандай кедергі жоқ. Үнемі талпыну керек, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, білім алуға көп мән беру қажет. Көп оқып, жалықпай еңбектену керек. Өзара ынтымақтастық Қостанай облысы жастарының кадр резервін құрайды деген үміттеміз», – дейді Қостанай облысы әйелдер күштері альянсының төрайымы Римма Бектұрғанова.

Жоба бағдарламасы аясында жастарға арналған қызықты тренингтер, танымдық саяхаттар, жетістікке жеткен тұлғалармен кездесу қамтылған.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

 

 

Жаңалықтармен бөлісу