Бүгін Қостанайда Әйелдер альянсының ұйымдастыруымен, саяси тұрғыдан әйел көшбасшыларды дайындау мақсатымен тренинг өтті.
Қазіргі таңда әйелдер мен балалардың құқықтарын сақтау, гендерлік теңсіздікке байланысты мәселелерді шешуде Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы белсенді жұмыс істеп келеді. Әйелдер альянсы 2019 жылдың қыркүйегінде құрылды. Бұл ұйымның негізгі миссиясы – еліміздегі әйелдердің өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру. Бүгінгі тренингтің көздегені де осы идеяларды ілгерілету. Басты спикер – әлеуметтану ғылымдарының докторы Раушан Бергебайқызы. Қазақстанға танымал тұлға. Ол өзінің өмірлік және саяси көшбасшылық тәжірибесімен бөлісті.
“Қазақ халқы: «Ұлды тәрбиелесең, елді тәрбиелейсің, қызды тәрбиелесең, ұлтты тәрбиелейсің», – деген екен. Осылайша, аталарымыз еліміздің болашағы – қыздардың тәрбиесіне терең мән берген. Ежелгі заманнан отбасының болашағы қыздар екенін түсініп, оларды қонақ деп санаған. Білімді қыз – білімді бала, яғни білімді ұлт екенін естен шығармаған жөн. Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы осы қағиданы аса бағалайды”, – дейді Раушан Сәрсембаева.
Тренингке Қостанай облысы Әйелдер күштері Альянсының ең белсенді әйелдері ғана емес, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары альянсының өкілдері де жиналды.
“Осы күнге дейін депутаттыққа екі рет үміткер болдым. Мен үшін саясатта әйелдердің рөлін, қажеттілігін білу өте маңызды. Бүгін біз саяси қызметте белсенді жұмыс істеп жүрген әйелдермен таныстық. Ортақ идеяларымызбен, болашақтағы бағыттарымыз туралы ой бөлістік”, – дейді Солтүстік Қазақстан облысы Әйелдері күштері Альянсының төрағасы Гүлбақша Мұсабаева.
Іс-шарада әйелдердің саясаттағы рөлі, елдегі гендерлік стереотип мәселелері қарастырылды.
“Қазақстан халқының басым бөлігі әйелдер болғанымен, маңызды шешімдер қабылданған кезде әйелдер іс жүзінде тыс қалып жатады. Шешім қабылдауға келгенде әйелдердің белсенділігі байқалмайды. Әйелдерді саяси тұрғыдан дайындау, оқыту өте маңызды. Мәселен, сайлау болған уақытта көбі ер адамды таңдап жатады. Әйел көшбасыларын таңдағандар өте сирек кездеседі. Бұл – гендерлік стереотиптердің бірі”, – дейді Қостанай облысы Әйелдер күштері Альянсының төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы Римма Бектұрғанова.
Ақмола облысы Әйелдер күштері альянсының төрағасы Анаргүл Мұхамедрахимова көп балалы аналар да саясаттан тыс қалмау керек деп есептейді.
“Мен көп балалы ана, күміс алқа иегерімін. Қазіргі таңда көп балалы аналарға аянышпен қарайды. Оны дұрыс деп санамаймын. Себебі қоғамда әр адамның өз орны бар. Әр әйел саясаттан да, биліктен де хабардар болып, араласып отырғаны дұрыс”, – дейді ол.