Әділ ӘУЕЗХАН. Құлагер

Әділ ӘУЕЗХАН. Құлагер

(әңгіме)

Әлимә үштен асқан соң шешесі екеуміз балабақшаға берейік деп шештік.

Шештік дегенде, шешкен – шешесі. Мен қарсы болғам. Үйде отыра берсе де болады ғой, өзіміз бала кезімізде балабақша түгілі, жазғы лагерьге барып көргеміз жоқ, шүкір, жұрттан қалмаған сияқтымыз. Күнде кешке, мен жұмыстан келген соң кең аулада асыр сап ойнайды, достары да бар, жетпей ме. Балабақшада бала көп, яғни ауру-сырқау көп, тәрбиеші қаталдау болса, қазынаның тамағы жақпай қалса, бөлек-салағы тағы бар, деп көріп едім, болмады. Аргументі тастай. Жұмысқа шығам дейді. Шығыстағы ірі компанияда есепші еді, жұмысын, әріптес қыздарын сағыныпты. Оның үстіне ипотека мен тұрмыстық кредиттер де жағадан алып, күнкөріс жайы былай… қиындап бара жатқан. Тал қармаған соңғы дәлелімді айттым – қазір ақпан, үскірік аяз, қар сөгіліп, жер аяғы кеңіген сәуірде апарайық, деп ем, оған да жауабы тас−түйін дайын – орнына келген есепші қыз да бұның жолын қуып, декретке кетіп барады екен, орны бос. Сөйтіп, алды−артымды орап, буып−түйіп тастады. Омалып отырып, күңкілдеп көндік, ақыры. Әгәрәки құрылыс компаниясында қарапайым инженер − менің тапқан−таянғаным молынан жетсе, жұбайымның жұмысқа шығып несі бар. Сонымен, танауыма су жетпей жүрген маған қосымша жұмыс табылып, көңілім пәс тартып қалған.

Ақылыңнан айналайын көреген шешесі күні бұрын бәрімен келісіп қойыпты. Балабақша күзде ашылған, Ғарыш… Космическая көшесінде. Бұрын «Шығыс ақпарат» болды ғой, дәл сол, екі қабатты ғимарат. Жүзімбаев… Виноградов көшесінен шығамыз да, лып етіп кез келген автобусқа отырып, екі аялдамадан кейін сап етіп түсе сап, жетіп бармақпыз.

Әлимәні екі жақтап, алдап−сулап көндірдік. Өзің құралпас… өзің сияқты балалармен ойнайсың, мультик көресіңдер, билейсіңдер, тағысын−тағы… Ерке қызымның көзі жыпылық−жыпылық. Түсініп отырған жоқ. “Әте”, дейді. Әке, дегені. “Сен менімен білге баласың ба?” «Р»−ға тілі келмейді. Жоға, деймін, күнім−ау, мен сені апарып тастап, ары қарай жұмысқа кетемін ғой. Онда балмаймын, дейді. Жалма−жан қулықты қостық. Сен барып келсең, кешке мәгәзінге барамыз, пицца алып берем, балмұздақ алып берем. Ана жолы бутиктен көрген, жылтыраған қызыл көйлек есіңде ме? Соны алып беремін. Әлимә елең ете қалды. Көйлек десе жаны қалмайды. Үсті−үстіне төпелей түстік. Қашан ұйқың келеді, сол кезде ұйықтайсың. Мамасы мүлдем ұрыспайды. Иә ғой, мамасы? Мамасы басын изейді. Иә, алтыным, мүлдем ұрыспаймын, көтеніңнен мәқ−мәқ демеймін. Онда балам, деді Әлимә. Барсаң болды, құлыншақ, қадамыңа гүл бітсін, деп қойдық.

Таңертең ертерек оятқанда, ұйқысын қимай қыңқылдап, бармаймын, деп әлексалды. Әне, ерте жатқызайын десем, тиіспе дейсің, деп шешесі маған ренжіп, екеуміз бір қырылысып алдық. Қоймай жүріп кешегіні есіне түсіріп, алып шықтым. Біз барғанша сағат тоғызға тақап қалыпты. Кешігіп қала жаздаппыз.

Тәрбиеші мен ойлағандай қатал емес, ұяң, сүйкімді, аққұба қыз екен. Жиырмадан сәл асқан тәрізді, жүзінен мейірім төгіліп тұр. Қобалжып келген көңілім орнығып, разы болдым. Ал, бара ғой, дедім Әлимәға, апайыңның айтқанын тыңда, тентек болма, әкесінің қызында ақыл деген бес қап деп, айналып−толғанып, кешке келемдеп екі көзінен алма−кезек сүйіп, кетіп қалдым.

Содан жұмыс бойы қызымды ойлап, есім шықты. Үйде отырғанда көп ойлай бермейсің ғой. Шешесінің әлпешінен басқаны көрмеген ерке қызым, оның үстіне жалғыз өскен, бейтаныс балаларға жұғымы жоқ тентек қызым бақырып шу шығармаса болғаны деп, ішкен−жегенім ірің болды. Жұмыстан ертерек шығып, құстай ұшып жетсем, шынымен, солай болған екен − екі−үш рет көзінің жасын көлдетіп, шыңғырып ән салыпты − шешесіне тартар ма еді. Тәрбиеші жымиып қарсы алды. Уайымдамаңыз, өстіп−өстіп үйреніп кетеді, балалардың бәрі сол ғой, деген. Бұл маған жаққан жоқ.

Кешкісін шағын мәслихат үстінде өрістеген дау тағы да шешесінің пайдасына шешілді. Сол сөз, баяғы лепес. Оның үстіне жаңасы қосылып кетпесін, үдетіп алып жүрмейік деп, шыбындаған аттай бас шұлғып қана отырдық. Шашы да, ақылы да ұзын екенін мойындадық. Расында да, жұмысқа шықса, кредиттерден құтылар едік, ипотеканы орталар едік, тіпті, жазда шетелге шығып келер мүмкіндік болар еді. Қызыңның көз жасы жаныңа батқанмен, қарыз одан сайын батады екен.

Ертеңінде Әлимәнің үйреншікті қарсылығына қарамай алып шықтым. Күн аяз болғандықтан, такси шақырып, мініп алдық. Әте, балмай−ақ қояйықшы, дейді Әлимә. Жылағаннан қайыр жоғын біліп алған, жалына қарайды. Көңілім босап, жүрегім еріп кетті. Енді не істейміз? Ана мәгәзінге балайық, і−і, маған киім қалайық. Сосын? Сосын ана мәгәзінге балайық, маған шәкәләд алып бел. Сосын? Сосын ана жолы балған секілетін нәлсеге балайық. Сосын?Сосын үйге жәяу қайтайық. Мамаңа не дейміз? Балып келдік дейміз.

Таксист – орта жастағы қара торы әйел еді, екеуміздің сөзімізді тыңдап отырып, сыңқылдап күліп алды. “Сендер нағыз шпионсыңдар ғой”, деген. Екеуміз қосыла күлдік.

Балабақша көрінгенде Әлимәдан дегбір кетті. “Әте, айттым ғой, әте, балмай−ақ қояйықшы”, деп қолымнан тартқылай береді. Екеуміз көліктен түстік. Мамасына хабарластым. “Кірмейді”, дедім. “Ой, бар болғыр, – деді мамасы. – Қайтыңдар онда”. Қайтып келген соң, екеуміздің бағымызға орай, түк деген жоқ. Соны пайдаланып, зып етіп жұмысқа қашып кеттім.

Содан не керек, Әлимәні балабақшаға сүйреу шешесі екеуміздің әдетімізге айналды. Менімен барса, кіргісі келмейді. Мамасымен барса, кіреді. Мен сылтауратып, жұмысқа ерте кетіп қалам. Мамасы да кейде жұмысқа кешігіп барады. Соған қарағанда, балабақшаға кірмей есін шығаратын сияқты.

Сөйтіп жүріп Әлимә үйренді. Автобуста, я таксиде тіземде қалғып−шұлғып отырады. Жыламайды, жайдары бала екен, деп тәрбиеші мәз. Оған біз мәз. Әне, айттым ғой, дейді шешесі, неге үйренбейді екен. Ыржыңдап отырып ақылына тағы да бас ұрып қойдық.

Бір күні кештетіп балабақшаға жетіп келсем, Әлимәм ерекше көңілді көрінді. Қолында пластилиннен жасалған бірдеңесі бар. Соны маған көрсетіп, езуі құлағына жетіп мәз. “Бұл не?” десем, “Құлагел, – дейді. – Елнұл белді”. Аттан көрі итке ұқсайды. Неге Құлагер? Өйткені, і−і, ол тез жүгілген. Ешкім жете алмаған. Елнұл айтты, мен де сондай боламын деді.

Таңырқап, айтар сөз таба алмай, басымды шайқадым. Ал Әлимә оған мән берген жоқ. Есіл−дерті – Құлагерде. Қайта−қайта айналдырып қарай береді. Үйге жеткенше қолынан шығарған жоқ. Тамақты да атын қолына ұстап отырып ішті. Түнде қолына қысып ұйықтап жатты.

Ертеңінде тағы сол.

Арғы күні тағы сол.

Ақыры күмәндана бастадым. Әлгіден қызғанып та кеттім. Қызғаныш пен күмәнді тәрбиеші қыз растады. Сөйтсем, Ернұр деген қарадомалақ бар екен. Балпанақтай өзі. Екі−үш қыз, оның ішінде Әлимә да бар, Ернұрды жақсы көреді екен. Ернұр да Әлимәмен ойнап жүреді екен. Қалт етсе, қасынан табылады дейді. Анау атты да өзі мыжып жасап, Әлимәға беріпті. Соны көрген ана екі қыз екі жақта жатып жылап, балабақшаны басына көтеріпті. Аңтарылып қалсам керек. Өзіміз қыздардың шашын тартқылап жылатып жүргенге мәз болушы едік, мыналарың қу-ей, шетінен…

Бірде кешке келсем, Әлимәмның өңі сынық. Не болды? Елнұл ауылып қалды. Ана жолы да ауылған. Өтілік ауыла беледі. Шынымен ауырып қалған шығар? Мен жүлм ғой, ауылмай. Сен де ауырдың ғой анада. Мен ауылды екен деп, ол да ауылу келек па?

Ал, не істейсің. Күліп−күліп қойдым. Екі−үш күн өткен соң, алып кетейін деп келсем, тәрбиеші қыз мені күтіп тұр екен. Әлимә менен күнде Ернұрды сұрап жүр, ауырып жатыр десем, тықақтап қоймайды, деді. Оған шындықты айтқам жоқ, Ернұрдың жүрегінде кінәрат бар екен, ота жасауға Астанаға алып кетіпті, енді мұнда келмейді. Мұзды ойыққа батып шыққандай қалтырап кеттім. Алда, байғұс бала−ай, ота шипа болсын, тезірек жазылсын, дедім қамығып. Сіз де Әлимәға айтпай−ақ қойыңыз, біраз уақыт өткенде өзі де ұмытып кетеді, деді қыз. Жақсы, дедім, айтып нем бар.

Арада бір апта өтер−өтпесте Әлимә тәрбиешіден сұрағанын қойыпты. Әлде ұялды, әлде енді келмесін сезді. Мүмкін, ұмытты. Бірақ түпсанасы мен жүрегінде қалғаныа нық. Әзірге.

Құлагерді үйден таба алмадым. Әлимә ойнап жүріп, балабақшада жоғалтқан шығар, деп ойладым.

Ал бізде ештеңе өзгерген жоқ. Сәуір туған. Күнде таңертең ұйқылы−ояу Әлимәні көтеріп балабақшаға апарамын, кешке екеуіміз былдырлай сөйлесіп үйге қайтып бара жатамыз.

Кейде ойнап жүрген Әлимәнің бал-бұл жайнаған жүзіне қарасам, Ернұр да бір жерде құлдыраңдап шауып жүргендей көрінетіні бар. Бала жүрегі бірдеңеніс езеді-ау, сірә?

Шығыс Қазақстан облысы

Жаңалықтармен бөлісу