Мамандардың айтуынша, бұл қауіпті вирус саналады. Жыл сайын елде 600 әйел көз жұмады. Оның әзірге емі жоқ. Алдын алудың жалғыз амалы – екпе алу.
Қостанай облысында қыркүйек айында облыста 11 жастағы қыздарға Адам папилломавирусына (АПВ) қарсы вакцинация басталды. Сонымен қатар ата-аналардың өтінішін ескере отырып, 12 жастан 14 жасқа дейінгі қыздарға вакцинация жүргізіліп жатыр.
“Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы жасты ұсынды, өйткені бұл жас кезеңінде вакцинация ең тиімді саналады, соның арқасында ең тұрақты иммунитет те осы жас шамасында қалыптасады. Егер жыныстық қатынас басталғанға дейін жасалса, вакцинация тиімді болып есептеледі. Тағы бір айта кетеріміз, Адам папилломавирусына қарсы вакцинация Ұлттық егу күнтізбесіне енгізілді және тұрақты негізде жүргізіледі. Вакцина егу кабинеттері ата-аналар мен қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімі арқылы тегін негізде қолжетімді болады”, – дейді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ермұханбет Дәулетбаев.
Білікті маманның мәліметін жүгінсек, Адам папилломавирусы дегеніміз – шырышты қабаттар мен теріге әсер ететін вирустардың ең көп таралған топтарының бірі. Бұл вирус аса қауіпті саналады. Себебі ол дене жасушаларының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін. Онкологиядағы жатыр мойны обырының негізгі себебі де Адам папилломавирусы болып саналады.
“Жыл сайын Қазақстанда жатыр мойны обырына 1900-ге жуық адам шалдығады және жыл сайын осы аурудан 600 әйел көз жұмады. Бүгінгі таңда Адам папилломавирусының емі жоқ, алдын алудың жалғыз әдісі – вакцина алу. Вакцинацияның арқасында жатыр мойны обырын жоюға болады. Осы уақытқа дейін жүргізілген ғылыми зерттеулердің негізінде Адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның ұрықтануға, жүктілікке немесе іштегі нәрестеге әсер етпейтіні анықталды. Қалған инфекцияларға қарсы вакцинация Үкіметтің №612 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес жүргізіледі.”, – дейді Е.Дәулетбаев.
Бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті екпе шаралары мынадай 13 инфекцияға қарсы жүргізіледі: туберкулез, В вирустық гепатиті, полиомиелит, сіреспе, гемофильді инфекция, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, эпидемиялық паротит, пневмококкты инфекция, А вирустық гепатиті және Адам папилломавирусы.
Фото: gov.kz