Қостанай қалалық балалар шығармашылық үйінде «Алтынай» халықтық–үлгілі би ансамблінің құрылғанына 20 жыл толуына арналған «Ұлы мұра» атты мерекелік кеші өтті.
Әлемдік байқауларда ел намысын қорғап, үнемі жүлделі орындардан көрініп жүретін өнер ұжымының шыққан биігі, алған асулары аз емес. Бұған дейін де халықаралық хореография додаларында шетелдіктерден басым түсіп, жүлделі орындарды иемденген болатын. Бір ғана дәлел, алдағы маусым айында мың бұралған өнерпаздарымыз Өзбекстан астанасына үлкен конкурсқа аттанбақшы. Сәттілік серік болғай дейміз!
Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 15 бала ғана болды, қазір олардың саны 350-ден асып жығылады. Қазір репертуарында алпысқа жуық би мен би қойылымдары бар. «Қарлығаш», «Водопад», «Гномики», «Малайзия», «Жайдарман», «Хорезм», «Тундра», «Армян биі», «Үкілi домбыра», «Осетинская хонга», «Гүл шуағы», «Аққу-арай», «Томирис», «Кербез қыз», түрлі ұлттардың туындылары, сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі «Күншуақ», «Звездный танец», «Танцевальная волна», «Тәңір күбірі», «Volnafest Sochi» шығармалары талай байқауларда бәйге бермей жүр.
Аншлагқа толы кеште жаңа туындылар да көрермен назарына ұсынылды. Сәт сайын бейне роликтерден ансамбльдің тарихы, жеткен жетістігі көрсетіліп тұр. Меймандар мен ата-аналар тілектерін білдірді. Шәкірттермен қатар, ата-аналар да өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілін көтеріп тастағанын айта кету керек.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ