Абылай МАУДАНОВ. Сатиралық әңгімелер

Абылай МАУДАНОВ. Сатиралық әңгімелер

Сақалды құрылыстың «сайтандары»

«Жол екі айрылса, бұралқы иттің басы қатады». Тантық Жантықовтыңәділдіктен үміт үзіп, «аспан жаққа» көзін сүзіп, жан баласына сене алмай, бір шешімге келе алмай, әңкі-тәңкі күйге түскеніне де біраз жылдың жүзі болған еді.  Бірақ та бұл кісі көрінген көшке еретін қайқы құйрық күшік емес, білдей бір компанияның басшысы. Басының қататыны да сол – бас тықпайтын жерге басын тығып, бастық болғандықтан. Бұл күнде өзін сүйреп тұрып директор ғып кеткен «піріне» сыртынан айтпайтын қарғысы жоқ. Қарғайтыны, басшы болғалы алған алғысы жоқ. Қазір төбесінен тоқпақ кетпей жүр. Төбесін көрінде тоқпақтағырлар, мұны не ақтап кетпей жүр, не істі бір жайлы ғып соттап кетпей жүр. Тантықтың алдында екі таңдау ғана тәрізді. Бірі – сот, бірі – от (оқ). Күйініп, күйреп жүрген, төпілиін көзімен сүртіп, әрең сүйреп жүрген күндер еді.

Кенет…

Осы жерден сәл тізгін тартып, таныстыра кетейік.Тантекең ұстаған қалағына, ұрттаған арағына мәз қатардағы көп құрылысшының бірі еді. Жақсы жері – басқалардан аз ұрлайтын, жаман жері – басы бір «ауырса» жарты айсыз жазылмайтын. Сайтан алғыр СодырСойқанов, қай «қасиетін» ұнатқанын итім білсін (дәу де болса иі жұмсақтығын ескерген болар), соңғы жылдары мұны жиі иектей бастады. Сойқанов жиі иектеген сайын, Тантықты жын иектей бастады.

Әуелі делебесін қоздырып прораб қылды. Бұл прораб болысымен онсыз даоңбай тұрған құрылыс, мүлдем тұралап тынды. Жұрт мұны көр де тұр «сотталады», немесе орнынан түсіп, «охрана» боп қалады» деді. Алайда, Содыр Сойқанов елдің бәрін таң қылды. Көп өтпей өзіне әуелі «зам», содан соң орынтағын тегін тастап, «сам» қылды. Арқадан қағып төрін, түйенің табанындай мөрін берді.

  • «Саспа, «басбухың» – бажам, орынбасарың – құдам. Оң қолың – ұлым, сол қолың – қызым. Көмекшің күйеу балам болады, қиналғанда сүйеу, панаң болады. Солардың айтқанымен жүре бер, «күл»десе – күле бер, «үр» десе – үре бер, «түс» десе – түсе бер, «мін»десе – міне бер. Сонда айың оңыңнан, жұлдызың соңыннан туады» – деген еді қалыңдығы екі қарыс құжаттарға қол қойдырып тұрып.

Осылайша Тантық Жантықұлыатауы ағылшынша бір компанияның директоры боп шікірейіп шыға келді. Бар бәле содан кейін басталды.

Сойқановтың кезінде салынып жатқан нысанның «мұрты» бар еді. Жантықов келгесін сақал шықты. «Содырға ерген сорлайды, оған ерген оңбайды» деген мақал шықты. Сонымен не керек, тендерден «шоталы» оталып келген қаржыдан ұлы ұрлапты, қызы «жырлапты», күйеу – сүйеу емес, күйе бопты, бажа мен құда да біраз мүлікке «ие» бопты. Қолында бардың бәрі қарпып қалыпты, соңында сорлап Жантық қалыпты.

Тексеріс те тексеріс, бұлтарайын десе, бар жауапкершілік құжат бойынша мұның мойнында. Оның сыртында жұмыскерлер жалақысын сұрайды, үлескерлер ұлардай шулайды. Тантық не бұ дүниенің сотына барарын, не о дүниенің тозақ отына барарын білмей, асылып өлуге асығып, жарық күннен үміті кесіліпбіткен-ді.

Қашанғы тығылады, қаша беруден де қажып, қауқиып тұрған құрылыстың тоғызыншы қабатынан қарғып кетуге бекінді. Көз жұмар алдында әлеуметтік желіде бар шындықты жариялап, «арты былықтардың» «артын ашуға» шешім қабылдады. Телефонын қоса бергені сол еді бейтаныс нөмірдің қоңырауыбезілдеп қоя берді.

  • Алло, бұл «SodyrSoiqan»holding»директоры Тантық Жантықұлы ма? Марапатыныз құтты болсын, – деді жылан түгілі, кобраның жүрегін жібітердей жылы дауыс өзін таныстырып жатып.
  • Қа-қа-қаааайдааағы ма-ма-мааарапааат? – деді түк түсінбесе де, күпті көңілі күрт еріген Жантық кекештеніп.
  • Сізге және сіздін компаниянын 20 адамына медаль бар! Сүйінші, ағай, – деп сызылды сиқыр қыз шолжаңдап.
  • Мазақ қылып тұрсың ба, қайдағы медаль? – деп мәңгірді Тантық.
  • Сенбейсіз бе, + 40 құрылысшыға «алғыс хат».
  • «Алғыс хатты» атасының басына ала ма?
  • Туу, ағай, серьезно айтам.
  • Сонда… Бұл не деген батпан құйрық?
  • Енді директор емессіз бе?Значить, сол үшін аласыз…
  • Директор болғанда… не ғой, мен «сақалды құрылыстын» директорымын ғой. Ынғайсыз емес пе? – деді Тантықта тілін қалай бұрап қойғанын аңғармай.
  • Біздін қоғам да «сақалды құрылыс» сияқты ғой. Басқалардын да қатырып жатқаны шамалы. Бірақ барлық директорлар алып жатыр, –деді хатшы қыз да қалыспай.
  • Мен директор болғанда не қарық қылдым? Құрылысты күйреттірдім, өзім де күйреп тұрмын. Сенген жұртты құрдымға сүйреп тындым, – деп зарлай бастаған Тантықты хатшы қыз тыйып тастады:
  • Тфу, ағай, басты қатырманызшы. Сүйретесін бе, күйретесін бе, болмаса билетесін бе, этоваше проблема. Бізге «тағасын!» деді ме, тағамыз. Сізге «аласын!» деді ме, – аласыз! Қазір тізімін жіберем, ертенге дейін толтырып қойыныз. Сенбі күні салтанатты марапаттау! Министр өзі келеді. Такчто, екі сағат ерте барып тұрасындар! Біле жүрініз ағай, қазір әрбір қазақстандыққа төрт медальден келеді. Кейбір «семіздер» сегізден тағып жатыр. Ал, сіздер, сонғы екі жылда бір де бір медаль алмапсыздар. Бұл не сұмдық!

Үзіліп қалған байланыс Жантықты жарық жалғанмен қайта жалғап кеткендей болды. Сол сәтте оның санасына «құрылыстың құрдымға кетіп жатқаны марапаттың мардымсыздығынан емес пе екен?» деген сайтан ой сап ете қалды. Жарықтық, Содыр Сойқан мырза айына алты медаль, жылына он орден алушы еді…

Тантық өзін кемесі апатқа ұшырап, кездейсоқ аман қалғанРобинзонКрузодай сезінді. «Аралға шыққан сияқтымын, шүкір» – деді де, етегінің шағын қағып, баспалдақ бойлай төмен жүгірді.

Сандығының түбінен сары костюмін тауып алған ол, сенбі күні сәске түсте болатын жиынға таңғы сегізде барып тұрды.

Көпшілік алдында министр ТантықЖантықұлының кеудесіне «Қазақстан құрылысын дамытуға қосқан зор үлесі үшін» медалінтақты. Оған қоса «Құрметті құрылысшы» атағы берілді. Ал, айлығын ала алмағаны үшін арыз жазған ең белсенді бригадирлерге «Екпінді еңбегі үшін» төсбелгісі таратылды. Момындарының салбыраған ұрты «алғыс хатпен» «ұрылды».

Сол күні сақалды құрылыстың ауласында ұлыжіңгір той болып жатты. Алау-далау от жағып, палау пісірген, кәуәп шыжғырған, «ән салып» шыңғырған құрылысшылардың қуанышында шек жоқ, ербең-ербең етеді. Сыртынан қарағанда сақалды құрылыстың ауласында сайтандар билеп жүргендей елестейді. Ішімдікті іші кепкенше ішіп, беттерін былшылдата сүйген олардан бақытты адам табу қиын сияқты. Үздіксіз тост көтерген марапат иелері,төстері жарқ-жұрқ етіп, «SodyrSoiqan»holding» компаниясының негізін қалаушы Содыр Сойқановтың денсаулығы үшін ішуді де ұмытпады!

 

Дүниені дүрк еткізер «Дресс код!»

 

Кеспірі кеткен, кенезесі кепкен бес-алты-жеті жігіт, суға құлаған киіктей «Кеңірдек» кафесінде кешкісін, бір мезгілде бас қосты. Түнде ғана беттерін түкірікпен «тазалап», таласып тараған олар, бүгін түк болмағандай жарасып амандасты. Әсіресе, бір-бірлерін зарықтырмай, тарықтырмай дер уақытында жиналғандарына айрықша разы болысты.  Сағаттарына қарап санаса, алқынып босағадан алғаш аттағаны мен сүйретіліп соңғы кіргенінің арасы жиырма жеті-ақ минут екен.  Шатқаяқтап орнынан тұрып, саптаяқтары сарт-сұрт соғысқан олардың дауыстары, әуелдегідей барқылдап емес, саңқылдап, қарқылдап шыға бастады.

  • Бұл не деген нақтылық! – деп даурықты достар.– Уәделескен уақытта тура келе қалдық!
  • Ағылшын сағатының дәлдігі садаға кетсін!
  • Механикада мұндай бола алмас!
  • Жер бетінде біздей тәртіпті жұрт жоқ.
  • Қазақ құлшынса алынбайтын қамал бар ма!
  • Әттең соны әлем білмейді, амал бар ма!
  • Намысқа тырысса, біздің жанымызда немісің жіп есе алмайды.
  • Жапоның жолда қалады!
  • Ертең Мырқымбайдың тойына да дәл осылай кешікпей баралық! Көрсін жұрт біздің екенімізді!

Бастары сынып келген құрдастар, өңештен үш-төрт саптаяқ өткен соң,Бабылдың мұнарасын салып жатқан құрылысшылардай бір-бірін түсінуі қиындап, төбелестің оты тұтанары білінді. Астам көңілмен одан әрі аспандаған олар, тақырып тойға қарай ойысқанда ғана ортақ мәмілеге келді.

  • Кезінде бабаларымыз ас пен тойда жүз қара үй тіктіріп, жорғамен табақ таратқан! – деді тарихты айтпаса өңешінен жарты грамм өтпейтін өгіздей біреуі өңкілдеп.
  • Бабаңды былай қоя тұр. Қазіргілер одан кем бе, ресторанның ішінде лимизунмен тамақ тасытып жүр емес пе! – деп қостай кетті қасындағы, кетік тісін көрсете кеңкілдей күліп, – өткенде біреу мейрамхана тірі ат кіргізді.
  • Тірі атың не, тәйірі. Тойдың төріне тайраңдатып түйені әкелдірген жоқ па? – деді қасқа бас біреуі шатақ іздегендей шақырая қарап.
  • Қалай десең де, тойында екі тонна торт жасатқан басқа халықты білмеймін! – деп бөсе түсті қызара бөрткен беті шиқандайы.
  • Тікұшақпен төбеден ақша төккен де өзіміздің баскесер бандиттер! – деп кеудесін соғып қойды түйенің жарты етіндей етжеңді жігіт.
  • Қай жұрттың жігіті той үстінде стриптиз жасата алды? – деп көзін қысқанжылмаң қара жігіттің жоқ мұрты жыбырлап, жұтқыншағы қыбырлап кетті.
  • БіздікілерДубайдыдүрілдеткенде, дүние жүзінің миллиардерлерінің дымы шықпай қалады екен! – деп желпінді және бірі. – Жер бетінің жұлдыздарын жиі шақыратын да Қазақстан-мыс!
  • Жұлдыздарды елге шақыруды былай қойып, Алаштың атақтыларын Түркияға апарып тойлаттық емес пе! – деп қомпылдады шеткері отырған қоңдылауы. – Мұнан асқан мәрттік болар ма!
  • Оны айтасың алматылықтар Алланы да алдыртыпты ғой, – деді алақ-жұлақ еткен жұқалтақ бірі «бұған не дейсіңдер?» дегендей.
  • Астапыралла!
  • Оттама!
  • Аузыңа абай бол!

Рүмкелестер біреу балғамен басынан ұрғандай бір сәт дағдарып, үрпиіп, үндей алмай қалды.

  • Халал тойға шығар? – деді әлден уақытта бірі күмәнданып.
  • Қайдағы халал той! Кәдімгі той, – деді жұқалтақ жымың-жымың етіп. –Алла дегенде, Пугачеваны айтам!

Дастархан басы дүрк етіп, даурыққанкүлкіден төбенің шамы дірілдеді.

  • Кәне, сол үшін көтеріп қоялық!
  • Беу!
  • Нар азаматтар аман болсын!
  • Қазақтың тойы бітпесін!

Саптыаяқтар қайтадан қара тасқа тиген қайладай шақырлады! Қызып қалған құрдастардың бірі караокені қосып, барылдап ән айтуға талпынды. Ол өзі бұлардың ішінде өнерге бейімділеуі, білімге зейінділеуі еді.

– «Караоке» «қара, оқы» деген қазақтың сөзінен шыққан!» – деді ол көзі ақшиып, қушиған басы қақшиып. Тыңдармандар еден тепкілеп есірді.

Қушық бас бұрандалы қуыршақтай билей жөнелді:

«Қазақ болып тумағанда не етер ем,

Қонақжайлық жайын білмей өтер ем.

Дақпырт үшін дабыра ғып, той жасап,

Банктерге қарыз болмай кетер ем!

 

Мен қазақпын, мен жасайтын той ғажап,

«Қор болмаймын» ғылым қуып, ой қажап.

Аттыға еріп таңы айрылар жаяудың,

Жұрттан қалмай жыртылуды қой, қазақ, – деп екі қолы маймылша ербеңдеп, қайырмасын құйқылжыта берді. Тыңдап отырғандар қостамақ түгілі жылан көргендей жиырыла қалды.

«Жылай беріп қайтесің. Одан да шетелді мойындатып жатқанымыз жайлы айт!», – деп шүйлікті олар. «Өнерпазға» да керегі осы екен, өңі құбылып, өзгеше сайрады:

«Тойың тойға ұлассын,

Демейді ешкім тырашсың.

Орын алып «отельден»

Құда тапқынжат елден, туысқандар-ай, – деп бір қайырып, өзінің тілімен айтқанда «айырып» тастады.

«Тағы, тағы», – деді отырғандар. Әнші аянып қалмай, көмейінен лирикалық әндерді лықсытты.

«Дубайды аңсап өтеді көктем, өтер күз,

Тойламай мына өмірде басқа не етерміз?

ИлонМасктің жүзеге асса мақсаты,

Марста тойды жасайтын күнге жетерміз!

«Беу!», «Жаса», «Әумин» – деп лепірген топтың жарқын үні оның келесі шумақтарын естіртпей тастады. Есесіне: «Несі бар, жасасақ жасаймыз!», «Масктың да қазаққа қатысы бар болуы мүмкін…», «Марс та қазақтың жері!», «Илонға күніміз түспейді, өзіміздің «Байқоңырымыз» бар емес пе?!» – деп керілдегенкөңілді дауыстар «Кеңірдектен» асып, келесі көшеге жетіп жатты.

  • Ай, осы біз мұнда Мырқымбайдың тойына дайындықты пысықтауға келдік қой, – деді біреуі түн ортасынан ауғанда. – Өткенде бір жарымағырдың қуанышына жарымес қатындар қапшыққа салып қаз апарыпты. Ай, бетімнен отым шықты. «Қаз қуған немелер»қазақтың атына кір келтіргенін ұқпады-ау, ұқпады. Біз ондай сорлы емеспіз! Барлығымызды, нарлығымызды көрсетейік!

«Кеңірдектің» ішін кеу-кеулеген дауыстар кернеп, даудың басы «дресскод» мәселесіне тірелді.

  • Жә, сыйлық жағына бас қатырмай-ақ қоялық. Қара су ішіп, қарыз алсақ та, өзімізге не әкелді, соны апарамыз. Ең бастысы, «дресскодты» қайтеміз? Қалай да олай таңғалдыруымыз керек!
  • Кәдімгі костюм-шалбар ше?
  • Баяғыда сәннен қалған.
  • Спорт киімі қалай болар екен?
  • Былтыр Балпықтың тойына солай барғанбыз.
  • Үйде шапаннан көп неме жоқ. Ұлттық киіммен барсақ?
  • Тантықтың немересінің сүндет тойында сөйткенбіз.
  • Еркектер әйелше, әйелдер еркекше киінсе ше?
  • Жақында ғана Жантықтың жұбайының туған күнінде жұртты солай таңғалдырдық.
  • Жыртық джинси қалай болар екен?
  • Ол ит қырылған жылғы мода! Оның үстінде Қарпықтың қатыны қырық беске толғанда, ит талағандай жалбырап жүргеніміз кеше ғана емес пе!
  • Моншаға түсетін халатпен барсақ қалай?
  • Туған күнін саунада тойлаған Сарқытқа сөз келтіреміз.

Соңғы тиындарына алған сыраларын саптыаяқты сығып тұрып ішкен достар, салы суға кетіп отырып қалды. Дені сау дресс код табылмай, шақшадай бастары шарадай болды.

  • Онда бәрі құрсын, жалаңаш барайық, – деді әбден басы қатқан біреуі. – Бұл қазақты басқаша таңғалдыра алмаймыз! Тойды тарихта қалдырудың төте жолы сол!
  • Аузы жеңілдер«жабайы тайпаларға еліктеді» деп сөз қылады. Біз әлемде жоқ дүние ойлап табуымыз керек!
  • Жұртты жырқ-жырқ күлгізіп, жамбасымызға көзін сүзгізіп, жыртық дамбалмен барайық. Міне, «дресскодтың» көкесі!

Не істерін білмей діңкесі құрып отырған достар «Эврика!» деп есі шыға айқай салды. Шаттанғандары сондай, ойланбастан шалбарларын шешіп тастады.

Бұл экономикалық жағынан да тиімді шешім еді. Өйткені, мұндай «дресскодты» сатып алып қажет емес, бәрінде бар екен.

«Не болса да дүние жүзін дүрк еткізер дрескод ойлап таптық» – деп әдеттегідей жұдырықтарын түйіп емес, беттерін сүйіп тарасты достар.

Бірақ олардың бір де бірі Мырқымбайдың тойына ет дастарханы біте бергенде бір-ақ баратынын білген жоқ.

Қостанай қаласы

Жаңалықтармен бөлісу