(әңгіме)
-Құдайды қалай елестетесің? – дедім шылымымды тұтып ап.
– Құдай әкең сияқты, меніңше.
-Иә? – дедім сұраулы жүзбен.
-Қиналған кезде көмегін күтесің. Ол да көмектесетін сияқты. Тіреу барына сенесің.
– Маған бәрі айтып жүрген Құдай бізде шаруасы шамалы сияқты. Өзінің басқа шаруалары бар, содан қолы тимей жүреді-ау, – дедім мысқылдай. Ал әр ісіңді аңдып жүретін құдай бар ғой тағы. Ол адамның ішінде отырады.
– Ол қалай?
– Ойланшы өзің: сенің кім туралы не ойлағаның, не сезім кешкенің, қандай ниетің барын, жан баласы білмейтін күнәлар болса, оны тек өзің білесің ғой. Оның бәрі Құдайға аян дейді. Онда Құдай өзің болып тұр ғой. Барлық күнәларыңды қабылдайтын да, кешетін де өзің.
– Құдайды әке дейтінім мынада. Адамды Құдай жаратты дейміз. Бізді кім жаратады? Әкеміз ғой. Бізді қолдап, жеткен жетістігімізге қуанады. Үлкен дүниелер күтеді. Сенімін ақтайтынына сенеді. Сен жақсы болсын деп, шыңдалсын деп сынайды.
– Ол да мүмкін. Байқасаң, өзі сорлының Құдайы да сорлы. Құдай адамның ішінде дегенім – сол. Ақыл-ойы шектеулі адамның Құдайы туралы ойы да сондай болады. Өткенде қызметтес жігітпен әңгіме айтып отырғанбыз ғой…
– Мен түсіндім сені, досым. Әрі қарай түсініктеме керек емес.
– Сенің деңгейіңді кейде ұмытып кетем. Айып етпе. Айналаң басқа болса – осы.
– Сол күй бәрімізге. Кімге барып шағынасың!
– Сен Құдайдың барын сезінесің бе? Мына дүние тектен тек тұрған жоқ қой.
– Иә, бір құдіреттің бары анық қой. Сезіну туралы ойламаппын. Мен, сірә, түйсінем-ау. Кейбір дүниелерге уақыт өте келе қарасам, Құдайдың қарасқанынан болды-ау деп топшылаймын. Құдайдың ісі екенін түйсінемін.
– Мен қазір сезінбейтін сияқтымын. Сен сықылды түйсіну бар деп ойлаймын. Адам Құдайға бала кезінде жақынырақ болатын сияқты. Бала кезімде сезінетінмін.
– Иә, бала кезде Құдайдан көп тілеуші едік қой. Ренжитінмін көп Құдайға. Сұрадым ғой, “неге бермейсің?” деп. Ренжіп жүргеніміз де сол жақын тұтқанымыздан шығар. Әрдайым қасымда болатын сияқты еді.
– Менің өмірден өткен әжем мен Құдай бір-біріне жақын болды. Екеуінен қатар сұрайтынмын. Әжем мінсіз болатын. Бәрін білетіндей көрінетін. Құдай сияқты. Сол екеуінің арасын қашан ажыратып алдым екен деп ойлаймын осы күні…
– Мынау бір шылыммен біте қалатын әңгіме емес секілді ғой.
– Жүр, мына жердегі аллеяға барып отырайық.
Екеуіміз жарты шақырымдай жердегі аллеяға қарай аяңдадық. Әрнені әңгімеге талғажау етіп келеміз. Бірақ қашан Құдай мен әжемнің арасын ажыратып алдым деген сұрақ ойымнан кетпей келеді. Екеуін арасы ажыраған күн – Құдайдан да алшақтаған күнім емес пе екен деген ой мазамды қашырды. Қашан? Қашан?
Ақыры сұрақтың жауабын таба алмаған күйде аллеяға да жеткенімізді байқамай қалдым. Ойымды орындықта отырған жасы алпысқа кеп қалған кісі бұзды. Жан-жағына байыппен қарайды. Асықпайды. Асығыс әрлі-берлі жүгірген, асыққан, телефонмен сөйлесіп әлденені талқылап, жауап беріп жатқан адамдардың арасында көзге ерекшеленіп тұрды әлгі кісі. Ал жарты сағаттан кейін түскі үзілісіс бітетін көріп отырған мен қарадай ашуым келді.
– Осы еркіндік дегенді қалай түсінесің? Адам толықтай еркін бола ала ма?
– Еркіндіктің түрі көп қой. Дұрысы: еркіндігің шектейтін. Жұмыс, әлеуметтік норма, рухани деген сияқты.
– Еркіндік – таңдау тәуелсізділігіңнің болуы десек, біз осы жұмысты таңдадық дейік. Бірақ осы таңдау еркіндігімізді шектейді. Мысалы, менің бүгін кешке дейін сенімен пәлсапа соққым келеді. Алайда отыз минуттан кейін жұмысымда болуым керек. Яғни, мен еркін емеспін. Таңдай алмаймын. Жә, бұны уақыт тұрғысынан дей салайық. Анау отырған кісіде бұл еркіндік барға ұқсайды,- дедім әлгіндегі кісіні көрсетіп. – Қазір сенімен Римге барғым келеді. Тағы бара алмаймыз. Не шектейтінін тағы біліп отырсың.
– Иә, еркіндік жоқ қой. Мысалы, әлеуметтік нормалар бар. Оны тағы бұза алмайсың. Бұл да шектеу. Сонда еркіндік деген ұғымның да бос болғаны ғой. Онда бұл сөзді неге ойлап тапқан адамзат?
– Еркіндік деген ұғымның өзі шартты тәрізді. Адамзат бәрібір шектеулер мен шарттардың аясында өмір сүреді. Бізге дейін солай болған. Бізден кейін де солай болмақ.
– Иә, еркінмін деген сөздің бәрі – бос алдау сияқты.
– Өз еркіңнің бостандығы үшін өмір кешем десең де, бәрібір шарттарды қабылдайсың, шектеулерге бағынасың. Адамзаттың қолы жетпеген дүниесінің бірі – осы еркіндік болар.
– Адамның әмірі жүрмейтін нәрсе дейсің ғой?!
– Иә, адамның әмірі жүрмейтін тағы бір нәрсе – тағдыр деп ойлаймын.
– Тағдырға адамның өзі қожа демейтін бе еді?
– Қожа болатын тұсы бар шығар… Бірақ мына нәрсеге назар аударып көрші. Гений болуың үшін ойлауың өзгеше болуы керек. Ойлауың өзгеше болу үшін сондай тәрбие алуың керек. Тәрбиені кім береді? Өскен ортаң. Әрі-беріден соң ұлтың мықты, мемлекетің дұрыс саясат жүргізу керек. Енді сен бір қор ұлттың нәсілі болып туалсаң, тағдырыңа қалай иелік етесің. Егер сен жөйіт боп туылғанда басқаша болар ме едің?!
– Оның рас. Сонда қазақ болып туылғаның – тағдырдың талқысы ма?
– Біз соңында бәрі немен бітетін білмейміз. Қазақ болу – тағдырдың талқысы емес, сыйы шығар. Бұл жерде адамның тағдыр алдында дәрменсіздігін айтқым келген.
– Түсінікті.
– Қазіргі біздің кешкен күйіміз, сезіміміз, түйсігіміз бен қалауымыз бізге дейін жер бетіне келіп-кеткен сан мыңдаған ата-бабамыздың болмысынан еш айырмасы жоқ. Мен осындай ойға келдім. Заман басқа, тағысын тағы дейміз. Бірақ нәрсе өзгермейді. Ол адамның болмысы. Оның сезімдері мен қалауы. Адамзат қашанда еркіндікке құмар болған. Бірақ қолы жетпеді. Жетпейді де. Қай заманда да зұлымдық болған. Жақсы көрген. Біз кешкен сезімдерді кешкен. Бізден кейін де солай бола бермек.
Ол үнсіз қалды.
– Уақыт боп қапты. Мен жұмысқа қарай аяңдайын.
Сол жерде қоштасып, жұмысыма қарай кеттім. Жолда жалақы түскені туралы хабарлама келді. Алғашқы ойым: екі-үш күнде келіншегімді ертіп баланы ойнататын жерге барып, мейрамханадан бір тамақ ішіп алып үлгеру керек. Кейін ақша ауыспай қалады.
Ақтөбе облысы