Абай ОРАЗ. Түкірігіңді тый

Абай ОРАЗ. Түкірігіңді тый

(қаз-қалпы)

 

Естіген құлақта жазық жоқ…

Жауын жаумай су болып жүретін Жапырақкүл жүн сабап отырған бойда түлен түрткендей:

– Түкіріктің керек жері болады екен-ау! Тіфу! – деп екі алақанын бірдей дымқылдап, ыштанының ышқырынан төмен қарай ысқылай жөнелді. Жабысқан жүн-жұрқа, қоқыр-соқырдың бәрі алақанға магнитше жабысты да қалды.

Жеті атадан жаңылыспасақ, Базарбайдың бесінші баласы, бөспе Бөрікбайдың інісі, Бұланбайдың бұла өскен Бақтаймасы бастық болыпты деген дерек дедектеп осы Жапсарбайдың Жапырақкүліне бірінші жетті.

– Тіфу! – деп түкіріп жіберді. Онысы күйінгеннен бе, сүйінгеннен бе, өгіздей әйелдің өзіне аян.

Хабар атаулы жерде жата ма, жақын-жуыққа, дос-жаранға, сәйгел тиген сиырдай көше-көшені қуалап, құйрығын шаншып алып ауыл-ауылға тарады.

Қолдан ұзатылған қыздай қылып қалаға жібергені кеше ғана. Бақ қонам десе әп сәтте екен-ау. О, тоба! Үй іші айран-асыр тойға қамданып, бәйбішелер бәйек, келін-кепшік пыш-пыш әңгімемен әлек. «Қараторым», «Алақұйын», «Бақатай» деп ерке-шолжаң қайныға қойылған аттың бәрі әдірем қалып, «Бастық бала», «Бақтаймас мырза» сынды сіп-сібежи табу сөздер сап түзеп тұра қалды.

Құлын қуып қырда жүрсе де құлағы түрік жүретін, көп пәлені біліп жүретін, миығынан күліп жүретін Бұланбайдың құдай қосқан көршісі Қожырбектің толықсыған Майбілегі осыны естігенде есеңгіреп, аузы аңқиып аңтарылып қалыпты:

– Кері кеткеннің сақалы кеңірдегіне бітеді деген! Үйбәй, бастық болған неңді алған? Құйрығы қажалып, жамбасы тесілгенше көк есекке мініп жүрген боқмұрын еді. Ине жұтып иттей имеңдеген немеге бақ қайдан келіп қонды екен, ә?! Саспа, бәлем…

Осыны айтты да, есік алдында асық ойнап асыр салып жүрген қара ала-торы ала екі-үш баласын шақырып алып:

– Асығыңмен қараң қалғыр көк түйнек! Бас деген соң бас үйге. Ыбырсыған кепені жөнге келтіріңдер. Асығың алшысынан күнде түсе бермейді. Бақтаймас көршілерің келе жатыр. Шаниып жатып алмай шай қамдап отыралық! Сәлем беріп, сауабын алайық, – деп, балаларын арс етіп қауып ала жаздап әрең тоқтады.

Ит кемірген асықтай жастық-көрпесін икемге келтіріп, енесі – Күлбадан кемпірден тәбәрікке қалған сары сандықты ашып кеп жіберді. Сары майдай сақтап жүрген сарқыт-саптыаяғы сыңсып-ақ тұр екен. Толқығаннан ба, әлде балқығаннан ба, шалқығаннан ба белгісіз, ыңылдап, енесі еске түскендей, жоқтау айтқан адамның сарынына басып ызыңдап, артынша ыңыранып көңілсіздеу нотада бірауыз ән айтылды:

Үйге барсаң сандық бар,

Сандық ішін аңдып бар

Енем тыққан қалдықтар –

Ел көрмеген жабдық бар!

Осы уақытқа дейін көз жанары қап-қара түнек болған зағип жанның соқыр көзіне ғайыптан тайып дауа біткендей аң-таң қалыпта, сілейіп, дымы құрып тұрды да қалды.

Қызыл-жасыл дүние қатын-қалашты естен тандырмай қоймайды екен ғой. Енесі ертеректе бір-екі рет түгендеп, күйе жеп қойған боқташақтарды бір ретке келтірген-ді. Майбілектің бір ысып, бір суып, мазасызданып, масаттанған қалыпта сары сандықты ашып тұрған беті осы. Бақтаймас бұл үйге бас сұға қалса иығына бір шапан жауып ырза қылмақ. Онысы – бақаесеп. Көршісі бар болғыр креслодан-креслоға көшіп, көтеріліп кетіп, бір жердің құлағын ұстап отырса бізді де ұмытпай жүрсе дегені. Екі-үш қара домалағы да ер жетіп қалды.

Есік пен төрдей болған бұл сандықта әбілхаяттың суынан басқаның бәрі бар. Ересейден сатып алынған қымбат-қымбат сақина, білезік, алқа, шашбауды былай қойғанда… қалы кілем, жабы кілем, түкті кілем, құтты кілем, ою кілем, қою кілем, тықыр кілем, қысыр кілем, сарқыт кілем, барқыт кілем – бәрі-бәрі қырқымнан шыққан қойдың тықыр жүніндей үйіліп жатыр.

Көз жасын бір сығып алды да, осы маған жарап қалады деген ишарада қонышы ұзындау бір күрең етікті алып шығып, аяғын сұғып көрді де,  «Қолың беліңе жетпегір, сонша қуықтай қылып тіккенін қарашы» деп, бағзыда өмір сүрген байғұс етікшіні әкеден бір қайырып алды.

Етікпен ерегісіп жатқанда күлге аунаған тауықтай тарғыл танау баласы есіктен ентіге кіріп келді де:

– Қаладан мәшине келді! – деді бір жеңімен мұрнын үйкеп, сатал-сатал бетін одан әрі айғыздап.

Ұрлығының үстінен түскендей шешесінің зәре-құты қашты.

– Тіфу! Сүйінші сұрап тұрсың ба? Жап есікті! Шығам қазір, көрге кіріп кеткем жоқ!

– Сумаңдаған тіліңді тістеп, түкірігіңді тый! – деп қонжита салды қара дию Қожырбек мұның саңқылдаған даусын естіп.

Майбілектің тілі ащы. Мақалдап сөйлегенде маңқаңды жия алмай қаласың. Бұл үйге шалқайып кіргендер еңкейіп шығып жатады. Қожырбектен ғана ығады, қожайынға қошақандай көрінгенмен, ауыл-аймақты қожыратып жіберуге бір Майбілек жетеді. Қарына бір қыдырма шапанды ілді де, етігін шойнаң-шойнаң, ерінін шайнаң-шайнаң еткізіп Бұланбайдікіне бұрылды.

Бақтаймас босағаға бошалап кеткен боз інгендей біраз уақыт жеке дара, саяқ жүріп енді қосылып отыр. Бұ жолы жалқы емес. Әрине, сіз ойлағандай келінмен келіп отырған жоқ. Жанында өзінен бөлек үшеу бар. Біріншісі – шимайбет шопыры, екіншісі – егде тартқан салпы ерін есепшісі, үшіншісі – бұзаубас етік киген көмекшісымағы.

Бұланбайдың басқа күндері бұрқ-сарқ қайнайтын қазаны осы күні жүрісінен жаңылған аттай мимырттап, алыс-жақыннан келгендердің асқазаны азалы ән шырқағанын пысқырған да жоқ, көп күттіріп, көбікке көзі түскендерді күпті ғып,  қазанның егесі олақ-салақтау екенін ұқтырып, ошақтағы отты озаңдатып-ойбайлатып барып ортаға қойылды. Тоқсаны жиылып тоқты жыққан екен. Төбе құйқасынан тобығына дейін түгел асыпты. Салғаннан жапа-тармағай жиылғандар жабыла жалап-жұқтап тауысты. Ошақ бұтына кіріп-шыққан көсеудей ұзын қолдар етке тигенде итке де ермек қылуға сүйек қалдырмады. «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген ғой ұлы ақын. Тауып айтқан. Алыстан Бақтаймас бала келмек түгілі Ақтайлақ баба келсе де қарайын деп тұрған ел жоқ. Тілін тісіне қажап «ық-пық» деп отырғандар аз-кем есінеп-құсынап, бір-бір сіріңке шиын істіктей етіп тісін шұқуға кірісті. Қақ ортада қылқиған қырық бөтелке мөлдіреп тұр.

Бұланбай бір асым етін бұлдағандай болып, «мыңқиып неге отырсың» деген билігін биік өкше қатынына өткізе алмай бұрқылдады.

Бұл тойдың шылбыр-тізгінін Бақтаймастың шешесі –Тынышкүлге жеті атадан қосылатын жамағайыны Төсқұлдың жиеншары Есқұлдың егеубас інісі Қошқұл алыпты.

Осы ауылдағы өлім-жітімді өзіне өкімет берген жұмыс есебінде санап, жаны шыққанды жаназалайтын да Қошекең. Атқа мінсе де, аста жүрсе де бір жаман әдеті көзді жұмып алып, лепіреді, түкірігін шашып сөйлейді. Әнәукүні Өмірбай ақсақалдың жетпіс жылдығында тоқтамай толғап, желдей есіп тұрып, «Уа, жамағат, кімде-кім көзі тірісінде кемпірін сабаса…» дей беріп еді, жанында тұрған қыңыр шалдың бірі таяғымен түртіп, бұған тұрған жерінің той екенін ұқтырды. Даукыментте «Умирбай Байкошкаров» деп мөр басылған екен. Бұл сұмдық та бүлк етпестен тірі жүрген Өмірбайды Умербай етіп жаназалап жіберді. Көзі боталап Өмекеңнің кемпірі жылайын деп тұрып, шатынап кетті де шыбықпен шықпыртып жіберді. Ит-ай, сөйлеудің жөні осы екен деп, ауызды көжедей қайнату керек пе еді?

Бұл тойда да Қошекең ысқырып-пысқырып алып, қошемет сұрасты да, шиқан үстіне қотыр шыққандай қылып ұйқасы келсін-келмесін жан-жақтан жиып-тергенін ортаға төкті. Пәленбайдың баласы, түгенбайдың данасы…. көздің ақ пен қарасы…. ауыл мен қала арасы…. Ошақтағы оттай маздады. Ойқастады. Ортаға шығып отырыстың сәнін-дәмін келтіру осы екен деп, қызды-қыздымен қырға да, ойға да шапқылады:

Дүние жылдан-жылға өзгеріп тұр,

Бар ғажап жаңалықты көз көріп тұр.

Қай жерде мейлі қандай той болса да,

Бұл Қошқұл микрофонмен сөз беріп тұр! – деп делебесі қозған ақындай баяғы шал-шауқаннан жеткен қара өлеңді өзінің ыңғайына келтіріп ап соқты.

– Ән салайық! Шаршамайық! Қол соғайық!

Қошкең әннен де қара жаяу болмай шықты. Шәмшінің шедевр «Ақ бантигі», «Арыс жағасында», «Сыған серенадасы», «Туған күн кешіндесі» әуелеп, аспан көгінде қалықтап біраз тұрды. Тума талант Тұманбайдың «Құстар қайтып барадысы», дүйім жұрттың аузынан бір елі түспейтін «Дударай» дуылдады.  Біржан салдың «Жонып алдысы» жон арқаны бір шымырлатып, Ақан серінің «Сырымбеті» сырласқан, шуласқан, мұңдасқан ағайынды бір күрсінтіп, бір серпілтті. Әп-әдемі ән басталып еді, соңғы жағы сиырқұйымшақтанып, жоқтауға ұласып кетті. Сен жақсысың десең, айылын жимайды өңшең желбуаз иттер. Талай кісіні ұятқа қалдыра жаздады. Ауыздық бермей кетті. Алқақотан ел самарқау ғана алақан соқты. Қошекең қырылдап-сырылдап алып:

– Той сіздікі! Той біздікі! Алғашқы тостты Бақтаймасты баптап өсірген, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай мәпелеп баққан, арқасынан қаққан, қадамын аңдап-аңдап басқан Тынышкүл тәтемізге береміз, – деп, әкесінің тракторындай ажылдап-ажылдап барып әрең тоқтады.

– Бақтаймастың әкесі жоқ па еді?!

– Бұланбайдың бұғып отырғаны несі?

Жан-жақтан қау-қаулаған дабыра сөз, ду-ду әңгіме Бұланбайдың басына әңгіртаяқ ойнатты. Сөз деген өлтіреді екен ғой кімді болса да. Сөзге сараң Бұлекеңнің қоңыз мұрты жыбырлап, аузы томпаң-томпаң етіп сыртқа тұра шапты. Қарға бойлы қатыны:

– Елге сыймаған жерге де сыймайды! – деп қойып қалды.

Биікті бағындырған адамдай, бір жетістірдім-ау деген. Көзін бір ашып, бір жұмды.

Төрде отырғаны бар, жерде отырғаны бар – ақ көз, тас көз, бадырақ көз, қыли көз, ақи көз, сықси көз, ала көз, қызыл көз, қой көз, жылан көз, жаутаң көз, тостақ көз – бәрі шарасынан шықты. Онсыз да шығайын деп тұрған көз еді.Қошқұлдың қышқыл сөзі, Тынышкүлдің тұздай көзі одан әрі қашайтып жіберді. Отырғандар сойыл тигендей сопиды да қалды. Қолапайсызды қойнына алса, көрпеден аяғы шығып жатар деген осы шығар?

Бұланбай бұған бұлқынған да жоқ, жұлқынған да жоқ. Тұқымында жоқ дүниені ол байғұс қайдан табады? Сөзге жұтаң, ел алдына шыға қалса абыржып, қымбат затын жоғалтып алған баладай қарадан-қарап қысылып, ұшынып, түкіріп…. быды-быды деп ықылық атып қалады. Қырыққа келсе де ырыққа көнбеген мұнысын қайда көмбек? Сөз сөйле десе ине шаншып алғандай-ақ шегірткеше ыршып кеткені сол. Ол сыртта қазан-ошақтың жанында жүре берсе болғаны. Тірі мылқаудың қатарына баласы – Бақтаймасты да қосса болады.

Үйленген соң ерлі-зайыпты бір-бірінен жақсыны да, жаманды да  жұқтырады екен. Құдай қосқан қосағы Тынышкүл бейшараға да осы Бұланбайдың тілі байланып, тұтқырланып, кекештеніп, түйе құсап түкіріп сөйлейтіні жұққан сынды. Онысын бүгін байқады.

– Бақанай балам! Бастық болдың. Бәріміз қуандық. Жыладық. Көңіл босады. Ендігі тілек – қ-а-т-ы-н ал! Қ—қ–қ–ұ—т–т—ы—ы бо-с-ын! –деп колодкысы желінген көліктің тормозындай шиқылдап тоқтады.

Орта толтыра отырғандар қарқ-қарқ, тарқ-тарқ күлісті. «Қатын» дегенді айтқанда тілі икемге зорға келді. Бақтаймастың басы екеу боп, осында келе қалса құдды бір мұны үйден түріп шығардай-ақ шошынды.

Тынышкүл тойға келген туыс-туған, көрші-қолаң, құда-жегжаттан конверт күтіп еді. Тышқақ лақ әкелген адам табылмады. Көрші қатын Майбілек сөз алып:

– Құдай қосқан құрметті һәм ғиззәтлі көршім Бақанай, ой, кешіріңіздер, Бақтаймас мырза! Сіз келеді деп арнайы шапан пішіп қойып едім. Соны ыстық ықыласпен тарту етем! – деп, кермаралдай керілді.

Көк иненің көтін түртпейтін келіншектің өтірік-шыны араласып, көп ішінде бір марқайып-ақ қалды. Қасына ерткен баласын еппен ортаға алдырып, Бақтаймасқа бұрыла қарап:

– Бақтаймас шырағым, дәм-тұзымыз жарасып жақсы тұрдық. Құдай қосқан көршіміз. Мына балаға сенің жолыңды берсін, аузына түкіріп берші деді.

– Тіфу! Тіфу! Тіфу!

– Түкіріктің де керек жері болады екен-ау! – деп тыжырынды тауы шағылған Жапырақкүл жарбиып алып.

Той да таусылуға тәмам секілді. Біреу тұрып сөйледі, біліп сөйледі, күліп сөйледі, үріп сөйледі, іштен тынып сөйледі, жеңін түріп сөйледі, мойнын бұрып сөйледі… түкірік таусылмайды екен-ау. Біраз үнсіздіктен соң бұл ауылдың адамы түгіл, итіне таңсық тақырып басталды да кетті.

Қырық бірінші жылдың қытымыр қысынан жұрнаққа қалғандай жұпыны ауылдың жұмырбасты пендесі жиылып, мәжіліс құратын, мәміле қылатын мекені біреу десек – Бұланбайдікі. Бақтаймастың бастық деген аты бар, жанына ерген қолшоқпарлары саясаттан соқты. Қаңқиған қаладағы шенді-шекпенді, шенеунікті жіпке тізіп, арғысы – Ленинді лепіріп, одан бергісі – жуанмойын Жироновскийдің жаназасын шығарып тастады. Көпірген езулер, саясат сорпасының майын қалқыған сұмдықтар қызды-қыздымен атағы айға жеткен, артынан аңыз ерген деп өзі білсе, өзге білмейтін Ахметов, Аяпбергенов, Арынғазин, Айтпаев, Артықбаев, Қыртымбаев, Сыртымбаевтардың ішкен-жегенін жұртқа жария етті. Айта берсе алты айшылық жолға жүк болатын атау-ақпарлар, қиюы қашқан есеп-қисап, беталды-бәтуасыз әңгімелер кепеден – көшеге, көшеден – ауылға, ауылдан – ауданға жетті.

Осы уақытқа дейін иегі қышыған шалдар иін тіресіп, иық тірестіріп есіне түскенде апыл-ғұпыл екі-үш бас намазын оқып, екі алақанын қағып-сілкіп, біте сала қолын ышқырына жүгіртіп, ойын картасын ортаға тастап, әрі-беріден соң «шай-шайға» басатын шалдардың шатыршасы болған Бұлекеңнің қушиған, қуықтай екі-үш бөлмесі әп сәтте ақ үйге айналды.

Бұл үйдің көрмеген қорлығы жоқ. Ана бір жылы аудан орталығынан «баскесер» пірәдарлар келіп, орналасқан жері ойда екен, мал санағын осында жазып-сызамыз дегенде шалбарына сүрініп-қабынып шұбырған шалдар бой бермеді.

Өткен жылда Есқадырдың есалаң сиыры сүйкеніп кеткенде бір жақ қабырғасы ойылып, онда да осы шалдар шуласып жүріп «киелі» кепесенің жыртығын жамасқан. Кебісін тарп-тарп басқан кемпір-сампырда да ес жоқ. Ілдалда болған қора-қопсыға қойын кіргізе алмай жүріп, жұрт сиырын сотқа тартып әлек.

Бөтелкенің бөксесін сипап отырған Бақтаймасқа тіл бітті. Бұланбайда жоқ әдетке басып бұлбұлша сайрады. Қайыру бермеді. Ұрынарға қара таппай, қасытарға жара таппай отырғандар арасында айқас басталды. Сапырма сөз, көпірме сөз, лепірме сөз, суайт сөз, боқ сөз, көп сөз қотысты – түнемелік іші түкірік болды, ысылдай-ысылдай ықылық болды. Ығай мен сығай дегеніңіз – осы. Түк таппасаң түкірік жарыстыр!

– Ыр-дыр! Ыр-дыр! Дыр-дыр!

Бастық болған Бақтаймастың басы дауға қалды. Ағайын-туғаны, ауыл иттері үріп-үріп опа таппайтынын біліп, орнынан тұрды, білегін түрді, бұл істі бітіруге бекінді, қылаяғы шешінді. Еркек арасы ерегес, соңы төбелес болды. Той той емес, топалаңы шықты. Соқыр қотырды келеке етті. Жыртық ауыз тыртық ауызға күлді. Аузын буған бұзаудай Бұланбай ғана мыңқ етпеді.

-Тіфу! Түріңді ұрайын!

Көп ұзамай қызыл қалпақ істің бәрін тінтті. Бақтаймастың басқа қонған бағы соры болды. Соқа басы сопиды да қалды. Елге қарар бет жоқ!

– Тіфу! Түкірігіңді тый!

Ұлытау облысы

Жаңалықтармен бөлісу