«Абай күні» айшықталды

«Абай күні» айшықталды

Арқалықта «Абай күнін» мерекелеу аясында «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты қоғамдық дәріс тыңдалды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 5 тамыздағы Қаулысына сәйкес 10 тамыз «Абай күні» деп белгіленіп, содан бері бұл күн елімізде рухани мерекеге айналып келеді.

 Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақтың біртуар ұлы тұлғасы хақында: «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» деп айтқан болатын.

Абай (Ибраһим) Құнанбаев (1845 – 1904) ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор.

«Қазақтың ұлы тұлғасы Абай мұрасын ел арасында кеңінен насихаттап, дәріптеп, арнайы қоғамдық дәріс өткізіп жатырмыз. Біздің басты ұстанымымыз – Ұлт руханиятын жаңғырту, құндылықтарды насихаттау, «Кітап-AMANAT» жобасы аясында Ұлы Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасының мәнін жан-жақты ашып көрсету. Абайдың қазақтың рухани кеңістігіндегі алар үлесін жас ұрпақтың зердесіне сіңіру», – дейді қалалық «Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Жазира Смағұлова.

Қоғамдық дәріс барысында: №2 облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың басшысы Сәуле Алматова, қалалық «Ішкі саясат бөлімі» Жастар ресурстық орталығының психологі Шұға Айтмағанбет, «АМАНАТ» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет «Абай әлемі» жайлы ой-толғамдарын ортаға салып, танымал өнерпаздар, әнші – Олжас Қапан, күйші – Ерлан Шәкіров ән-күйден шашу шашты.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген автор

 

                                                                                                                  Арқалық қаласы

Жаңалықтармен бөлісу