Лисаков – облыстағы ең бір табысты өңірдің бірі. Мұнда соңғы жылдары көптеген ауқымды жоба қолға алынып, елдің игілігіне берілді. Шаһардың экономикалық-әлеуметтік даму қуаты тегеурінді. Шағын және орта кәсіпкерлік ілгерілей түскен. Жыл сайын инвестиция көлемі артып келеді. Бір сөзбен айтқанда, қалада қордаланған мәселе жоқтың қасы. Халықтың әл-ауқатын арттыруда қолға алынған жұмыстар төңірегінде Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраев толығырақ тоқталды.
– Абай Сәрсенбайұлы, сіз Лисаков қаласына басшы болғалы үш жылдай өтіпті. Қала тізгінін қолға алғанда ең бірінші қандай мәселе алдан шықты?
– Мұнда бұрын-соңды күрделі мәселе туындап көрген емес. Қазір де солай. Жағдай тұрақты. Тиісті жұмыстар орындалып жатыр деп батыл айта аламын. Негізі, қала тұрғындары үшін не қажет? Баспана, оның жылылығы, сапалы ауыз су, көше жолдары. Мұның бәрін біз кезең-кезеңмен шешіп жатырмыз. Су, кәріз құбырларын ауыстырып, бұрынғы тозығы жеткендерінің орнына төрт жүздік үлкен құбырлар орнаттық. Мәселен, Жоғары Тобыл көшесінің бойындағы кәріз жүйесі көп жылдан бері ауыстырылмаған еді. Ол жартылай бітеліп қалған. Жаңасын салғаннан кейін бұл мәселе толық шешілмек. Құбыр демекші, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де ешқандай іркіліс жоқ. Жыл сайын жаңа жобаларды іске асырып жатырмыз. Осы уақытқа дейін бірқатар құбырларды жаңасына ауыстырып, жөндеу қажет еткен магистральдарды тегіс күрделі жөндеуден өткіздік. Биыл бірінші көтерілімді қолға алдық. Ол алдағы қараша айында толық аяқталады. Сондай-ақ, қаланың қақ ортасында тағы бір үлкен жобаны бастадық. Оған 360 млн теңге бөлінді. Қала іргесіндегі Октябрь кентінде де су құбыры тартылып жатыр. Қысқасы, қалада ауыз суға қатысты ешқандай проблема жоқ. Сосын су тазартатын қондырғы орнатып қойдық. Жиырма екі жылдан бері ауыстырылмаған еді. Қазір хлордың орнына суды залалсыздандыратын рикомин тәрізді химикаттар қосылады. Су қоймада тазартылып барып, халыққа беріледі. Мұндай Лисаковтан басқа өзге қалаларда жоқ. Бұл қондырғы екі жылдан бері жұмыс істеп тұр. Біз үшін халықтың денсаулығы маңызды.
– Қала басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету. Мәселені шешу тетіктерін бөліссеңіз…
– Жалпы, қалада бүгінгі таңда 570 адам үй кезегінде тұр. Бұл көп емес. Біз олардың сұранысын кезең-кезеңмен өтеп отырамыз. Мәселен, өткен жылы 105 пәтерлі тоғыз қабатты үй салдық. Оны тұрғын үй кезегінде тұрған жетім, көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға бердік. Бұдан бөлек, қаламыздың Құрметті азаматы Ғалым Садықов ағамыз «Мирас» медицина орталығының бір бөлігін тегін берді. Оны он екі пәтерлік тұрғын үйге айналдырып, дәрігерлерді, мұғалімдерді қоныстандырдық. Биыл ондай үлкен құрылыс жұмыстары қолға алынған жоқ. Дегенмен, қол қусырып қарап отыра алмадық. Өздеріңізге белгілі, тағы бір әкімшілік ғимараттың бөлігін жаңғыртып, «ине-жіптен өткен» 21 пәтерді мемлекеттік қызметкерлерге, дәрігерлерге, мұғалімдерге, құқық қорғау органдарының мамандарына қызметтік пәтер ретінде бердік. Енді жыл аяғына дейін үй кезегінде тұрған жетім балалар мен көп балалы отбасыларға 19 пәтердің кілтін тапсырамыз. Қолымызда 60 пәтерлі бес қабатты үйдің жобасы бар. Егер қаржы көзі табылса, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Мұның сыртында бізде тағы бір бос әкімшілік ғимараты тұр. Оны ең алдымен сараптамадан өткіземіз. Сосын барып жобалық-құндық құжаттарын әзірлеп, қаржы бөлеміз. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге байқау жарияламақпыз. Бұл енді келесі жылдың еншісіне тиеді. Онда кемі 25 пәтер болады деп жоспарлап отырмыз. Қаламызда «Тонус» деген профилакторий бар. Ол тоқсаныншы жылдары жекенің қолына «су тегінге» өтіп кеткен. Кейін қолдан-қолға көшкен. Қазіргі иелері ғимаратты кәдеге жаратқан жоқ, өздері Астанада тұрады. Біз олармен он шақты рет кездесіп, сатып алып, жөндейік дедік. Сатқысы келеді. Бірақ, олар ұсынған баға нысанды сатып алғысы келетіндерді қанағаттандырмай отыр.
– Қалада маман тапшылығы бар ма?
– Бұл мәселе, жалғыз бізге ғана емес, барлық өңірге тән нәрсе. Дегенмен, ол да кейінгі кезде оңтайлы шешіліп жатыр. Жыл сайын мемлекеттік бағдарламалар арқылы, өз қалауымен көшіп келіп жатқандар бар. Биылдың өзінде қалалық аурухана бірнеше дәрігермен толықты. Білім ошақтарына да жас мамандар келіп жатыр. Көшіп келушілердің арасында көп балалы отбасылар бар. Олардың мектеп жасына дейінгі балалары қазақ балабақшасына барғысы келеді. Сондықтан, жаңа топтар ашып жатырмыз. Биыл Лисаковтағы А. Құнанбайұлы атындағы №3-ші мектепте қала тарихында алғаш рет екі 1-ші қазақ сыныбын аштық. Яғни, қазақ сыныптарына сұраныс бар. Келешекте мемлекеттік тілде білім алғысы келетін балғындардың қатары көбейе түсетініне үлкен сенім бар.
– Дәл қазір қала басшылығының алдында қандай өткір мәселе тұр?
– Бізде өткір тұрған мәселе жоқ. Әрине, үй мәселесі бұрын да болған, бола да береді. Басқасы өз кезегімен жүзеге асып жатыр деп ойлаймын. Биыл екі көшенің жолын жөндедік. Ұзындығы төрт шақырымға созылған Жоғарғы Тобыл көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір жағажайға кіреберістегі 400 метрге жол төсеп жатырмыз. Демалыс орнында талапқа сай арнайы көлік тұрағы болады. Негізі, бұл екі жылдық жоба. Амандық болса, келесі жылы аяқтаймыз. Жобаға қала бюджетінен 61 млн теңге қаржы жұмсалды. Осылайша, бұрынғы ескі жағажай қазір адам танығысыз кейіпке енді.
– Сіздер тұрғындармен жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түресіздер. Сондай жағдайда халықтың сұрайтыны не?
– Көп жағдайда үй сұрайды. Баспаналарын жөндеуге көмектесуімізді өтінеді. Көбісінің шатырынан су ағады. Қазір осындай жиырма шақты үй кезекте тұр. Биыл алғаш рет бюджет есебіненүй төбелерін жөндеуді қолға алдық. Тозығы жеткен шиферлерді черепицаға ауыстырдық. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Жергілікті Мәдениет үйін жөндеуден өткізбекпіз. Бұл өзі екі жылдық жоба. Байқауды өткіздік. Сосынғы бір ауқымды жұмыс, ол үй маңындағы көлік тұрақтарын да қалыпқа келтірмекпіз. Бұған дейін шағынаудандардағы көлік тұрақтары өте тығыз болатын. Машиналарға орын жетпейді. Солардың аумағын кеңейтеміз. Былтыр 13 мың шаршы метр тұрақты ретке келтірсек, биыл оның көлемін 15 мың шаршы метрге арттырдық.Тұрғындарға ұнағаны сол, бізге де осындай жасап беріңіздер деп сұрайды.
Әлібек ЫБЫРАЙ